Аймақтар • 04 Қараша, 2019

«Ел үміті» жобасы дарынды жастарға қолдау көрсетеді

1934 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтің жұмыс тобы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Ақтөбе облысына ат басын тіреді.

«Ел үміті» жобасы дарынды жастарға қолдау көрсетеді

 

Құрамында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Денсаулық сақтау министрлігі­нің жауапты хатшысы Ботагөз Жақсылықова, Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Елдос Рамазанов, Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Данияр Есин енген жұмыс тобы өңір тұрғындарымен кездесуде білім саласына ерекше тоқталып, «Ел үміті» жобасы туралы түсіндірді.

Б.Сапарбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қала мен ауыл мектептерінің білім сапасын теңестіру мақсатында алда ауқымды жұмыс атқарылмақ. Бұл үшін ауылдағы мектептердің материалдық базасын нығайту қажет. Жалпы, қазір ел аумағын­да 32 апаттық жағдайдағы, 111 үш ауысымды мектеп бар. Алдағы үш жылда бұл білім ошақтары толығымен жойылуы тиіс. Сонымен қатар ауыл мектептеріндегі мұғалімдердің де сапасын арттырған жөн. Ұстаздардың жауапкершілі­гін арттыру қажет. Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев директорларға мектеп мұғалімдеріне осы талапты жеткізуді тапсырды.

«Мемлекеттің жасап жатқан көмегіне, қолдауына қайтарым болуы тиіс. Білім сапасын арттырамыз. Балалардың білімі заман талабына сай болуы керек. Халықаралық деңгейге жетіп, мектеп бітірген оқушы әлемнің мықты университеттерінде білім алуы тиіс. «Болашақ» бағдар­ламасымен де білім алып жатыр. Ұстаз оқу бағдарламасымен ғана шектелсе, одан тәрбие алған бала алысқа бармайды. Қазіргі балалардың деңгейі, өрісі басқа. Кешірім сұраймын, кейбір балалар мұғалімнен артық біледі. Бала телефоннан, үйіндегі интернеттен мол мәлімет алады», деді Үкімет басшысының орынбасары Ақтөбедегі педагогикалық қауыммен кездесуінде.

Облыс, қала мен аудандағы білім басқармасы мен бөлім­дерінің басшылары, мектеп директорлары білім саласындағы өзгерістерді дұрыс түсіндірмеген соң елімізде петиция да жазылып жатыр деген Үкімет басшысының орынбасары осы мәселеге ерекше тоқталды. «Кейінгі кезде жаман әдет шықты. Бірден Пре­зидентке хат жазады, көше­ге шығады. Бұл болмайды. Мем­лекетіміздің ең сауатты азаматы – сіздер. Сіздерге бәрі байланысты. Жалпы, қоғам алдында жауапкершілік, жанашырлық болуы тиіс», деді Б.Сапарбаев.

Сондай-ақ «Ел үміті» жобасына тоқталған вице-премьер: «Дарынды балаларды қолдау мектептері бар. Тұңғыш Президент қорымен бірге «Ел үміті» жобасы дайындалып жатыр. Кем дегенде 1 мың дарынды баланы таңдап алып, жағдай жасаймыз. Яғни, мемлекеттік грантпен оқып, жұмысқа орналасуына мүмкіндік туады. Бұл жоба республика бойынша бірінші Ақтөбеде бастау алады», деді.

Расында, дарынды жас­тарды ұлықтайтын Ақтөбедегі мара­фонға бес облыстың үздік­тері жиналған екен. Марафонға қатысушылар ретінде бизнес, мәде­ниет, спорт немесе медицина саласында белгілі бір жетістік­терге жеткен жас буын өкілдері тар­тылады. Олар өздерінің маман­дық таңдауы, өмір жолы, қалып­тасуы мен дамуы туралы әңгімеледі.

«Әрбір мемлекеттің бола­шағы, дамуы оның білімді, ойшыл жастарына байланыс­ты. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Біз дамыған 50 елдің қатарына кірдік, мақсатымыз 30 елдің қатарына кіру» деп айтқан болатын. Ол үшін жасампаз, ойшыл жастар болуы керек. Өйткені осы заманда бәсекелестік тек экономикада емес, адамдар арасында да болуы тиіс. Қай мемлекетте алғыр жастар болса сол ел бәсекелестікке төтеп береді. Қазақстанда жастар үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Әр өңірде Назарбаев зияткерлік мектебі бар. Назарбаев университеті де дарынды балаларға арналған. Қазіргі таңда Қазақстанда 30 мыңға жуық дарынды бала бар, 100-ге жуық дарынды балаларға арналған мектептер жұмыс істейді. Биыл Қазақстанның мыңға жуық жасы көптеген халықаралық олимпиадада, конкурстарда жеңімпаз атанды. Оның ішінде 300-ге жуығы алтын медаль алды. Математика, химия, биология, физика саласы басым», деді аталған шараға арнайы қатысқан Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев.

Елімізде алғаш рет Өңірлік дарын орталығын Ақтөбе қала­сын­да ашу жоспарланып отыр. Орта­лық келер жылы іске қосылады.

«Бүгінгі марафон жас инноваторларды, математик, физик, химик және бизнес, спорт, мәдениет саласындағы жас мамандарды қолдауға бағыттал­ған. Алдағы уақытта елімізде жаңа жобалар қолға алынады. Ауыл балаларына, дарынды оқу­шы­ларға, студенттерге жағ­дай жа­салады. Мәселен, ауыл оқу­­шы­лары үшін жыл сайын ар­­найы интеллектуалдық кон­курс өткізіп, 1 мың бала ірік­те­леді. Бүгін бірінші қадам. Негіз­гі жұмыс әлі алда», деді «Қазақ­стан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы» қоры­ның атқарушы директоры Әсет Исекешов.

Айта кетелік, «Eл үміті» – дарынды жастар мен жас көш­басшыларды қолдауға, сон­дай-ақ өскелең ұрпақтың аза­маттық белсенділігін арт­ты­руға бағытталған республикалық марафон. Жобаның мақсаты – жас таланттарды, новаторлар­ды, білікті мамандар мен кәсіп­кер­лерді насихаттау.

Марафонға Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан жә­не Қызылорда облыстары­ның му­зыкалық-шығармашылық ұжым­дары, сондай-ақ «КТА» және «Назар Аудар» әзіл-сықақ ко­мандалар қатысуда.

 

Ақтөбе облысы