Президент • 05 Қараша, 2019

Түркістанға көрші елдердің Мемлекет басшылары шақырылады

286 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысына жұмыс сапарының екінші күні журналистерге берген сұхбатында қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыс нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып жатқанын атап өтті.

Түркістанға көрші елдердің Мемлекет басшылары шақырылады

«Әлеуметтік нысандар, заманауи әуежай салынады. Су мәселесі, жол бойындағы қаланың инфрақұрылымы толық шешімін табады. Яғни Қазақстанда тағы бір үлкен қала бой көтереді. Құрылыстарды аралап көріп риза болдым, көп жұмыс атқарылған. Келесі жылы көрші, яғни Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан елдерінің Мемлекет басшыларын шақырайын деп отырмыз. Олар келісімін берсе, мүмкін Түркістанда саммит өткіземіз. Естеріңізде болса, Қ.А.Ясауи кесенесінің алдында Өзбекстанмен мәңгілік достыққа қол қойғанбыз. Жоспарлап отырған кездесуде сондай келісім жасайтын шығармыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар Елбасы журналистер сұрағына орай Түркістанда туризмді дамыту бағытында қолға алынған жұмыстарға тоқталды. Қазба жұмыстары жүргізіліп, музейлер салынып, Самарқанд – Ташкент – Шымкент – Түркістан бағытында қатынас орнатылып жатқанын атап өтті.

Жұмыс сапары барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев құрылысы аяқталған бірқатар нысандарда болды. Түркістандағы жаңадан ашылған Неке сарайында жастармен бейресми кездесу өткізген Елбасы халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Тапсырыс беруші Қостанай облысы болып табылатын Неке сарайының құрылысы шілдеде басталған болатын. Құрылыс жұмыстарын «B-A Contractors SA» ЖШС-і жүргізіп, қазанда аяқтап отыр. Халыққа қызмет көрсету орталығын салуды Павлодар облысы міндетіне алған-ды. Нысан құрылысы жоспарланған мерзімде аяқталды. Ал еліміздегі ірі құрылыс компанияларының бірі «BI Group» холдингі Түркістанда бірнеше нысанның құрылысын аяқтап, әкімшілік-іскерлік орталық, «Нұр-Сұлтан» алаңы  және «Алатау» медиа орталығын пайдалануға берді. Жалпы құрылыс компаниясы Түркістанда 7 маңызды нысанды салуда, оның ішінде «Ұлы Дала» мұражайы, «Hampton by Hilton» қонақ үйі және 7000 орынды футбол стадионы бар.

Сондай-ақ  Елбасы Түркістан облыстық әкімдігінің жаңа ғимаратында «Nur Otan» партиясы филиалының халық пен билік арасын жақындату бағытында қолға алған жобамен танысты.  Облыс әкімі, «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев тұрғындардың өтініші мен құқықтары әрдайым басты назарда болатынын жеткізді. Ал жобаның жұмысымен Елбасын «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев таныстырды.