Қоғам • 04 Қараша, 2019

Той мәдениеті

861 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақтың «Ауру батпандап кіріп, мыс­қалдап шығады» деген мәтелі көбіне рухани жүдеу­лік пен азапты дертке ұшырап, ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрден қол үзген, халықтық қалыппен қабыспайтын сиықсыз әрі сорақы жаңа салттардан көпшілікті сақтандыру мақсатында айтылып жатады. Бұл дерт ең алдымен жас ұрпақтың тамырын кеміріп, тауын шағатын құртқа, ал бүкіл ұлт үшін үлкен сорға айналды. Бүгінгі әңгімеміз – ұлттық тәрбиенің бесігі сана­латын, ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасасып келе жатқан той мәдениеті төңірегіндегі түйткілдер жайында болмақ.

Той мәдениеті

Кей тойларда ұнамсыз мынадай бір жағ­дай белең алып барады. Тойға жиналған қауым жаңа түскен келіннің беташарында арнау айтқан әншінің алдына қойылған табақ­қа ақша  тастайды. Келін есімі аталған кісілерге иіліп сәлем салып біткенше әлгі тегештің беті теңгеге лықси толып, алыс-жақын ағайын «қане, бұл додада кімнің аты бәйгеден оза шауып келер екен?» дегендей бірімен-бірі бәсекелесіп, бәсі түсіп қалмаудың қарекетіне көшеді. Сөйтіп бе­ташарыңыз, қазақы дәстүріңіз қызыл-жа­сыл ақшаның көлеңкесінде көміліп қала береді. Қазақ халқының салтында жоқ осы бір ұнамсыз жайт  жаңа отау құрып жат­қан жас­тарға не өнеге береді?! Әрине әнші-жыршыға үй иесі тарапынан құрмет, лайық­ты сый-сияпат көрсетілмесін демейміз, көр­се­тілсін, бірақ  бұлай емес, оның өз орны, өз рәсімі бар.

Қазақ қашанда той – қазына, береке-бірліктің бастауы деп айтып жатады.  Той­ханалар мен мейрамханаларға бас сұқсаңыз, күніге той. Еліміз экономикалық дағдарысты бастан кешіп жатыр дейміз, бірақ қалада да, ауылда да сол жағдай. Екі жыл бұрын бір Шымкенттің өзінде 400-ге жуық тойхана, 70-тен аса продюсерлік орталық, 300-ге жуық асаба бар деп естіп, таң-тамаша қал­ғанымыз бар еді. Қазір көбеймесе, азай­мағаны анық. Қарызданып, қауғаланса да қазақтың тойы өтіп жатыр. Несие беруші бюро­ның мәліметіне сүйенсек, қарызы барлардан гөрі қарызы жоқ қазақтың санын есептеу жеңілдеу болатын тәрізді. Атақты асаба немесе әжептәуір абыройға жетіп, кө­рінгеннің қолына түсе бермейтін эстрада жұлдыздарын шақыру да қазақ үшін бәсекенің бір түріне айналды. Күпініп, атағын шығару мақсатында той жасау – екі жастың болашақ бұтағын өз қолыңмен балталағанмен тең әрекет екенін ұғатын сана әзірге байқалмай тұр. Әркім өзінің көрпесіне қарай көсілсе, мұндай масқаралық, атақ-даңқ қуалау белең алмас еді. Осындай жағдайларды көргенде: «Біз осы қайда бара жатырмыз, бағытымыз қайсы?» деген сұрақ көмейіңді тұншықтырады. Әлеуметтік желіден «Қазақтың тойы қанша тұрады?» деген мақаланы көзіміз шалып қалды.  Онда Қазақстанның шағын қаласында 100-120 кісілік той жасау үшін 1 млн теңге керек деп есептеліпті. Қазіргі қымбатшылықтың тұсында бұл бер жағы-ау деген күдікті ой келеді.  Кей тойларда қонақтарға 2-3 рет ыстық тамақ тартылады, 4-5 түрлі салат, 3-4 түрлі тіскебасар ұсынылады, оған қоса жеміс-жидегі, шай мәзіріне қоятын тәт­тілері, нанның алуан атасы, сусындар тағы бар дегендей. Сонда орташа есеппен екі жүз адам­н­ың ішім-жемі  2,5 миллион теңгеге жуық­тайтын көрінеді.

Той мәдениеті – дәстүрдің озығы алға озып, ал тозығы өмір көшінен өздігінен сырғып түсіп қалып отыратын, үнемі дамып, заманмен бірге жаңғыра жасай беретін құндылығымыз ғой. Бірақ қазіргі өткізіп жүрген тойдың бәрі олай дей алмайсыз. Тойға барған адам ләззат алып, демалудың орнына шаршап-шалдығып қайтатын сәттер көп. Өйткені даңғаза музыка, асабаның сөлсіз сөзі мен  анайы анекдоттары жалықтырады. Барған кісі тілегін тезірек айтып, үйіне ерте қайтып кеткісі келіп тұратыны содан. Сөйлеп тұрған адамның тілегін біреу елеп, біреу жүре тыңдап, болмаса екеуара сыбырласып, күбірлесіп кетеді. Абайдың:

 «Көп топта сөз танырлық кісі де аз-ақ,

Ондай жерде сөз айтып болма мазақ.

Біреуі олай, біреуі бұлай қарап,

Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ» деп­ жырмен өрнектеген суреті айна-қатесіз көз алдыңыздан сырғып өтеді. Одан қала бер­ді асабаның пәрменімен әдепсіз ойындар ұйым­дастырылып, дарақылықты дәріптеу жаппай сипат алып барады. Бәрінен сорақысы –  тамашалап отырған қауымның мұндай сұм­дықтан шошынбауы, езулері екі құлағына жет­кенше мәз-мейрам болуы. Ұлттық дәстүрден қол үзу, бөтен жұрттың тек жаман әдеттерін үйренуден осындай кесапатты жағдайлар орын алып отыр. Мұндай тойлардың болғанынан болмағаны артық-ау. Тағы бір үйреншікті дағдыға айналып бара жатқан жаман әдет – бес-алтыда басталуға тиіс той сағат сегізге, тоғызға дейін жұртты тік тұрғызып қойып, жүйкені жұқартатыны. Лауазымды бір құрметті қонақтың кешігіп келе алмай жатуына қарай тойды кешіктіріп бастау, қалған халықтың уақытын бағаламау – былайғы жұртқа да сөкеттігі жоқ, үйреншікті қалып. Жат әдетті осылай үнсіз, бейқам қабылдай беретін болғандықтан болмысымызға да ол тереңдеп, дендеп еніп барады.