Президент • 06 Қараша, 2019

Түркістан түгел Түркінің төріне айналады

598 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Қазақстан үшін маңызды қала – Түркістан қазақтың қалың орналасқан жері, дәстүріміз, тарихымыз, мәдениетіміз сақталған өңір. Сондықтан да бұл жерде үлкен қала салу бұрыннан ойымызда болған. Астананың құрылысы басталып кетті де, Түркістанға көңіл бөлінбеді. Өткен жылы менің Жарлығыммен Түркістан облысы құрылып, құрылысқа кірістік. Бір жылдың ішінде жоспарланған нысандардың 102-сі іске қосылады. Жалпы құны 500 млрд теңге тұратын ғимараттар салынады».

Түркістан түгел Түркінің төріне айналады

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев Түркістан облысына жұ­мыс сапарының екінші күні жур­налистерге берген сұхба­тында осылай деді. Сондай-ақ Ел­басы қарқынды жүргі­зіліп жатқан құрылыс нәтиже­сінде жаңа жұмыс орындары ашылып жатқанын атап өтті. Әсіресе халқы көп өңір жас­тарының жұмыспен қамты­луына мүмкіндік жасалуда. «Әлеуметтік нысандар, заманауи әуежай салынады. Су мәсе­лесі, жол бойындағы қала­ның инфрақұрылымы толық шешімін табады. Яғни, Қазақстанда тағы бір үлкен қала бой көтереді. Құрылыстарды аралап көріп риза болдым, көп жұмыс атқарылған.

Келесі жылы көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрік­мен­стан елдерінің басшыларын ша­қы­райын деп отырмыз. Олар ке­лісімін берсе, мүмкін Түркістанда саммит өткіземіз. Естеріңізде болса, Қ.А.Ясауи кесенесінің алдында Өзбекстанмен мәңгілік достыққа қол қойғанбыз. Жоспарлап отыр­ған кездесуде сондай келісім жасайтын шығармыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар Елбасы журналистер сұра­ғына орай Түркістанда туризмді дамыту бағытында қолға алынған жұмыстарға тоқталды. Қазба жұмыстары жүргізіліп, музейлер салынып, Самарқанд – Ташкент – Шымкент – Түркістан бағытында қа­тынас орнатылып жатқанын атап өтті.

Жұмыс сапары барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев құрылысы аяқталған бірқатар нысандарда болды. Түркістандағы жаңадан ашыл­ған Неке сарайының жұ­мы­­сы­мен танысып, шаңырақ көте­ріп жат­қан жас отау иелерін құт­тықтап, бақыт пен береке тіледі. Тап­­сырыс беруші Қостанай облысы бо­лып табылатын Неке сара­йы­ның құрылысы шілдеде бас­тал­ған болатын. Құрылыс жұ­мыс­­тарын «B-A Contractors SA» ЖШС жүргізіп, қазанда аяқтап отыр.

Елбасы жұмысымен танысқан Халыққа қызмет көрсету орта­лы­ғын салуды Павлодар облысы мін­детіне алған-ды. Нысан құ­ры­лысы жоспарланған мерзімде аяқ­талды. Ал еліміздегі ірі құрылыс компанияларының бірі «BI Group» холдингі Түркістанда бірнеше нысанның құрылысын аяқтап, әкімшілік-іскерлік орталық, «Нұр-Сұлтан» алаңы және «Алатау» медиа орталығын пайдалануға берді. Қаладағы ең басты жоба саналатын әкімшілік-іскерлік орталықтың бір ерекшелігі – айрықша сәулетінде. Облыстық әкімдік, басқармалар мен департаменттер орналасатын ғимарат қос қасбеттен тұрады: біріншісі – HPL-панельдер, екіншісі – ұлттық ою-өрнек түріндегі фибробетон. Мамандардың сөзіне қарағанда, қос қасбет негізінен ыстық ай­мақ­тарда жиі қолданылады, өйткені ол қараңғылық әсерін беріп, ғимаратты күннің ыстық сәулесінен қорғайды. Дизайнында көркем паркет, сәндік панельдер, ерекше факторлы мәрмәр қолданылған. «BI Group» холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаевтың айтуынша, әкімшілік-іскерлік орталығында сейсмикалық нормалар ескеріл­ген. Ғимараттардағы жылыту, жел­дету және салқындату жүйе­лері автоматтандырылған.

Сыртқы желілер бойынша жобаны әзірлеуде электр мен жылу өндіруге арналған қондырғылар орнатылыпты. Жұмыс барысында артық шығындар болмауы үшін үнемді өндіріс технологиясы қолданылған. Құрылысшылар екі ауысымда жұмыс істеп, жобаны мерзімінен бір ай бұрын тапсырған. Компания құрылысын жүргізген тағы бір нысан – «Нұр-Сұлтан» алаңының жалпы ауданы – 54 000 шаршы метр. Оның 30 000 шаршы метрі көгалдандырылып, ағаштар отырғызылған, аспанға атылған су ағыны мың құбылып, тұман, гейзерлердің бейнесін жа­­сай­тын субұрқақ орнатылған. Компания мұндай субұрқақты бүкіл өңір бойынша қолдануға ниетті. Сонымен қатар «BI Group» холдингі қалада жергілікті БАҚ қызметі үшін салынған, заман­ауи құрылғылармен жабдықталған екінші ауқымды жоба – «Алатау» медиа орталығын салды. Елбасы өңірлік БАҚ өкілдеріне арналған жұмыс бөлмелерін аралап көрді. Журналистерге арналған 4 қа­батты ғимаратта 200-ден астам адам жұмыс істей алады. Медиа орталықта конференц-зал, телестудия, гример, аудио және видеомонтаж орындары, редакция­лар мен әкімшіліктің кеңсе­лері, брифинг-орталық, фуд-корт қарас­тырылған. Ал ғимарат­тың қас­беті күн жылуын 70%-ға дейін өткіз­бейтін энергия үнем­дейтін шыны­дан жасалған, яғ­ни қыс мезгі­лінде ғимарат ішінде жылуды сақтап, ал жазда жайлы қоңыр салқын ауа қа­лыптастырады. Жал­пы құрылыс ко­м­паниясы Түркіс­танда 7 маңыз­ды нысанды салуда, оның ішінде «Ұлы дала» мұра­жайы, «Hampton by Hilton» қонақүйі және 7000 орынды футбол стадионы бар.

Сондай-ақ жұмыс сапары ба­ры­сында Елбасы Түркістан об­лыс­тық әкімдігінің жаңа ғимара­тында Nur Otan партиясы филиалының халық пен билік арасын жақындату бағытында қолға алған жобасымен таныс­ты. Облыс әкімі, Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиа­лының төрағасы Өмірзақ Шөкеев тұрғындардың өтініші мен құқықтары әрдайым басты назар­да болатынын жеткізді. Ал жобаның жұмысымен Елбасын партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев таныс­тырды. Мұнда партия халықты ашық форматта қабылдайды. Ар­найы қоғамдық қабылдау бөлме­лерінде тұрғындардың талап-тілегі тыңдалып, арыз-шағым, өтініш­тер бойынша тиісті жұмыстар жүр­­гізіледі. Сонымен бірге құ­қық қор­ғау органдары мен тұр­ғындар жиі сұрақ қоятын әлеу­меттік саланың өкілдері де тұрғын­дарға көмектеседі. Әрбір азамат­тың шағымы пост-терми­нал ар­қылы қабылданады. Бар­лық өті­ніштер партия тарапынан тұ­рақты қадағалануға алынады. Бұл жаңа бастама ашық әкім­дік жобасын жандандыру мақсатында қолға алынып отыр. Б.Тә­жібаевтың айтуынша, бүгінде Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» – Nur Otan партиясының 7 серпіні» бағдарламасы аясындағы тапсырмасына сәйкес өңірде жүйелі жұмыс атқарылуда. «Open space» форматында ашылған Қоғамдық қабылдау кеңсесі жаңа ғимаратқа көшірілген. Лауазымды тұлғалар тұрғындарды тұрақты түрде қабылдап, мәселелер шешімін табуда. Мысалы, биыл қаңтар-қазан айлары аралығында партия филиалының барлық Қоғамдық қабылдау бөлмелеріне түскен 6047 арыз-шағымның 2358-і (39%) оңтайлы шешілсе, 3611 өтінішке заң аясында кеңестер берілген. Сондай-ақ кәсіпкерлерге заң жүзінде кеңес беріп, арыз-шағымын тыңдайтын қоғамдық бизнес-қабылдауы да іске қосылған.

Айта кетелік, бүгінде Түркістан облысында Nur Otan партиясының 90 мыңға жуық мүшесі бар. Өңірде 255 бастауыш партия ұйымына талдау жүргізіліп, 2,5 мыңнан аса адам партия қатарынан шығарылған. Жаңадан бес бастауыш партия ұйымы ашылып, кәсіпорын мен шаруашылық ұйымдарының өкілдері партия қатарына тартылды. Осы жылдың соңына дейін ашылатын бастауыш партия ұйымдарының санын онға жеткізу жоспарланып отыр.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Түркістанға жұмыс сапары кезінде қаладағы жаңа нысандардың құрылыс қарқыны жоғары екенін айтты, бұл орайда облыс әкімдігінің еңбегі де елеусіз қалмады.

 

Түркістан облысы