Осы орайда есімізге М.Мырзахметовтің бір сұхбатында жадынан өшпейтін ең ауыр күн ретінде ашаршылық кезіндегі оқиғаны айтқаны түсіп отыр. «Нәубет басталғанда мен 4 жаста едім. Шешем мені қолынан тастамай көтеріп жүретін. Станса мен ауылдың арасы 2,5-3 шақырым. Әкем ұста болатын. Аздап алтынымыз болды. Соны сатып күн көрдік. Кейін әкемізді бай-құлақ деп тұтқындады. Түрмеде жатып көз жұмды. Үйіміз еуропалық үлгіде салынған, едені тақтайланған жақсы үй еді. Өртеп жіберді. Үйдің ортасында тіреу болған. Әкем тіреудің бір жерін білдірмей ойып, соған алтын сақтайтынбыз. Үймен бірге өртеніп кетті. Бәрі әлі күнге дейін көз алдымда», деген-ді сұхбатында М.Мырзахметұлы. Осы бір оқиғаны ғалым күні кеше сыйға тарту етілген баспана кілтін алған кезде де есіне алған болар. Ауылда қарапайым тіршілік етіп жүрген ағамыз баспанасыз емес-ті. Дегенмен аудан әкімі бастамашыл болып, жерлестері жаңа да жайлы үй салып беруді ұйғарыпты. Осы орайда айта кетелік, Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбековті жұрт руханиятқа жанашыр, жаңашыл басшы ретінде де құрметтейді. Шағын және орта кәсіпкерлік дамып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жақсара түскен Түлкібаста соңғы жылдары ақын-жазушы, ғалымдар мен журналистерге түрлі бағытта көптеп қолдау көрсетіліп келеді. Мекемтас Мырзахметұлына жаңа да зәулім үйдің кілтін табыстау рәсімінде аудан әкімі: «Біраздан бері бізде Мекемтас ағамызға туып-өскен жерінен баспана соғып берсек деген ниет болды. Осы баспанада ағамыз шығармашылықпен емін-еркін айналысса деген мақсаттағы ниетіміз іске асып, бүгін қуанышты бөліспекпіз. Бұл үй ағамызға аудан халқының атынан беріліп отыр», дей келе үйді салуға үлес қосқан демеушілерге алғысын білдірді. Ал облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов Мекемтас Мырзахметұлының өткен өмірі мен шығармашылық жолына көз жүгіртіп, қазақ ғылымының дамуына қосқан үлесі шексіз екенін жеткізді. Өз кезегінде Мекемтас аға жерлестеріне алғысын білдіріп, сол жерлестерін игі іске жұмылдыра білген аудан әкімі Нұрбол Тұрашбековтің жұмысына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ бұл күні аудандық «Шамшырақ» қоғамдық-саяси газетінің редакциясында Түлкібас өңіріне есімі танымал ақын Әбдібек Аралбайұлы мен ұзақ жылдар бойы аудандық газетте қызмет еткен журналист Орынтай Көмековтің кітаптарының тұсаукесері өтті. «Ізде мені» кітабында арқалы ақын Әбдібек Аралбайұлының соңғы жылдары жазған өлеңдері топтастырылған. Ал, «Енді гүлге жоламаспын» – Орынтай Көмековтің алғашқы кітабы. Қалың кітапта журналистің осы уақытқа дейін әзіл-сықақ, тылсым дүние тақырыптарында жазған дүниелері топтастырылған. Тұсаукесер рәсімінде Мекемтас Мырзахметұлы басылып шығуына аудан әкімі ықпал еткен кітап иелеріне шығармашылық табыс тіледі.
Түркістан облысы