Бұл барша қызылжарлықтарды үлкен қуанышқа бөледі. Былтыр осы лигадағы ойынды 11 орында аяқтаған команда үшін бұл үлкен табыс. Бүгін командаға алтын медальдарын тапсыруға арналған салтанатты шара болды. Марапатты облыс әкімі Құмар Ақсақалов, Қазақстан Футбол федерациясының кеңесшісі Сейілда Байшақов және облыстың Құрметті азаматы Александр Липовой тапсырды. Өзінің футболистерді, жаттықтырушылар штабын және жанкүйерлерді құттықтаған сөзінде Құмар Ақсақалов: «Премьер-лигаға өту оңай, бірақ онда табанды тіреп, жақсы ойын өрнектерін көрсету оңай емес. Еліміздің ең жақсы командаларымен ойнағанда да біздің жанкүйерлер армиясын жерге қаратпаңыздар», деді.
Сонымен бірге әкім қазір облыста жасөспірімдер мен балалар футболының дамып келе жатқанын тілге тиек етті. «Алдымыздағы екі-үш жылда біз барлық аудан орталықтарында да олардың футболды дамытуына жақсы жағдай жасап, футбол алаңдарын тұрғызамыз», деді әкім.
Сонымен Солтүстіктің үміті – «Қызылжар» жоғары лигаға жол тартты. Әрине, бұл оның болмаған жері емес еді. Кезінде, дәлірек айтсақ, 1999 және 2000 жылдары ол Премьер-лигада екінші орын алған. Ал 2001 жылы үшінші орынға жылжыған. Одан кейінгі жылдары жолы бола қоймады. Ақыры бірінші лигаға түсіп қалған еді. Енді міне, қайтадан Олимптің шыңына көтеріліп отыр. Барлық солтүстікқазақстандықтар оларға «жол болсын» айтуда.