Аймақтар • 02 Қараша, 2019

Батыс Қазақстанда ірі мал бордақылау кешені ашылды

1001 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданы Талдыапан ауылдық округіне қарасты Қайшақұдық ауылында жалпы құны 2,5 млрд теңге құрайтын мал бордақылау кешені іске қосылды. Елімізге белгілі «Ет индустриясы» ЖШС қолға алған мамандандырылған мал бордақылау кешенінде биылдың өзінде бір мезгілде 5 мың басқа дейін ірі қара бағылмақ.

 

Батыс Қазақстанда ірі мал бордақылау кешені ашылды

Кешеннің өндіріс технологиясы тірі салмағы 200-250 келі тартатын бұқашықтарды сатып алып, одан әрі 9-10 ай ішінде 500-550 келі салмаққа дейін семіртуге негізделген. Бордақыға байланған малға азық тарату жұмысы толық автоматтандырылған. Кешен 45 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

- Өткен жылдың желтоқсан айында облыстық инвесторлық кеңесінде мал бордақылауға арналған мамандандырылған ашық алаң салу туралы жоба бекітілген болатын. Бір жылға жетпейтін уақыт аралығында «Астық индустриясы» агрохолдингінің құрылымдық бөлімшесі «Ет индустриясы» серіктестігі кешен құрылысын сапалы аяқтап, пайдалануға беріп отыр. Бұл кешен өңір экономикасына зор үлесін қосып қана қоймай, жергілікті тұрғындарына жаңа жұмыс орнын да ашты. Қазіргі 5 мың бас – бұл бірінші кезеңі ғана. Кешен толық қуатымен жұмыс істегенде 20 мың басқа дейін мал бордақыланатын болады, - деді кешеннің ашылу салтанатына арнайы келген өңір басшысы Ғали Есқалиев.

«Ет индустриясы» ЖШС агрохолдингінің бас акционері Мұқан Найымбетов «алдағы уақытта агрохолдинг қосымша 7,5 млрд теңге қаражатты инвестициялау және мал бордақылау алаңының қуаттылығын 20 мың ірі қара малына жеткізуді көздеп отырғанын» айтады. Бұл – осы компания қолға алған Қостанай облысындағы кешеннен кейінгі екінші ірі орталық. 

Өңірдегі ет өндірісінің қуатын еселеп арттыратын жаңа жобаның ашылу салтанатынан кейін ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде бау-бақша дақылдары, көкөністер қолжетімді баға да сатылып, ауыл шаруашылығы саласында елеулі еңбек етіп жүрген қызметкерлер марапатқа ие болды.

 

Батыс Қазақстан