Аймақтар • 03 Қараша, 2019

Көкшетауда өрттен қорғайтын қондырғылар орнатылуда

578 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жылу беру маусымы басталғанына көп уақыт өтпей облыста екі адамның иіс тиіп уланған оқиғасы орын алды. 83 мәрте өрт оқиғасы болып, тұрғындар  2,5 миллион теңге зиян шекті.  

Көкшетауда өрттен қорғайтын қондырғылар орнатылуда

Мамандардың айтуына қарағанда, тілсіз жаудың құрбандарының саны өткен жылдармен салыстырғанда біршама азайған. Әйтсе де, қауіптің алдын алып, сақ болған ләзім. Таяуда  департамент қызметкерлері арнайы рейд жүргізіп, жер үйлерде тұратын тұрғындардың шаңырақтарына  улы газдан қорғайтын  арнайы қондырғылар орнатты. 

Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің мамандары Застанционный елді мекеніндегі әлеуметтің жағынан аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларға барды. Олардың көбі қауіпсіздік ережелерін мұқият сақтай алмайды. Оған тұрмыстық тауқымет себеп. Кейде салғырттық та орын алады. Департамент мамандары сақтық шаралары жөнінде түсіндіріп айтып, арнайы қондырғылар орнатып берді. Үйден күйік немесе түтін иісі шыға қалса, қондырғы бірден дабыл қағады. 

–Биылғы жылу беру маусымы басталғалы Көкшетау қаласында 280-нен астам үйге осындай қондырғы орнаттық. Облыс бойынша 800-ге жеткіздік. Осы бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда,– дейді Ақмола облысы төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің басқарма бастығы Денис Шелкоплясов.

Қауіпсіздік шаралары әлі де жалғасатын болады. Жаратқанның өзі «сақтансаң, сақтаймын» деген. 

 

Көкшетау қаласы