Аймақтар • 06 Қараша, 2019

БҚО-да терроризмнен сақтанбаған 13 басшыға айыппұл салынды

280 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында түрлі нысандардың терроризм қаупіне дайындығы, оған қарсы іс-қимыл алгоритмі тексеріліп жатыр. Сақтық және алдын алу шараларын ақсатқан кейбір басшыларға шара қолданылған.

БҚО-да терроризмнен сақтанбаған 13 басшыға айыппұл салынды

- Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы террористік тұрғыда осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында олардың басшылары мен иелеріне тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді, - дейді БҚО ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Болатбек Белгібеков.

Түрлі ғимараттарды терроризмнен қорғау ережелері қатаң сақталуы тиіс. Бұл - заман талабы. Сондықтан тиісті органдар түрлі нысандардың қауіпсіздік ұйымдары басшыларымен, иелерімен және өкілдерімен кездесіп, түсіндіру жұмысын жүргізеді. Террористік қауіп төнген жағдайда олардың жасауға тиісті әрекеттері туралы ескерту таратылады.

- Соңғы кездері тексеру барысында террористік тұрғыда осал деп танылған 30 объектіде заң бұзушылық анықталып, оларды жою туралы 30 жазбаша өкім шығарылды. Террористiк тұрғыдан осал объектiнiң терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету және қауiпсiздiгiнiң тиiстi деңгейiн сақтау жөнiндегi мiндеттердi толық орындамағаны үшін 13 басшы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдың жалпы сомасы 5 миллион теңгеден астам, - дейді БҚО ПД экстремизмге қарсы күрес басқармасының бастығы Асхат Хасанғалиев.

Осы бағыттағы түсіндіру жұмыстары жақында Орал қалалық кешкі орта мектепте де өтті. Мұнда ата-анасыз қалған және тұрмысы төмен отбасылардың 200-ге жуық баласы оқиды. Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкері Артем Гусев мектеп мұғалімдері мен қызметкерлеріне террористік қауіп төнген жағдайда жасайтын әрекетін түсіндірді.

- Терроризмге ұшыраған нысанның әр қызметкері террористік қауіп төнген жағдайда не істейтінін білуі керек. Мысалы, күдікті зат табылған кезде оған қол тигізуге, оны жылжытуға, кез-келген нәрсемен жабуға, жақын жерде ұялы телефонды қолдануға және басқа әрекеттерге қатаң тыйым салынады. Ол үшін тиісті қызметке хабарлаңыз, - дейді полиция майоры А.Гусев.

 

Батыс Қазақстан