Газ бағасының дәстүрлі отыннан қымбат болуының себебі оның тасымалдануы мен кен орнындағы шикізатты өндірудегі ерекшеліктерінде жатыр дейді қала әкімінің орынбасары. Десе де оның құны айтарлықтай жоғары болмайды деп жеткізді.
– Көмір көрші Қарағанды және Павлодар облыстарынан жеткізіледі. Ал газ мың шақырымнан асатын аймақтан тасымалданады. Сол секілді көмір мен газды өндірудегі айырмашылықтарды ескеру керек. Алайда газдандырудың басымдықтары көп. Көмірден бірден бас тартпаймыз. Жылу электр орталықтары алдағы бес жыл ішінде қайта жарақталады. Сонымен бірге 3-ЖЭО құрылысы қатар жүреді. Онда суды жылыту қазандықтары газбен жұмыс істемек. Сол себепті тұрғын үйлерде жылудың бағасы көтеріледі. Бірақ айтарлықтай емес. Жеке сектор иелері көмірді немесе газды пайдаланады, таңдау өз еріктерінде, – деді Е.Қизатов.
Орталықтандырылған газбен жабдықтау кезең-кезеңмен іске асырылады. Астананы көгілдір отынмен қамту Тұңғыш Президенттің «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында орындалып отыр. Бұл жұмыстар негізгі екі бағытта жүзеге асырылмақ. Атап айтсақ, алғашқы кезеңде тұрғын үй алаптары мен өндіріс ошақтарына газ желілері жүргізілетін болады. Бұдан кейін 1-ші және 2-ші ЖЭО газға қосылады. Құрылыс жұмыстары 3 кезеңнен тұрады.
– 2019-2020 жылдары «Көктал-1», «Көктал-2», «Железнодорожный», «Оңтүстік-Шығыс» тұрғын алаптарына және Промышленный кентіне газ тартылады. Бұл жұмыс келер жылы аяқталады деген сенімдеміз. Құрылыстың екінші кезеңі аясында Интернациональный, Күйгенжар, Тельман тұрғын аудандары, сондай-ақ Пригородный, Garden Village, Family Village қалашықтары көгілдір отынға қосылады. Үшінші кезеңде Ильинка, Шұбар, Өндіріс аудандарына газ құбыры тартылмақ, – дейді қала әкімінің орынбасары.
Елорданы көгілдір отынмен қамту «Сарыарқа» жобасы негізінде іске асуда. Құны 250 млрд теңгеден асатын магистральді газ құбырының ұзындығы 1061 шақырым. Орталықтандырылған газ жүйесімен 170-тен астам елді мекен қамтылады деп жоспарланған.