Парламент • 05 Қараша, 2019

Жастардың жайы жіті назарда

326 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаеваның төрағалығымен Үкімет сағаты өтті. Жиында Жастар жылының қорытындысы мен Волонтер жылын өткізуге дайындық мәселесі талқыланды.

Жастардың жайы жіті назарда

Жиынды жүргізген Г.Исимбаева әлеуметтік-экономикалық  жаңғыруды іске асыру барысы жастардың жағдайына байланысты екенін атап өтті. Оның сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда елімізде жастар халықтың 21 пайызын құрайды.

«Бүгінгі күні елімізде жастар қатыса алатын, жастарды қолдау бойынша ондаған бағдарлама іске асырылып келеді. Соның нәтижесінде соңғы екі жылда жас қазақстандықтар арасындағы жеке кәсіпкерлер саны 5,4 пайызға ұлғайды. Қазіргі Қазақстан жастары арасында сан қырлы талантты, креативті, терең ойлайтын, жастайынан өз ісін ашқан, елімізге, жеріне шынайы берілген жастар көп», деді Г.Исимбаева.

Сонымен қатар Мәжіліс Төрағасының орынбасары Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасын іске асыруға республикалық бюджеттен 3 жылға 292 миллиардтан астам теңге шығын қарастырылғанын атап өтті. Оның ішінде 85 миллиард теңге биыл игерілмек. Сондай-ақ тұрғын үй мәселесі жастарды әлі де мазалап отырғанына тоқталды.

«Жастар арасында жұмыссыздық деңгейі 3,7 пайызды құрайды. Әйтсе де NEET санатындағы жастардың саны 254 мыңға жеткені алаңдатады. Өзектілігін жоғалтпаған тағы бір мәселе – ауыл мен қала жастарының алшақтығын азайту», деді Г.Исимбаева.

Бұдан кейін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев сөз алып, Жастар жылының қорытындысы мен Волонтер жылын өткізуге дайындық мәселесімен таныстырды.

Ведомство басшысының айтуынша, Жастар жылын тек 12 айға есептелген іс-шаралардың күнтізбелік жоспары деп қарастыруға болмайды. Өйткені жастар саясаты саласындағы Үкімет жүзеге асыратын кешенді бастамалар жүйелі, ұзақмерзімді әлеуметтік нәтиже беруі тиіс. Сондықтан негізгі іс-шаралар 3 жылға есептелген. Ал мемлекеттік қолдаудың ең тиімді шаралары Мемлекеттік жастар саясатының онжылдық тұжырымдамасына енген.

«Бүгінде Қазақстанда 3 миллион 800 мыңнан астам жас бар. Бұл жалпы халықтың 21 пайызы. Жас өлшемі бо­йынша 1 миллион 181 мың жас ювеналдық топқа жатады. Бұл 14 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер. Постювеналды топта 19-дан 23 жасқа дейінгі, 1 миллион 161 мың азамат бар. 24-29 жас аралығындағы ересек топ бір жарым миллионды құрайды. Тұтастай алғанда, бұл демографиялық көрініс бүкіл әлемде әртүрлі жылдамдықпен жүріп жатқан ұрпақаралық транзит процесін жақсы бейнелейді», деді Д.Абаев.

Сондай-ақ министр «Y» ұрпағы (1981 жылдан 1995 жылға дейін) мен «Z» ұрпағының (1995 жылдан кейін) айырмашылығына тоқталып өтті.

«Жалпы, біздің әлеуметтік өлшем­деріміз «Z» ұрпағы – 1995 жылдан кейін туған жастар туралы жалпы қабыл­данған ұғымдармен үйлеседі. Олар цифр­лы қызметтерді жоғары деңгейде тұтынады. Олардың еңбекке, ақша мен бос уақытын өткізу туралы ұстанымдары қалыптасқан дәстүрлі көзқарастардан өзгеше. Мысалы, олар жұмысты көбіне үйде істеуге бейім, жұмыс берушінің миссиясы мен құндылықтары үлкен маңызға ие. Мұндай жастарымыз мобильді және тұрғылықты жерін жиі өзгертуге әуес.

Шетелдік әлеуметтанушылардың айтуынша абсолюттік мәнде бұл өте кедей, бірақ ең табысты ұрпақ. Алдыңғы буынмен салыстырғанда олардың жылжымайтын мүлкі немесе көлігі жоқ. Бірақ ыңғайлы апартаменттерді жалға алып тұруға мүмкіндіктері бар. Uber қосымшасын пайдаланады, ал қаражатын «қысылтаяң кезге» деп кейінге жинаудың орнына, әлемді емін-еркін, ешқандай арнайы туристік жолдамасыз аралауды қалайды», деді ведомство басшысы.

Д.Абаев бұдан кейін атқарылып жатқан мемлекеттік қолдау шараларына тоқталды. Жалпы, елімізде осы бағытта 2 миллионнан астам оқитын және жұмыс істейтін жас қамтылған. Ал арнайы шараларға 722 мың адам, яғни елдегі әрбір бесінші жас тартылған. Өткен жылмен салыстырғанда жастар саясатын қаржыландыру көлемі 40 есеге өскен.

 Сонымен қатар министр Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін пәтерлер туралы айтып берді. Оның сөзіне сүйенсек 2019 жылы үш мегаполис­те 3000 пәтерді табыстау жоспарланып отыр. Болжанған жалдау ақысы 15 мың теңгеден аспайды. Ал әр пәтердің көлемі кемінде 40 шаршы метрді құрамақ.

«Үш жыл ішінде осындай 9 мың пәтер беріледі. Мұндай пәтерді алу шартының бірі – кейінгі 2 жылда сол қалаларда тұрақты тұру керек. Сонымен қатар жастарға арналған жалға берілетін баспананы еліміздің басқа да өңірлерінде 2022 жылдан бастап салу мәселесі жоспарланып отыр», деді Д.Абаев.

Бұдан кейін жастар жұмыссыздығы деңгейін төмендету туралы да сөз болды. Мәселен, 2019 жылдың ІІ тоқсанында жастар жұмыссыздығы деңгейі 3,7 па­йызды құраған. Жұмыспен қамтылған 2 миллионнан астам жастың 77 пайызы – жалдамалы қызметкерлер. Соның ішінде 388 мыңы – сауда саласында, 253 мыңы – ауыл шаруашылығында, 239 мыңы – білім саласында, 218 мыңы өнеркәсіп объектілерінде жұмыс істейді. Қалған 23 пайызы өзін өзі жұмыспен қамтығандар санатына кіреді.

«Жастар жұмыссыздығымен байланысты проблемаларды шешу үшін «Жас кәсіпкер» және «Жас маман» жобаларын қоса алғанда, бірқатар бағдарламалық шара көзделген. «Атамекен» пала­тасының «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 20 мың адамды оқытуға 1,5 миллиард теңге бөлінді. Бағдарламаның шарты бойынша білім алушылардың кемінде 20 пайызы бизнесін іске қосуы тиіс. Бизнес жобаларды несиелеуге республикалық бюджеттен 3 жылға 89 миллиард теңге бөлінді», деді ведомство басшысы.

Ал Білім және ғылым министрлігінің «Жас маман» жобасы 210 мыңнан астам жас қазақстандықты қамтиды. Онда 200 жаңғыртылған оқу орнының базасында аса сұранысқа ие 100 индустриялық және сервистік мамандық бойынша мамандар даярлау қарастырылған.

«Қазақстандағы әлеуметтік лифтілердің тиімділігін арттырудың маңызды тетіктерінің бірі – «Жастар тәжірибесі» жобасы. Бұл жұмыс іздеуші жастарға қажетті тәжірибе алуға және әлеуетті жұмыс берушімен байланыс орнатуға көмектеседі. Жобаның механизмі өте қарапайым. Түлек еңбек биржасында жұмыссыз ретінде тіркеледі. Ал жұмыспен қамту бөлімдері оларды нақты бейіндегі мамандар қажет ететін компаниялар мен мемлекеттік органдармен байланыстырады. Мұндай тәжірибеден өтушіге бюджет есебінен 6 ай бойына 60 мың теңгеден астам мөлшерде қаражат төленеді», деді министр.

2019-2021 жылдары жобаға қатысу­шылар санын 30 мыңға дейін ұлғайту көзделген. Сондай-ақ «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша мамандарға берілетін біржолғы жәрдем­ақы көлемі 70-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылып, 252 мың теңгені құрамақ. Бұдан басқа 3 миллион 700 мың теңгеге дейін тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредиттер беру қарастырылған.

Бұл шаралар Қазақстандағы NEET санатындағы жастардың үлесін азайтуға үлес қоспақ. Қазақстанда осы көрсеткіш 7,2 пайызды құрайды. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 0,5 пайызға төмен. Жыл соңына дейін NEET үлесін 1 пайызға төмендету жоспарланған.

Бұдан кейін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Волонтер жылын өткізу дайындығына тоқталды. Жоспар бойынша дайындық жұмыстары алты бағытты қамтымақ екен.

 Бұдан кейін Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова сөз алып, жастарға қатысты қордаланған мәселелерге тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, Жастарды жұмыспен қамту, жұмысқа орналастыру және олардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауды одан әрі жалғастыра беру қажет.