Аймақтар • 06 Қараша, 2019

Үш елдің елшісі Батыс Қазақстанға келді

308 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Нидерланд королдігі, Ұлыбритания және Америка Құрама Штаттары мемлекеттерінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілері Батыс Қазақстан облысына келіп, өңір басшысының орынбасары Серік Егізбаевпен кездесті. Мәртебелі меймандар сапарын Қарашығанақ мұнайгазкондетсат кенішін игеруші альянс мүшелерінің бірі «Шелл» концернінің төрағасы Оливье Лазар ұйымдастырған.

Үш елдің елшісі Батыс Қазақстанға келді

Суретті түсірген Мейірбек ТӘЖҚҰРАНОВ

Облыс әкімдігінде өткен кездесу кезінде Серік Егізбаев қонақтарға Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы қысқаша баяндап, алда жоспарланған әріптестік байланыстар туралы сөз етті. 

- Шелл компаниясы Қазақстанда, соның ішінде Батыс Қазақстан облысында 25 жылдан артық уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Қарашығанақ кенішін игеруші операторларының бірі болғандықтан, өңір басшылары мен біздің арамызда өте жақсы қарым-қатынас қалыптасты. Біз осы өңірдің экономикалық-әлеуметтік секторының дамуына мүдделі әріптес болдық және солай қала береміз. Осындай жылы да іскер қарым-қатынасымыз үшін өңір басшыларына алғыс білдіреміз. Назарбаев зияткерлік мектептерінде күн қуатын пайдалану жобасын бастағанбыз, жақында мұндай станса Орал қаласында да іске қосылды. Біздің осы жолғы сапарымыздың мақсаты – алда болатын ықтимал әріптестік жобаларын ақылдасу, жергілікті бизнес қауымдастығымен кездесу. Сондай-ақ мәртебелі меймандарды Қарашығанақ кенішіндегі өндіріс орындарымен таныстырамыз, - деді Шелл концернінің төрағасы Оливье Лазар.

АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозер өз сөзінде осындай сапарлардың өте пайдалы болатынын айтады. «Біздің елдеріміз арасындағы экономикалық әріптестік жыл сайын артып келеді. Американ бизнесі Қазақстанға инвестиция салуға әрдайым ықыласты. Тек экономика саласында ғана емес, өнер мен мәдениет тақырыбында да ортақ жобаларымыз көп. Осы сапарымда өңірдің ерекшеліктерін көзіммен көріп, инвестиция мүмкіндігін одан әрі арттырамыз деп ойлаймын», дейді Уильям Мозер.

Ұлыбританияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Майкл Гиффорд өз елінің Қазақстан мұнай-газ, сауда секторында ең басты әріптес екендігін айта келіп, екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 2,7 млрд фунт-стерлингтен асқанын жеткізді. Соңғы үш жыл ішінде ғана екі елдің 31 компаниясы арасында әріптестік орнаған.

«Біз барлық салада жергілікті мазмұнның көбеюіне көңіл бөлеміз. Өткен айда Лондонда Ұлыбритания мен Қазақтан арасындағы сауда саласын одан әрі дамыту туралы жиын өтті. Біздің мемлекеттер арасында мұнай-газ, сауда, қаржы және білім салаларына басымдық берілген. Соңғы 25 жылда «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған қазақстандықтардың тең жарымы Ұлыбританияны таңдаған екен. Осының өзі біздің мемлекеттер арасындағы тығыз қарым-қатынасты көрсетеді. Батыс Қазақстан облысына тұңғыш сапарымда өңірдің экономикалық-әлеуметтік әлеуетімен жақынырақ танысып, іскерлік және мәдіни байланысты одан әрі тереңдетуге асықпын», дейді өз сөзінде Майкл Гиффорд.

Нидерланд королдігінің еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Андре Карстенс те астанада ғана емес, өңірлерде өтетін осындай кездесулердің екіжақты қарым-қатынасты күшейтуге көп септігі тиетінін жасырмады.

- Голландия жер көлемі жөнінде шағын болғанымен, Қазақстанға ең көп инвестиция салған мемлекет, біз мұны мақтан тұтамыз. Өздеріңіз білесіз, бізде қоршаған ортаны қорғау мәселесі жақсы жолға қойылған. Мысалы, пайдаланылған судың 90%-дан астамы қайта өңдеуге түседі, - дейді Андре Карстенс.

Бұдан бөлек, алдағы уақытта голландиялық инвестицияның көмегімен Батыс Қазақстан облысында үлкен жоба – жылыжай кешені құрылысы басталмақ. Елшінің айтуынша, бұл жоғары технологияның бесінші буынына жататын озық кешен болады. Аумағы 50 гектардан асатын жылыжайда жылына 40 мың тоннадан асатын өнім алынбақ. Кешенде бау-бақша және гүл алқаптары суды өте үнемді пайдаланады. «Жылыжайдың өнімі тек Қазақстанға емес, жақын шетелдерге де экспортталады», дейді елші мырза.

Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Егізбаев әлемнің дамыған елдерінің елшілерін Ақ Жайық өңірінің туристік әлеуетін пайдалануға, көркем мүйістерін тамашалауға шақырды.

 

Батыс Қазақстан