Қазақстан • 06 Қараша, 2019

Олимпиада ойындарына дейінгі сынамалар 10 жыл сақталатын болады - WADA

126 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов бастаған қазақстандық делегация WADA ұйымының бас директоры  Оливьер Ниггле және WADA–ның Азия өңіріндегі кеңсесінің басшысы  Казухиро Хайашимен кездесті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.   

Олимпиада ойындарына дейінгі сынамалар 10 жыл сақталатын болады - WADA

Кездесу спорттағы допинг мәселелеріне арналған V Бүкіләлемдік Допингке қарсы конференция аясында өтті. Қазақстандық тарап допингпен қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату, Ұлттық допингке қарсы ұйымның мәртебесін арттыру сұрақтарын қамтитын заң жобасы туралы кеңінен айтып берді. Өз кезегінде, Ниггле мырза Қазақстан Үкіметінің аталған бағытта қолға алып жатқан реформаларын жоғары бағалап, болашақта допингпен күрес мәселесінде ынтымақтастықтың нығаятынына сенім білдірді.

Естеріңізге салайық, дене шынықтыру және спортқа қатысты заң жобасы Мәжілістің екінші оқылымында мақұлданып, СҚР Парламенті Сенатының қарауына жіберілген болатын.

Өз кезегінде, Казухиро Хайаши допинг-сынамалардың сақталуы жүйесінің реформаланып жатқанын айта кетті.   

«Олимпиада ойындарына дейін алынған допинг сынамалар болашақта 10 жыл сақталатын болады. Бұл допинг-сынамаларды сақтау мен оларды қайтадан сараптамадан өткізудің жаһандық бағдарламасы болмақ»,-деді Хайаши.

Сонымен қатар, қос тарап допингке қарсы кодекс пен халықаралық допингке қарсы стандарттардың қайта қаралу процесін талқылады. Жаңа халықаралық стандартқа сүйенсек, қандай да бір елдің допингке қарсы агенттігі халықаралық кодекске сай келмейтін болса, сол елдің спортшысы жарыстан шеттетіледі, оның қатарында Олимпиада ойындары да бар.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың желтоқсанында  WADA ұйымы допингке қарсы кодекс пен халықаралық допингке қарсы стандарттарды қайта қарау процесін бастаған болатын.  Содан бері 2000 түзетулер өңделіп, өзгеріске ұшыраған құжатты әлемдік заңгерлер сараптаудан өткізген болатын. 2017 жылдан бері қаралып келе жатқан өзгерістер Польшадаға конференцияның да басты тақырыптарының бірі болды. 

Еске салсақ, 5 қарашада Польшаның Катовице қаласында спорттағы допинг мәселелеріне арналған V Бүкіләлемдік Допингке қарсы конференция басталған еді. Аталған жиынға бүкіл әлемнен 1000-нан астам делегат қатысып жатыр. Күн тәртібінде – допингпен күрес мәселесі. Сондай-ақ конференция барысында Польшаның спорт және туризм министрі  Витольд Банька Бүкіләлемдік Допингке қарсы Агенттік  ұйымының (WADA) басшысы болып тағайындалады.