Аймақтар • 05 Қараша, 2019

Омар Шипиннің туғанына 140 жыл толды

1127 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жақында Алтынсарин ауданында халық ақыны Омар Шипиннің туғанына 140 жыл толуы аталып өтті. Әрине ұйымдастырушылар аста-төк етпей, ақынның көзін көрген ардагерлерді, немересін шақырып, жастарға олардың естелігін тыңдатты. Бүгінде 96 жасқа келіп отырған Ұлы Отан соғысына қатысушы, айтыс ақыны, қазақ журналистикасы ардагерлерінің бірі Қасымхан Алдабергенов 1959 жылы Қостанайда өткен облыстық ақындар айтысында Омар Шипинмен бірге болған екен.

Омар Шипиннің туғанына 140 жыл толды

 

– Ол кезде біздің өлең өрісінде жас пері болып, талаптанып жүрген кезіміз ғой. Сол айтыста Омар атамыз аға ақын болды. Ол кезде айтыс өткізу дәстүрі қазіргіден өзгешелеу болатын. Бір ақын көрерменге өлеңмен айтысқа қатысатын ақындарды таныс­тырып, бәрінің мақтауын жеткізеді. Айтыс аяқталған соң, бір ақын жырмен қорытындылайтын. Сол айтыста мен Омекеңнің көзіне түсіппін. Сірә, мақамым, өлеңім ұнаса керек, ол кісі де мен туралы жылы лебіздер айтты. Омекеңнің өзі аққұба, сақалы селеудей, көрікті кісі еді. 1960 жылы облыста жас ақындардың слетінде ақынмен тағы да кездестім. Облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Ибрагим Жанәлиев деген кісінің бастамасымен өткен слетте ол өзінің машинасын жіберіп, Темірқазық ауылынан Омар Шипинді алдырғаны есімде. Сол жолы халық ақынымен суретке түсіппіз, – деп Қасымхан аға Омар Шипиннің жас ақындардың ортасында түскен суретін аудандық музейге табыс етті. Ал журналистика ардагері Қажы Қорған аудан музейіне Омар Шипин бейнеленген хроникалық түсірілімдерден үзіндіні мемлекеттік архивтен әкеліп тапсырды.

Омар Шипин қазақ поэзиясы үшін ұмытылып кететін есім емес. Ол өткен ғасырдың ортасынан бастап, әсіресе, айтыс өнері мен дастандар жазуда көп еңбек сіңірген. Сонымен қатар халық ауыз әдебиетінің де білгірі болатын. «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек» секілді эпостық жырларды жатқа айтқанын еске алады замандастары. Кездесуге қатысқан немересі, мұғалім, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуде бірнеше нұсқаулықтардың, бейне оқулықтардың авторы Мұхаметқали Шипин атасы туралы қызықты деректер айтты. Негізі «тақыр жерге шөп шықпайды» деген рас.

– Менің атам Омар 1979 жылы Торғай облысының Қайдауыл болысында дүниеге келіпті. Бұл қазіргі Амангелді ауданындағы Үрпек деген ауылдың маңайы болса керек. Ұлы атамыз Шымболат Торғай қаласында Ыбырай Алтынсариннің атқосшысы болыпты. Оған Ыбыраймен рулас ағайындығы да ықпал еткен шығар деп ойлаймын. Шымболат пысық, өнерлі кісі болыпты, домбыра тартып, ән салыпты. Құстардың дауысын айнытпай салады екен. Ыбырайдың айналасындағы орыс­тар Шымболатты «Шип, Шипа» деп кетіпті. Менің атам да құжат алғанда әкесінің атын «Шипин» деп жаздырып жіберген, содан тұтас әулет Шипиндер болып жүрміз, – деді Мұхаметқали.

Омар Шипин 1923 жылы бүгінгі Алтынсарин ауданындағы Темірқазық деген ауылға келіп орналасады да, сол жерді өмірінің аяғына дейін мекен етеді. Қазір сүйегі де сол ауылдың зиратында жатыр.

– Атам 1963 жылы 84 жасында қайтты. Мен ол кезде 3 жаста екенмін. Атам ақындығымен де, көпті көрген қариялығымен де, «елім, жерім» деген патриоттығымен де көптің қалаулысы, қадірлісі болыпты. Атам қайтқанда жергілікті атқарушы биліктің, партияның басы-қасында жүргендер митингі жасаған, ел-жұртымен қоштастырған. Сонда әлгілер мәйітті мұсылманша тәрбиелеуді «ерсі» көріпті. Сөйтіп «партияша» костюм-шалбарын, басына бөркін, аяғына мәсісін кигізіп табытқа салып алып шыққан. Бетін ашып қойған. Бейіттің басына келген соң, ауылдың молдасы мен ақсақалдары қарсылық көрсетіп, «жасарларыңды жасадыңдар, енді обал болады, шалды өзімізге беріңдер» деп, мәйітті қайтадан мұсылманша рәсімдеп, жер қойнына тапсырған екен, – деп, Мұхаметқали табыттағы Омар атасымен қоштасып жатқан ауылдастырының өзі сақтап жүрген суретін көрсетті.

Омар Шипиннің артында бірнеше кітапқа топтасқан шығармалары қалды. Әсіресе солардың ішінде «Амангелді» дастанының орны ерекше деп білеміз. Ол өзі өмір сүрген ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың ортасы ауғанша қазақ даласындағы өзгерістерді, халқымыз көрген қиындықтардың барлығына куә болып қана қоймай, оны қаламына да іліктірген еді. Белгілі қаламгер Сапабек Әсіповтің жазғанындай, Омар Шипин 1909 жылы отыз жасында Амангелді Имановпен танысып, содан қасында болады. 1914 жылы Амангелді Иманов қуғындалғанда оның жанында жүргендіктен Омар да Семей жағына жер аударылады. Ол сол кеткеннен 1916 жылы Торғайға бір-ақ оралады. За­ман­ның дауылы соғып, патша жар­лығына қарсы ел бүлініп, көтеріліп жат­қан кез еді. Омар Шипин Амангелді сарбаз­дарының жазалаушы отрядтарға қарсы соғыстарының барлығына қаты­сады. Амангелді оны өзіне хатшы етіп тағайындайды. Торғайға шабуыл кезін­де от пен оқтың арасында жүреді. Кейін оның «Амангелді» дас­танын жазға­ны белгілі. «1916 жылғы ұлт-азат­тық соғыс­тарының поэзиялық панорамасын ақын­дар арасында бірінші жасаған Омар Шипин болды» деп жазды Сапабек Әсіпов.

Соғыс басталғанда да тылдағыларды майданға көмекке жұмылдыру ісінде Омар ақын алдыңғы қатарда болды. Ол 1943 жылдың жазында Қостанай еңбекшілерінің сәлемдемесін апарған делегация құрамында болып, Ленинград майданындағы жауынгерлер алдында жыр толғайды. «Мына соғыстың жанында біз қатысқан 19-шы жылдың жорығы өткіншідей ғана нәрсе екен. Аспаннан самолет атып түсіретін «Зенит» дегенді көріп, ойға шомдым. Аз ғана жылдың ішінде соғыс өнерінің, техника ғылымының шарықтап өскеніне қайран қалдым» деп жазады Омар ақын.

Соғыстан кейінгі бейбіт жылдары Омар Шипин Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесінің үш шақырылымына депутат болып сайланады. Сол жылдары ақсақал Қостанай ауданындағы байырғы жылқы зауытының қайта жаңғыруына үлкен еңбек сіңіріпті. Қазыналы қария Теміразық ауылының мән-маңызы, берекесіндей болыпты. Арасында жас­тарды еңбекке жігерлендіретін өлең жазуды да, айтысты да ұмытпаған. Ақынның қолын алуға жан-жақтан ақын-жазушылар келіп жататын. Те­мірқазықтықтар ақсақалға сәлем беруге келген Сәбит Мұқановты, басқа жазушыларды, ұлт зиялыларын талай күткен.

– Облыстық тарихи-өлкетану му­зейінде Омар Шипиннің 25 өле­ңінің қолжазбасы, кітаптары, шапаны, бөркі сақтаулы. 1934 жылы ақын Алматыда бүкіл қазақстандық бірінші шығармашылық олимпиадасына қатысады. Сол жолы өлеңіне риза болған Жамбыл өзінің шапанын Омардың иығына жапқан екен деген деректі ауыл­дастары айтады. Сол шапан біздің музейде тұр, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Назима Оташева. «Мен өзім көне қартпын көпті көрген, немере-шөберем бар соңыма ерген» деп жырлаған екен қарапайымдылықтың тамаша үлгісіндей ақын.

Бүгінде Темірқазық ауылында сау­сақпен санарлық қана үй қалды. Ақын ауылдың шетіндегі қырдың үстінде отырып, көрген-білгенін шертеді екен, әңгімешіл болған деседі. Қазір Темір­қазық ауылы қарайтын бұрынғы Маяковский селолық округі Омар Шипин деп аталады. Орталық ауылдық мектеп те  халық ақынының атын ал­ды. Оның 140 жылдығына арналған шара аясында Омар Шипин өлеңдерін мәнерлеп оқудан оқушылар арасында байқау өтті. Аудан мектептерінің оқушылары ақын өлеңдерін қазақ, орыс тілдерінде жатқа айтты. Темірқазықтағы бейітіне шөберелері ілген мәрмәр тақтаға ақын атасының: «Жастарды өсіреді мұғалімдер, болаттай шынықтырып, жылдар өтер. Алмастай суарылған сөзі­менен, құяды көкірегіне қайрат, жігер» деген бір шумақ өлеңін жазыпты. Ақынның алмастай сөзі бүгін де өзекті емес пе? Өлеңі ақынды алдағы күндерге жетелей бермек.

 

Қостанай облысы,

Алтынсарин ауданы