Аймақтар • 06 Қараша, 2019

Бақытжан Сағынтаев азаматтарды жеке қабылдады

143 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев «ТОЛ-Құрылыс» компаниясының қызметкерлеріне айлар бойы берілмеген жалақыларын төлеуді тапсырды. Бұл жөнінде әкімнің өзі Instagram-дағы жеке парақшасында жазды.

Бақытжан Сағынтаев азаматтарды жеке қабылдады

Шаһар басшысы азаматтардың жеке қабылдауын өткізіп, онда еңбекақының уақытылы төленбеуі мен кезегі келгендерге баспана беру мәселесін қарастырғанын баяндады.

«ТОЛ-Құрылыс» компаниясының өкіліне қызметкерлердің тізімін жасап, еңбекақы бойынша қарызды жабуды тапсырдым. Жалпы, әкімдік аталған компанияның қызметкерлер алдындағы берешек мәселесін шешу бойынша кешенді жұмыс жүргізуде. Тиісті тапсырмалар берілді. Қабылдауыма келгендердің арасында тұрғын үй кезегінде тұрғандар көп. Олар үй алу кезегін тездетуді өтінуде. Бұл мәселені біз халықтың мұқтаж санаттары үшін салынатын үй салу көлемін ұлғайту есебінен шешетін боламыз», – деді Бақытжан Сағынтаев.

Қабылдауда тұрғындар тарапынан қаланың тыныс-тіршілігін жақсарту бойынша ұсыныстар да айтылған. Атап айтқанда, ауаны тазартатын жүйе ойлап табу, кеңістікті абаттандыру, шығармашылық ойды іске асыру, ана мен бала бойынша ақпаратты цифрлау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

«Келіп түскен ұсыныстарды қарастырамыз. Мүмкін кейбіреуін «Бюджетке қатысу» жобасы арқылы жүзеге асырамыз. Кейбір мәселелер терең зерттеуді қажет етеді. Сондай-ақ Қоғамдық кеңестің талқысына түсетін мәселелер де бар», – деп түйіндеді Алматы әкімі өз жазбасын.

 

АЛМАТЫ