Аймақтар • 06 Қараша, 2019

СҚО-да ұрланған 300 жылқы иелеріне қайтарылды

267 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысы ІІД баспасөз қызметінің хабарына қарағанда жыл басынан бері өңірде 80-нен артық мал ұрлығы тіркелген. Жоғалған малдың көпшілігі жайылымнан қуылып кеткендер. Облыста «Бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2019-2020 жылдарға ведомстволық бағдарламаны іске асыру аясында Полиция департаменті мал ұрлығын ашу және оның алдын алу бойынша кешенді іс-шараларды жүзеге асыруда.

СҚО-да ұрланған 300 жылқы иелеріне қайтарылды

«Мал көбіне жайылымда қараусыз қалғанда ұрланады. Мал иелері бірден полицияға хабарламай, алғашқы күндері өздері іздеп таппақ болады. Бұл тәртіп сақшыларының жұмысын қиындатады. Мал ұрлығын «ізін суытпай» ашу мүмкіндігінен айырады», - дейді ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.

Полиция қызметкерлерінің іздеу шараларының нәтижесінде Ақжар ауданында қазан айында ұрланған 300 жылқы табылып, иелеріне қайтарылған. Осы ауданнан ұрланған тағы да 49 жылқы іздестірілуде, осыған қарағанда бұл ауданда ұйымдасқан жылқы ұрлаушылар тобы бар сияқты. Жамбыл ауданында да бағылмай, еркін жайылымда жүрген 46 тұяқ жылқы жоғалған.

Барымташылар көбіне қараусыз жүрген малды қуып кететіні белгілі болып отыр. Ұрланған барлық тұяқтың 18 ғана қорадан, ал қалғаны жайылымнан ұрланыпты. Осыған орай, полицейлер мал иелерінен малдарына абай болуға, жергілікті әкімдіктер және бақташылармен үш жақты шарт жасауға, сонымен қатар таңбалау мен нөмірлеу сияқты тиімді профилактикалық шаралар қабылдауға шақырады. Сондай-ақ мал қорасын техникалық жағынан күшейтілуін қамтамасыз ету қажет екендігі ескертілген.

Сондай-ақ СҚО полицейлері «Браконьер» жедел шараларының барысында бір айда ғана заңсыз жиналған 5,5 тонна артемия шаяндарын тәркіледі. Қазір мемлекетке келтірілген шығын көлемі анықталуда. Осы операцияның барысында 18 қылмыстық іс қозғалды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы