Әлем • 05 Қараша, 2019

Испанияда сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталды

163 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Испаниядағы парламенттік сайлауға санаулы күн қалды. Сәйкесінше өткен жұмада сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталды. Испаниялықтар өз таңдауларын 10 қарашада жасайды.

Испанияда сайлауалды үгіт-насихат  жұмыстары басталды

Елдегі елеулі саяси топтар алғашқы кездесулерін өткізіп үлгерді. Үкімет басындағы Педро Санчестің социалис­тер партиясы үгіт-насихат жұмыс­тарын мемлекеттің оңтүстігіндегі Севилья­дан бастады. Социалистердің басты қарсыласы саналатын Пабло Касада басқарған Ұлттық консерваторлар партиясы да сайлауалды үгіт-насихат жұ­мыстарына кірісіп кетті. Бұл жолы король VI Филипп мемлекет премьер-министріне үміткер ұсынбады. Оның айтуынша, елдегі саяси партия көшбасшылары үкімет басшысына лайық екенін дәлелдей алмаған, оған қоса халықтың да қолдауы аз болыпты. Испания парламентінің тағдыры ендігі сайлауда шешілмек.

Бұл – Испания үшін соңғы төрт жылдағы төртінші парламенттік сай­лау. Кезектен тыс сайлауларға кон­гресмендердің бір шешімге келе ал­мауы мен коалиция жөніндегі сәтсіз келі­сімдері себеп болды. Үкіметті уақытша бас­қарып отырған Педро Санчес бұл жағ­дай­ға елдегі популистердің Подемос тобы мен оппозицияны кінәлайды.

Кеше елдегі әлеуметтік зерттеу­лермен айналысатын сарапшылар алдын ала жүргізген сауалдама нәти­жесі­мен бөлісіп үлгерді. Көп­шіліктің көзқарасына қарасақ, бұл жолы да Социалистік-жұмысшы пар­тия­сының мерейі үстем. Дегенмен сай­лауға түс­кен партиялар жеңіс емес, оңды нәти­жеге таласатынын айтып жатыр. Сауал­да­маға сәйкес, консерваторлар бұл сайлауда екінші болады дейді.

10 қарашада Испанияның 350 орындық парламенті қалай өзгеретіні белгілі болады. Бұған дейінгі нәтижеге көз салсақ, сәуірдегі парламенттік сайлауда елдің социалистік-жұмысшы партиясы басым көпшіліктің дауысымен жеңіске жеткен еді. Осылайша социалистер партиясы 350 орындық депутаттар конгресінде 123 мандатқа ие болды. Сонымен қатар сәуірдегі сайлауда VOX оңшылдар партиясының парламентте 24 орынға қол жеткізуі испаниялықтардың көпшілігі үшін күтпеген оқиға болды.

Тарихқа назар салсақ, Испания қоғамы 1930-жылдардан бері оң­шыл және солшыл қанатқа бөліне бастады. Елдегі оңшылдар санатында Испанияның халықтық партиясы, «Азаматтар» және VOX ұлттық партиясы бар. Ал солшылдар қатарын­да көп дауысқа ие болған Социалис­тік партиядан бөлек, Каталонияның республикалық партиясы, Подемос және VOX партиялары бар. Соңғы парламенттік сайлауға түскен 13 пар­тияның салмағын сандармен сараптайтын болсақ, Социалистік-жұмысшы пар­тия­сы 123 мандатқа ие болып, өзге­лерден озып шықты. Ал 66 мандатқа қол жеткізген Испания халықтық партиясы екінші орында. «Азаматтар» партия­сы 57 депутаттық орынмен алғашқы үздікті түйіндеді. Парламенттегі 42 орынды Подемос иеленді. 123 орынды иелену де ел социалистеріне билікті түгелдей қолға алуға мүмкіндік бермеді. Депутаттардың бірауыздан шешімге келе алмауы халықты тағы бір рет сайлау учаскелеріне жинауға алып келді.

Сарапшылар үкіметті уақытша қолға алғанына да, өткен сайлаудағы үздік нәтижесіне де қарамастан, Педро Санчес үкімет басында қалатынына күмәнмен қарайды. Өйткені министр­лер кабинетінің уақытша басшысы Каталониядағы шиеленіске оңтайлы шешім ұсына алмаған. Оқиға орындарын аралап, зардап шеккендердің көңілін сұраумен ғана шектелген саясаткерді халық Каталония автономиясының басшысы Ким Торрамен кездеспеді деп жазғыруда. Сондықтан бұл аймақтың таңдауы басқаға түсуі әбден мүмкін.

 Мемлекетте шешілмеген мәселе­нің саны көп. Ең негізгісі Катало­ния­ның тәуелсіздігі десек, одан кем түспейтін мемлекет конституциясын өзгерту ұсыныстары да ел ішіндегі тұрақсыздыққа себеп. Бұл сайлаудың соңы да нақты шешіммен аяқта­лары анық емес. Өйткені Мадрид пен Бар­селона арасында түйінін таппаған тек геосаяси ғана емес, экономикалық, қаржы, мәдени, тіпті лингвистикалық  мәселелер де бар. Ал Испания ақпарат құралдарының хабарларына сенсек, тартысқа түскен партия басшылары ұсынған бағдарламаларының жартысын да орындап үлгермеген. Халықтың да көңілінен шығу қиын болса керек, партия көшбасшысы мәдени не тарихи мәселелерді қолға алса, Каталония тәуелсіздігі сияқты өзекті мәселеден жалтарды деп айыптайды. Сонымен, 10 қараша тек Испания үшін емес, тұтас Еуропалық Одақ, тіпті әлем үшін де маңызды болмақ.