Кәсіпқой бокс • 04 Қараша, 2019

Мейірім жеңіп, Иса жеңілді

181 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы әйгілі MGM Grand аренасында WBO нұсқасы бойынша жартылай ауыр салмақ дәрежесінің чемпиондық белбеуі үшін ресейлік Сергей Ковалев пен мексикалық Сауль Альварес арасындағы жекпе-жек өтті.

Мейірім жеңіп, Иса жеңілді

Төрткүл дүние жанкүйерлері көз тіккен жекпе-жекте «Канело» лақап есімін иеленген 29 жастағы Мексиканың сайыпқыраны Сауль Альварес нокаутпен жеңіске жетті. 12 раундқа жоспарланған ай­қас­тың 11 раундында Альварес алғаш сол, кейін оң қолымен ауыр соққы жұмсап, ресейлік бокс­шыны нокаутқа жіберді. Жекпе-жек басында Сергей Ковалев жоғары деңгейде жұдырықтасып, қарсыласын біраз қорғануға мәж­бүр еткен болатын. Бірақ раунд өткен сайын басымдықты өз қо­лына алған мексикалық жекпе-жек соңында өз дегеніне жетті.

WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанған Сауль Альварес төрт салмақ дәрежесінде жеңіске жеткен санаулы боксшылардың қатарына енді. 56-шы кездесуін жеңіспен аяқтаған «Канело» бұл жекпе-жекте 35 миллион АҚШ доллары көлемінде гонорар алды. Ал Сергей Ковалев жеңілсе де 12 миллион доллар пайда тапты.

Сондай-ақ аталған бокс ке­шінде орта салмақтағы Қазақ­станның өрені Мейірім Нұрсұл­танов та шаршы алаңға шығып, мексикалық қарсыласы Кристиан Оливастан ұпай саны бойынша басым түсті. Оливас қазақстандық бокс жанкүйерлеріне жақсы таныс. Осы жылдың 13 сәуірінде ол орта салмақтағы тағы бір отандасымыз Жәнібек Әлімханұлымен WBC Continental Americas титулы және екінші дәрежелі WBO Global белбеуі үшін жұдырықтасып, қандасымызға ұпай санымен есе жіберген болатын.

27 жастағы Оливас бұл жолы Мейірім Нұрсұлтановпен WBC тұжырымы бойынша АҚШ-тың чемпиондық белбеуі үшін айқас өткізді. Әр раундты өз пайдасына жазған қазақстандық боксшы 10 раундқа жоспарланған жекпе-жекте төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті. WBC (USNBC) нұсқасының белбеуін иеленген қандасымыз 12,5 мың АҚШ долларын иемденді. Оның қарсыласы жерлесімізден 500 доллардай кем алды.

Сонымен қатар өткен сенбі күні Ресейдің Екатеринбург қала­сында кәсіпқой бокс кеші өтті. Бірінші ауыр салмақтағы қазақстандық Иса Ақбербаев ресейлік Евгений Тищенкомен ауыр салмақтағы WBO Inter-Continental белбеуі үшін жекпе-жек өткізді.

Ресейлік боксшы Рио Олим­пиа­дасының финалында отандасымыз Василий Левиттен басым түскен болатын. Кездесудің ақыр соңы дау-дамайға ұласып, төрешілер әділетсіз шешім шы­ғарғаны жайындағы әңгіме әлі күнге дейін өрбуде. Ақбербаев пен Тищенко жұдырықтасады дегенде Левит жіберген есені Иса қайтарады деп үміттенген болатынбыз. Бірақ 2 жылдық үзілістен соң рингке қайта оралған отандасымыз жанкүйерлердің үмітін ақтай алмады. 10 раундқа жоспарланған айқастың алтыншы раундынан кейін қазақстандық боксшының бапкері жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Сон­дай-ақ 5 раундта Ақбербаев бір рет нокдаунға түскен болатын.

Кәсіпқой бокстағы жетінші жеңісіне қол жеткізген Евгений Тищенко кезекті рет WBO Inter-Continental белбеуін сәтті қорғады.