Аймақтар • 06 Қараша, 2019

Қоғам тыныштығын күзеткен әулет

666 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қасындағы серігін жәбірленуші әйелдің қасына қалдырған сержант оқиға орнынан біршама ұзап үлгерген қылмыскерді қуа жөнелді. Екі арадағы қашықтықты қысқарта түскенімен, қашқын қараңғы көшелердің біріне жалт бұрылып көзден таса болар түрі бар. Оның ойын болжап үлгерген милиция сержанты «Тоқта, атамын!» деп айқайлап, аспанға ескерту ретінде оқ атты. Оқыстан атылған оқ дауысы түнгі он шамасында мүлгіген тыныштықты бұзды...

Қоғам тыныштығын күзеткен әулет

 

Түнгі жортуылға шығып, кісі тонаумен айналысып жүрген қылмыскерді құрықтаған милиция сержанты Нұрғали Базар­құлов басшыларынан марапат алған-ды. Иә, бүгінде зейнеткер Нұрғали Сапақұлы сол 1986 жылғы оқиғадан кейін қа­ру қолданатындай жағ­дай­дың бол­мағанына қуанады. Ішкі істер саласында 27 жыл қыз­мет етіп, аудандық полиция бөлімі бас­ты­ғының кадр және тәрбие жө­ніндегі орынбасары лауазымына дейін көтеріліп, зейнеткерлікке майор шенінде шыққан Н.Базар­құлов аттан түскен жоқ. Яғни, Келес аудан­­дық ішкі істер органы арда­гер­лер кеңесінің төрағасы, аудан­­дағы қоғамдық кеңестің мүшесі. Ел тыныштығын қор­ғауда жауапкершілікті сезініп, қиындыққа мойымау, анттан тай­мау әкеден дарыған қасиет Базар­құловтар әулетінде ұрпақ­тан ұрпаққа жалғасып келеді.

Ұлы Отан соғысының арда­гері, Ішкі істер министрлі­гінің құрметті ардагері, Сарығаш ауда­­­нының Құрметті азаматы, «Қызыл Жұлдыз», «Отан» ор­ден­дерінің иегері Сапақ Базар­құлов салған сара жол үзіл­ген жоқ. Бүгінде зейнетке шық­қаны, қызмет етіп жүргені бар Базар­құлов әулетінен 17 адам өз өмірін ішкі істер саласымен байланыстырыпты. Ішкі істер органдарында екі-үш және одан да көп ұрпақ буыны қызмет еткен отбасыларда патриотизм, абырой және қызмет борышы қарапайым сөз болып қалмайтынын айтушылар көп. Яғни, дәл сондай әу­леттерде қызметке құрмет, бо­рышқа сенімділік, мамандыққа деген адалдық балалық шақтан беріледі. Осындай жоғары адам­гершілік құндылықтар, бас­қалар үшін өзін құрбан ете алу атадан әкеге, әкеден балаға бе­рілсе, келесі ұрпақ та осы ма­мандықты таңдары анық. Сапақ Базарқұловтың үлкен ұлы мен кенжесі де бала кезінен алда қи­ыншылықтар мен сынақтардан өту керектігін біле отыра, әке жолын жалғастырыпты. «Милиция отбасында дүниеге келдік. Әкеміз 1941 жылы соғысқа дейін әскер қатарына алынған. Украинада алғашқы әскери даярлықтан өтіп жүргенде соғыс басталыпты. Майданға алғашқылардың қатарында аттанған. 1944 жылы Карпат тауында жарақаттанып, мамыр айында елге оралған. Аудандық атқару комитетінде нұсқаушы болды, Сайрамдағы зооветтехникумды бітірді. Сөй­тіп 1948 жылы партияның нұс­қауымен ішкі істер саласында қызмет ете бастаған. Ал 1973 жылы милиция майоры ше­нінде зейнеткерлікке шықты. «Участковый» болған әкеміз үне­мі ат үстінде жүретін, үйде си­рек көретінбіз. Кейінірек қызметтік «Урал» мотоциклін мінді. Қиын кезеңдерде қызмет етті. Милиция мамандығының қиындығын ұл­дарым көрмесін деді ме, әй­теуір бізді үгіттеген жоқ. Басқа ма­мандықты мең­гергенімізді қа­лады. Өмірден 95 жасында өт­­кен әкемізді мақтан етеміз, оның елге мінсіз қызметін ұр­па­­ғына үлгі етіп, насихаттап жүр­міз. Үлкен ұлы Мырзағали да осы мамандықты таңдап, тер­геуші болды, аудандарда түр­лі қызметтерді атқарды қазір отставкіде, ішкі істер орган­да­ры­ның құрметті ардагері. Ол ағам­ның екі ұлы полицияда еңбек етуде. Әпкемнің 4 ұлы осы салада. Тағы бір ағамның 3 ұлы да осы саланы таңдап, мінсіз қызмет атқаруда. Жалпы, әкемізден бас­тап, немерелері мен жиендерді қосқанда 17-міз осы ішкі істер саласын таңдаппыз. Оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет етіп жүргендер де бар», – дейді Нұрғали Сапақұлы.

Қызметтік жолын Шымкент­тегі Абай ауданында қатардағы милиционерден бастаған Н.Ба­зарқұлов Алматыдағы ар­найы милиция мектебін, кейінірек жоғары милиция мектебін тер­геуші мамандығы бойынша бі­тірген. Ұзақ жылдар Келес ауда­нында жауапты қызметтерді ат­қарып, 2013 жылы зейнетке шыққан. Министрліктің Ал­ғыс хаттарының, «Қазақстан поли­циясына 25 жыл» мерекелік ме­далінің, «Ішкі істер орган­да­рындағы мінсіз қызметі үшін» медалінің иегері, үш ұл, үш қыз тәрбиелеген өнегелі әке бүгінде ұрпағын мақтан тұтады. Тұңғышы Сержан әке жолын қуып, Семейде одан кейін Алматыдағы жоғары милиция мектебін бітірген. Одан кейінгі қызы Аякөз де жоғары милиция мектебін бітіріп, бүгінде полиция капитаны, Көліктегі полиция департаментінің ӘПБ инс­пекторы болып елордада еңбек етуде. Тағы бір ұлы Бөгенбай полиция капитаны, Келес аудандық полиция бөлімінде анықтама бөлімінің басшысы. Ал кенже ұлы Ал­матыда әскери-десанттық бри­гадада келісімшарт бойынша қызмет етуде.

«Ұлдарым, қызым бұл маман­дықты өздері таңдады. Ішкі іс­тер саласында жұмыстың қиын екенін білгендіктен де, оларды үгіттеген емеспін, өз еріктеріне салдым. Біздің қызметте уақыт­пен санасу деген ұғым жоқ. Тіпті мереке күндері де халықтың отба­сымен алаңсыз демалуы үшін жағдай жасауымызға ту­ра келеді. Бұл – біз таңдаған ма­­мандық, полицияға бекер келіп­пін, сержант кезде шығып кету керек еді деген пенделік ойлардың болғаны да жасырын емес. Қиындығына шыдадық, намысқа тырыстық, адал да мінсіз қызмет етуді қаладық. «Ең қиын мамандық – адам болып қалу», деген бір ойшылдың сөзі бар ғой, сол айтқандай адами қасиеттен ауытқымауды мақсат тұттық. Қызметтік тәжірибемізді, өмірден алған сабақтарымызды жастармен бөлісудеміз. Бүгінде Келес АІІБ-нің басшысы поли­ция полковнигі Ш.Оңғаров басқарып отырған ұжымда өз қызметін мінсіз атқа­рып жүрген полицей­лер көп. Көп нәрсе басшыға да байланыс­ты ғой, бұл орайда Шырынбек Сусынұлы аға буын ардагерлермен тығыз байланыс орнатып, ұрпақ­тар сабақ­тастығын сақтау бағытында өне­гелі бастамаларды жүзеге асыруда», – дейді Нұрғали Базар­құлов.

Елдегі тұрақтылық пен қоғам тыныштығын күзеткен Базар­құловтар әулетінде полицейлер қатары арта түсеріне сенім мол. Өйткені ішкі істер органдары қызметкерлері қоғамдық қауіп­сіздікті күзете жүріп, ізін жалғар, ісін жалғастырар кадр даярлап жатыр деуге болады. Полиция қызметкерінің басты міндеті – қоғамдық тәртіпті қорғау және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету болса, Базарқұловтар сол қо­ғам тыныштығын сақтауды по­ли­циялық парызымыз деп есеп­тейді.

 

Түркістан облысы