Аймақтар • 06 Қараша, 2019

СҚО-да аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

405 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде «Ұлы даланың жеті қыры – болашаққа бағдар» атты аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция болып, онда өңірде істеліп жатқан жұмыстарға ғылыми тұрғыдан бағалар берілді.

СҚО-да аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Конференцияны ашқан университеттің ғылым және инновациялық жобалар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ыбыраева Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласына тура бір жыл толып отырғанын айта келіп, осы орайда өңірде көптеген жұмыстардың жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. «Осы жұмыстардың бәріне дерлік университеттің ұстаздары мен студенттері белсене қатысып, бағдарлама аясында белсенді жұмыстар атқаруда», деді ол.  

Конференция барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде атқарылған жұмыстар қатарында «Абылай ханның ақ үйінің», «Құлсары батырдың», Абылай ханның батырлары болған Жансүгір, Қосағалы, Сүйіндік батырлардың қалай зерттеліп, мұрағат деректерінің қалай табылғаны жайында баяндамалар оқылды. Соңғы үш батырдың басына кесенелердің қалай орнатылғаны да сөз болды. Сондай-ақ Шал ақынның осы күнге дейінгі зерттелу деңгейі және соңғы уақыттарда қосылған жаңалықтар туралы айтылды.

Конференцияға қатысушыларды облыс аумағында осыдан бір ай бұрын ғана облыс аумағынан табылған «Қызыл обадағы» археологиялық-қазба жұмыстарының жайы да қызықтырды. Онда Алтын Орда хандары дәуіріндегі мавзолейдің болғандығы белгілі болып отыр. Жерлеулер мұсылман дәстүрімен атқарылғанымен кейбір сүйектерден алтын, күміс алқалар да шыққаны айтылды. Бұл туралы баяндаманы қазба жұмыстарына қатысқан, магистрант Орал Құсайынов жасады.

Баяндамаларда бүгінгі таңдағы киелі жерлер тізіміне Солтүстік Қазақстаннан 25 нысанның енгізілгені, оның 8 республикалық маңызы бар орындар екендігі де айтылды.

Конференция жұмысына облыстың тарихшы ғалымдары, архив және музей басшылары, өлкетанушылар, университет ұстаздары мен студенттері, БАҚ өкілдері қатысты. Отырысты «Рухани жаңғыру» орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Сабыр Ыбыраев жүргізді. 

 

ПЕТРОПАВЛ