Фестиваль 5-7 қараша аралығында көрермендер назарына Еуропалық Одаққа мүше елдердің 16 фильмін, сондай-ақ еуропалық режиссерлердің эксклюзивті мастер-класстарын ұсынады. Фестивальдің мақсаты – Еуропа мәдени мұрасының үздік жаңа фильмдерін ұсыну, көпшілік бұқараның кинемотографиялық өнерге қызығушылығын арттыру және халықаралық ынтымақтастықты нығайту.
Шараның ашылу салтанатына Қазақстандағы Еуропалық Одақ Елшісі Свен-Олов Карлссон, фестивальдің арнайы қонақтары режиссер Ренарс Вимба (Латвия), режиссер Каролин Тирион (Бельгия) және зерттеуші Энн Лодисуа («Мбудха» фильмнің басты кейіпкері) қатысты.
Ұсынылған кино туындылардың барлығы беделді халықаралық кинофестивальдердің жүлдегерлері, атап айтқанда, үш «Сезар» сыйлығының жүлдегері – «Кішкентай фермер» (Bloody Milk), «Давид ди Донателло» сыйлығының иегері – «Чамбра» (A Ciambra), «Үміт айыбы» (The Vice of Hope) фильмдері, Канн фестивалінің сыншылар аптасының Гран-при иегері – «Диамантино» (Diamantino), Локарно кинофестивалінің әділқазылар алқасының арнайы сыйлық жүлдегері – «Рэй мен Лиз» (Ray & Liz), Венеция кинофестивалінің «Үздік актер» номинациясының жүлдегері– «Әулие Георгий» (Saint George), Карловы Вары кинофестивалінің «Үздік режиссер» номинациясының жүлдегері – «Шек» (The Line) , «Қысқы шыбын-шіркей» (Winter Flies), сонымен қатар Бухарест, Словения, Словакия, Монреаль, Токио және Сандэнс кинофестивальдарының бірқатар жүлдегерлері.
«Біздің көрермендеріміз әр түрлі жанрдағы, қызықты желісі бар және әртістер сөйлейтін тілдердің саналуандылығында жатқан еуропалық мәдени әртүрліліктің байлығын сезіне алады, өз кезегінде, бұл ешкімді бей-жай қалдырмайды деп ойлаймын. Биыл біз оқыту компонентін күшейту мақсатында Қазақстанның жас режиссерлеріне кездесу мен тәжірибе алмасуға алаң ұсындық. Фестиваль кино нарығын дамытуға септігін тигізіп, Еуропаның үздік киносын ұсынатын тұғырнамаға айналуы қуантарлық жайт», - деп атап өтті Қазақстандағы Еуропалық Одақ Елшісі Свен-Олов Карлссон.
Фестиваль бағдарламасын латвиялық режиссер Ренарс Вимбаның «Мен осындамын» авторлық фильмі ашты. Ол – Берлин кинофестивалінің «14plus» санатындағы ең үздік көркем фильмі үшін «Хрусталь аю» жүлдесінің иегері. Вимбаның фильмі – жалғыздық, алғашқы махаббат және жасөспірімнің алғашқы сәтсіздіктері, сынақтары мен ересек өмірдің бірінші жеңістері туралы оқиға.
6 қараша күні Тұран Университетінде фильм жасау, питчинг және деректі фильм түсіру тақырыбында режиссерлер Ренарс Вимба мен Каролин Тирионның кинематографистерге арналған арнайы мастер-класстары өтеді.
Ал 7 қараша күні фестивальді Каролин Тирионның «Мбудха» деректі фильмі аяқтайды. Кинофильмде Энн Лодисуаның Конго Демократиялық Республикасына жасалған экспедициясы көрсетілген. Фильм Францияның Гренобль қаласында 2019 жылы өткен Les Clefs de l'Aventure фестивалінің жүлдегері.
Фестиваль фильмдері беделді Еуропалық Cineuropa порталымен бірге іріктелді. Фильмдердің басым көпшілігі бірнеше еуропалық елдердің бірлескен өндірісімен шығарылған. Фильмдер орыс тіліндегі субтитрлермен бірге түпнұсқа тілінде көрсетіледі, сондай-ақ көрермендерге кіру тегін.