Әлем • 05 Қараша, 2019

Алғашқы жасанды интеллект университеті ашылады

421 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасында оқу бағдарламасы түгелдей жасанды интеллекті үйретуге негізделген алғашқы университет ашылады. Әбу-Даби әмірлігінің ханзадасы, БАӘ қарулы күштерінің бас қолбасшысының орынбасары Мохамед бен Заидтың атындағы жасанды интеллект университеті (Mohamed Bin Zayed University of Artificial Intelligence, MBZUAI) жұмысын 2020 жылы бастайды.

Алғашқы жасанды интеллект университеті ашылады

Білім ордасы жұмысын бас­тап үлгермесе де, бүгінге дейін 3 мыңнан астам талапкер өз өті­ніштерін беріп үлгер­ген. Interesting Engineering порталы­ның хабарлауынша, ниеттілер­дің басым көпшілігі Сауд Ара­бия­сы, БАӘ, Мысыр, Үндістан, Қытай, Алжир азаматтары. Жоғары оқу орны 6 магистрлік, 3 доктор­лық бағдарлама ұсынады деп жоспарланған. 2020 жыл­дың қыркүйегінде есік ашатын білім ордасы үш негізгі бағыт бойынша білім бермек. Олар: бағдарламамен қамтамасыз ету, жасанды интеллектіге қажетті бағдарламалар жазу және өңдеу. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналатын студенттердің ай сайын шәкіртақы алуға да мүмкіндігі болады. Оған қоса заман талабына сай жабдықталған жатақхана, медициналық сақтандыру, ғылы­ми зерттеулермен айна­лысуға барлық жағдай жасалады.

Университет кеңесіне Окс­форд, Бейжіңдегі Цинхуа, Мас­са­чусетс, Мичиган универ­си­тет­терінің алдыңғы қатарлы про­фессорлары шақыртылған. Сарапшылар бұл университеттің көп ұзамай үлкен сұранысқа ие боларын, сонымен қоса алдыңғы қатарлы оқу орындарының тізіміне енетінін болжап отыр. Бұл ой да негізсіз емес. Өйткені 2 жылда жасанды интеллектінің дүниежүзілік нарықтағы көлемі 4 трлн АҚШ долларына жетсе, 10 жылдан кейін әлем экономикасына 16 трлн АҚШ доллары көлемінде пайда әкелері бұған дейін де айтылып келген. БАӘ мемлекеттік министрі әрі университет кеңесінің төрағасы Сұлтан Әл-Жабер жаңа университет жаңа дәуірге жол ашатынын айтады. «Оқу бағдарламасы толықтай жасанды интеллектке негізделген. Бұл саладағы алғашқы мамандарды дайындайтын болғандықтан үлкен жұмыстар жүргізілді, көп зерттеулер жасалды. Жаңа дәуір­ге бастайтын мамандары­мыз­ға үлкен міндет артылады, біз өз кезегімізде соған сай білім мен даңғыл жол салуға дайынбыз», деді кеңес төрағасы. Сонымен қатар Әл-Жабер жасанды интеллектінің бүгінгі әлемді өзгертіп жатқанын да тілге тиек етті. «Адамның шексіз ойын жасанды интеллектті үйренуге, түсінуге, тануға бағыттасақ, бұ­дан да үлкен нәтижеге қол жет­кізе аламыз. Бір кездері электр жа­рығы, темір жол мен смартфондар өмірімізді өзгерткендей, жасанды интеллект те әлеумет пен экономика саласына елеулі өзгерістер алып келері сөзсіз», деді.

Ал бірегей университеттің президенті лауазымы Оксфорд униерситетінің профессоры Майкл Брэдиге бұйырды. Оның айтуынша, жасанды интеллекті меңгеру келешекте қай салада болса да үлкен мүмкіндіктер мен жетістіктерге жол ашады. Жалпы, Біріккен Араб Әмірліктері – жасанды интеллекттің экономи­кадағы мүмкіндіктерін байқап, оны іс жүзінде қолдана бастаған алғашқы мемлекеттердің бірі. 2017 жылы ел үкіметі «БАӘ 2021» деп аталатын жоспар бе­кітті. Жоспарда басқару мүм­кін­діктерін жақсарту үшін жаңа технология қолданылатын се­гіз сала көрсетілген. Олардың қатарында ғарыш, жаңғырмалы энергия, су ресурстары мен білім беру бар.

Университетпен қоса БАӘ-де әлемдегі алғашқы жасанды интеллект мәселелері бойынша ми­нистр тағайындалды. Бұл лауазым­ға Омар әл-Олама бекітілді. Oxford Insights ақпа­ратына сүйенсек, жасанды ин­теллекті мемлекет­тік басқаруға қолдану мүмкін­дігі бойынша БАЭ әлем елдері арасында 19-орынға ие. Бұл индекске 194 мемлекет кірген. Рейтинг көшін Сингапур бастап тұр. Жасанды интеллектінің ота­ны саналатын Силикон алқа­бы орналасқан АҚШ 4-орында болса, Қытай тізімде 20-орынды алып тұр.

Жоғарыда айтып өткеніміз­дей, университетке жасанды интеллект саласына қызыққан кез келген жас оқуға түсе алады. Елімізде жаңа технологиялар мен жасанды интеллектке қызығушылығы бар жастардың саны күн санап артып келе жат­қанын ескерсек, 2020 жылы біре­гей университет­тің алғашқы сту­дент­терінің қата­рында отандас­тары­мызды да көруіміз ғажап емес.