Аймақтар • 05 Қараша, 2019

Әр бұрышы тұнған тарих

409 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

1990 жылдардан бері Алматы сәулетіндегі өзгеріс көз алдымызда өтіп жатыр. Сәулет өнеріндегі жаңа бағыт, жаңа тренд – модерн қаланың классикалық келбетін нью-классикаға айналдырып жіберді.

Әр бұрышы тұнған тарих

 

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың ескі Алматының тарихына деген көз­қарасы оң. Алматыға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келер­ден бір апта бұрын сәулет ескерт­кіштері құрамына шаһардың бірегей ғима­рат­тарын енгізу бойынша алматы­лық­­тардың ұсыныстарын жинауды тапсырған болатын. Соған сәйкес, қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасы сәулет ескерткіштері тізіміне енуі тиіс ғимараттар бойынша түскен ұсыныстарды жинау жобасын іске қосты. Нәтижесінде, Алматыда әзір­ге 757 құнды тарихи ғимарат бар екені анықталып отыр. Бұл тізім әлі толығуы мүмкін деп ойлаймыз.

Алматының тарихи-мәдени мұра­сымен айналысатын сәулетшілер мен белсенділердің кәсіби бір тобы қаланың сәулет ұқсастығын зерттейтін (Archcode Almaty) жобасын ұсынды. Бұл жоба аяғына дейін жетсе, 1940-1990 жылдары салынған Қазақстанның бұрынғы астанасының барынша бірегей ғимараттарының тарихи мәні арта түсері анық. Архитектор Жанат Айтілеу бізбен кездескен кезде ғимараттарды тарихи ескерткіш ретінде сақтап қалу туралы Үкіметтің шешімі бар екенін айтты. Қала билігінің қолында тарихи ескерткіштердің республикалық және Алматы қаласы деңгейіндегі екі тізімі бар. «Тарихи ескерткіш болып табылатын ғимарат, ол кімнің меншігінде болса да, Үкіметтің қорғауында тұр. Оны бұзып, түрін өзгертуге ешкімнің құқы жоқ», дейді Жанат Айтілеу.

Тағы бір жаңалық. Таяуда Алматы әкімдігі қаланың көне картасы бар екенін жариялаған болатын. Бұл карта қала құрылысының 7 кезеңін қамтиды екен. Оның біріншісі – Верный кезінен басталып, 1927 жылға дейінгі уақытты қамтыса, екінші кезеңі – астаналық авангард, яғни 1927-1935 жылдар. Үшінші кезең – классикалық және ұлттық мұраны игеру, яғни 1936-1941 жылдар. Төртінші кезең – соғыс кезіндегі және соғыстан кейінгі классицизм. Бұл – 1942-1957 жылдар. Бесінші кезең – ерте модернизм: 1958-1969 жылдар аралығы. Алтыншы – «Жоғары» модернизм, 1970-1995 жылдар. Жетінші кезең – заманауи, яғни 1995 жылдан бүгінгі күнге дейін.

Алматыда Сәкен мен Тұрардың, Қасым Аманжоловтың табанының ізі қалды. Көнекөз ақсақалдар Сәкен Сейфуллиннің 1930-38 жылдары Қарасай батыр мен Қонаев көшесі бойындағы үйінің орны 1950-60 жылдарға дейін сақталып келгенін айтады. Ақын өз қолымен еккен терек сол жерде әлі күнге дейін өсіп тұр. Бірақ мұнда сондай ардақты адамның тұрғанын еске салатындай бірде-бір белгі жоқ. Бұрынғы Виноградов, қазіргі Қарасай көшесінде Қасым Аманжолов тұрған үш қабатты үй де сүріліп кеткен. Ал Ресейде, Санкт-Пе­тер­бургте А.С.Пушкин бір сағатқа бол­са да аялдаған үйге дейін белгі қойы­лып, сақталатынын естіп те, оқып та жүрміз.

Айтпағымыз – өткен ғасырдың бедерінде салынған, кейіннен жекенің қолына өткен тарихи ғимараттарды сақтаудың құқықтық тетіктерін ойлас­тыру мәселесі. Сөз басында айтылған 757 құнды тарихи ғимараттың жай-күйін анықтап, кімнің меншігінде болса да, мемлекеттің қорғауында болатынын заң жүзінде тағы бір нықтап, қоғамның хабардарлығын да ақпараттық тұрғыдан күшейте түскен жөн деп ойлаймыз.

 

АЛМАТЫ