Экономика • 07 Қараша, 2019

Ресей нарығында қандай кедергілер бар?

536 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ресей нарығына шығатын отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты мен импортына кері әсер ететін факторлар жетерлік. Оның ішінде ортақ жүйенің жоқтығы кәсіпкерлерді әуре-сарсаңға салуда. Шекара маңындағы қордаланған мәселені шешу үшін еліміздегі электронды ветеринарлық сертификаттау жүйесі мен Ресейдегі «Меркурий» ақпараттық жүйесін біріктірудің маңызы зор. Бұл туралы Ресейдің Омбы қаласында өтіп жатқан Қазақстан мен Ресей шекаралас өңірлері ынтымақтастығы XVI форумында Қазақстанның Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.

Ресей нарығында қандай кедергілер бар?

 

 Ортақ мүдде үшін ортақ келісім керек

Дәстүрлі түрде ұйым­дас­тырылатын шараның биылғы ар­қау еткен тақырыбы – «Шекара маңы ынтымақтастығын дамы­ту­дың өзекті мәселелері» деп аталды. Жасыратыны жоқ, екі елге ор­тақ шекара маңындағы елді мекендер арасында туындаған келелі мәселелер бүгінде оң шешімін табуды талап етеді. Форум ұйымдастырудағы негізгі мақсат та өңір үшін өзекті мәселелерді ашық алаңда талқылап, шешу жолдарын қарастыру болса керек. Шекара маңындағы елді мекендердің сауда саласындағы алыс-беріс мәселесі, отандық кәсіп­орындардың Ресей нары­ғына кірудегі кедергілері жайында бұған дейінгі «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған мақалаларда жан-жақты жазылған болатын. Мысалы, басылымның 5 қарашада жарық көрген №214 санында «Ынтымақтастықтың күнгейі мен көлеңкесі» атты мақа­лада сүт өнімдерін шығаратын «Зенченко и К» кәсіпорынның Қорғас қаласына экспортталып кел­ген өнімдеріне Ресей тара­пы­ның қолдан жасаған қысас­тығы туралы айтылған. Мәсел­е оң шешім тапқанымен, мұн­дай жағдайдың ертеңгі күні қайта­лан­басына кепілдік жоқ.

Форум аясында Ауыл шаруа­шылығы бірінші вице-министрі А.Сапаровтан екі ел арасындағы сауда нарығында орын алған келеңсіздік жайында сұраған едік.

– Экспорттаушылар үшін проб­лемалар туындап отыр­ғаны екі тарапқа да мәлім. Ком­му­ни­кациялық жүйе дұрыс құрылмаған. Өткен айда Мәскеуде бірінші халықаралық агроөнеркәсіп форумына қатысып, онда Ресей­дің Ауыл шаруашылығы минис­трл­ігі өкілдерімен кездесу өт­кіздік. Жиын барысында экспорт­таушылардың проблемаларын жедел шешу үшін жұмыс тобын құруға уағдаластық. Жақын арада ортақ келісімге келеміз деген ойдамын. Бұған дейін отандық кәсіпорындарға Ресей тарапы­нан қойылған шектеулер өз күшін жойды, – деді А.Сапаров. Сон­дай-ақ қазақстандық ауыл шаруа­шылығы өнім сапасын анықтау үшін электронды ветери­нарлық сертификаттау жүйесі мен Ресейдегі «Меркурий» ақпа­раттық жүйесі ортақ байланыс орнатуды жоспарлап отыр. Бұл бастама ең алдымен Қазақстанда тексерістен өткен өнімнің Ре­сей жерінде қайтадан талдап-тал­қылауға түспеуі үшін жасалған шара. Вице-министрдің айтуынша, бұл бастаманы жүзеге асыру үшін қажетті құжатқа қол қойылған. Ендігі міндет – бірлесе жұмыс атқару.

Қазақстан мен Ресей шекаралас өңірлері ынтымақтастығы XVI форумы аясында ұйым­дас­тырылған «Шекаралық сауда­ны дамыту: Еуразиялық акцент» панельдік сессиясын­да Орынбор облысының қар­жы-эко­номикалық саясат жөнін­дегі төраға орынбасары Наталья Левинсон қазақ­стандық тауарлардың Ресейдегі бел­гілі бір стандарттар мен талап­тарға сай келмеуі сияқты ресейлік өнімдердің де оның ішінде ет өнімдерінің қазақ нарығына ене алмай отырғанын жеткізді.

– Біздің ет өндіруші кәсіп­орындар қазақстандық нарыққа кіре алмайтындарын айтып, шағымданады. Себебі көрші елдің бұл өнім түріне өзіндік талаптары бар. Таяуда тиісті сала басшылары екі тарапта да туындаған бұл мәселенің оң шешімін тауып, жағдайды тұрақтандыруға келісті. Қазақстан мен Ресей тарапынан арнайы жұмыс тобы құрылып, кең көлемдегі стандарттық мәсе­ле­лерді реттеуді қолға алмақ. Әрине, сауда-саттық саласында түсін­беушіліктің туындауы заңды құбылыс. Ең бастысы, жағдайды тұрақтандыру үшін жылдап уақыт жоғалтпай ары кетсе, мәселені алдағы үш айда шешу жоспарланып отыр, – деді Н.Левинсон.

Әлбетте, жер жаһанда қалып­тас­қан нарықтың бұлжымас өз заңдылығы бар. Онда ең бәсекеге қабілетті, тұтынушылардың тал­ғамынан шыққан тауардың сұра­нысы жоғары болады. Ал егер өзге елдің озық өнімін қасақана нарықтан ысырып тас­таған жағдайда қандай шаралар қабылдануы қажет? Қазақ­станның Сауда және интеграция министрлігі экономикалық сауда департаментінің директоры Темірлан Жантасовтың айтуынша, Еуразиялық экономикалық комиссия тауарларды нарықтан ығыстыру бойынша 71 кедергіден тұратын тізім жасаған. Бүгінгі күні осы тізім бойынша жұмыстар жүргізілуде.

– Әрине, кез келген мемлекет өз мүддесі үшін тырысып бағады. Өз кәсіпкерлерінің көбірек пайда табуын көздейді. Қандай да бір елдегі протекционистік шара­лардың қолданылуын осылай түсіндіруге болады. Десе де жер­гілікті халықтың сұранысын орындау қаншалықты маңызды екенін ескеруіміз керек, – деді Т.Жантасов.

– Тұтынушылар нарығындағы келеңсіздіктерге қарамастан Қазақстанда соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы өнімдері мен өңделген өнім көлемі 1,5 есеге артты. Бұл ретте АӨК еңбек өнімділігінің орташа жылдық өсу қарқыны өткен жылы 6 мың долларға жетіп, 24 пайыз­ды құрады. Былтыр ауыл шаруа­шылығы өнімінің жалпы экспорты 24,5 пайызды құрап, оның ішінде өңделген өнім экспорты 3,5 пайызға жетті.

– Қазақстандағы аграрлық сектор кәсіпкерлік үшін қолайлы әрі өзін-өзі ақтайтын салалардың бірі. Тек соңғы 5 жылда бұл салаға 3,3 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Оның ішінде жеке сектор үлесі шамамен 80 пайыз. Бұл көрсеткіш қаншалықты аграрлық сектордың әлеуеті жоғары екенін көрсетеді, – деді А.Сапаров. Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрінің айтуынша,  екі ел арасындағы шекара маңы елді мекендерінің байланысы нығайса, ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті артады. Қазақстандағы астық жинайтын комбайндардың 80 пайызы Ресейдің өнімі. Соңғы жылдары «Россельмаш» елімізде ауыл шаруашылығы техникасын құрастыруды қолға алды. Сонымен қатар қазіргі уақытта ресейлік инвесторлармен бірге құны 1281 млн АҚШ долларын құрайтын ілкімді жобалар іске асуда. Оның ішінде Алматы қаласында орналасқан май шығару кешенін күрделі жөндеу жұмыстарынан өткізу, Батыс Қазақстан облысында құс фабрикасын салу, Алматы және Түркістан облыстарында жылыжай кешендерін салу, Қостанай облысында ет өңдеу зауытының құрылысын бастау жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасының бірлескен өндірісін арттыру ісі қолға алынады.  Жуық арада «Петербург трактор зауыты» компаниясының техника өндірісі бойынша бірлескен ортақ жоба құрылмақ.

 Шикізаттық емес секторды дамыту көзделмек

Расымен, шекара маңындағы елді мекендердің экономикалық, сауда-саттық әлеуеті зор, мүм­кіндігі мол. Қазақстанның Сау­да және интеграция минис­тр­лігі экономикалық сауда депар­таментінің директоры Темірлан Жантасовтың айтуынша, биылғы 8 айдың көрсеткішіне сәйкес екі ел арасындағы тауар айналымы 12 млрд теңгені құрады. Жыл соңына дейін 18 млрд долларға жеткізу көзделген.

«Қазақстан мен Ресей ара­сындағы шикізаттық емес экспортты дамыту» атты панельдік сессияда «Ресей экспорттық орталығы» АҚ басшысының кеңесшісі Игорь Жук тарихы тамыр жайған екі ел арасындағы әріптестік алдағы уақытта арта түсуі үшін жұмыла жұмыс атқару керегін тілге тиек етті.

– Қазақстан мен Ресей ынты­мақ­­тас­тығын дамытуға арналған форумның Омбы қаласында өтуі бекер емес. Шекара маңы облыстарының кәсіпкерлері үшін қазақ елімен бірлескен жобаларды жандандырудың маңызы зор, – деді.

Екі мемлекет арасындағы шикізаттық емес секторды дамыту туралы сөз болғанда туризм саласына тоқталмай кету мүмкін емес. «Атамекен» ҰКП сарапшысы Анар Шаймұханованың айтуынша, 2023 жылға дейін екі ел үшін туристік нарықтың әлеуеті шамамен 20 млн адамды құрайды. Оның ішінде демалыс күнгі автотур, жазғы санаторилік-курорттық турлар сұранысқа ие. «Ашық аспан» режіміне қосылу аясында Ресейдің 8 қаласына әуе қатынасы орнады. Бұған қоса, пойыз және жеңіл көлік арқылы қатынайтын жолаушылар саны да артып келеді.

 Шекарадағы шешілмейтін мәселе

Қазақстан мен Ресей шекарасында қордаланған мәселенің бірі – шекарадағы өткізу пункттеріне қатысты. Екі ел арасында бар­лығы 72 пункт бар болса, оның 30-ы автомобиль жолдарына арнал­ған. Қазақ жеріндегі өткізу пункті 6 жолақтан тұрса, Ресей жағын­дағы жолақ саны 2-еу ғана. Темір тұлпар тізгіндеушілері 2 жо­лақта ұзын-сонар кезекке тұрып, сағаттап күтуге мәжбүр. Орын­бор облысының қаржы-эконо­микалық саясат жөніндегі төраға орынбасары Н.Левинсон ресейлік тараптың олқылығы орынды уәж екенін айтады.

– Ресейлік өткізу орын­да­рының жағдайы өте нашар. Әсі­ресе ауыр жүк көліктері шекарада уақыт жоғалтады. Еура­зиялық экономикалық одақ пен Еуразиялық кедендік одақ­тың мүшесі бола тұра осындай қарапайым мәселелердің ше­шіл­меуі түсініксіз. Алдағы жылы жағдайдың дұрысталатынына сенгіміз-ақ келеді, – деді Н.Ле­вин­сон.

Форум аясында аталған мәсе­ленің екі жақтан да жетесіне жеткізіп айтылғанын, жиын қорытындысы бойынша тиісті шешімдер қабылданатынын Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі Сыртқы сауда қызметі департаменті директоры Уасиля Байқадамова атап өтті.

– Шекараның Қазақстан жағындағы өту пункттері күрделі жөндеу жұмыс­тары­нан өтті. Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін алты жолақты жол жұмыс істей­ді. Ал Ресей тарапынан ешқандай жұмыс­тар жүргізілген жоқ, – деді У.Байқа­дамова.

Айта кетерлігі, екі мемлекет арасындағы салалық байланыстың тереңдей түсуін мақсат еткен алғашқы Қазақстан – Ресей форумы осыдан 16 жыл бұрын алғаш рет Омбыда өткен еді. Содан бері екі ел арасында кезекпен форум өткізу дәстүрі қалыптасып, бұл форум түйіні күрмеулі мәсе­ле­лердің шешімі табылатын ортақ алаңға айналды. Әсіресе, саяси мәселелерді шешу, бизнес өкілдерінің екіжақты қарым-қа­тынасын нығайту, іскерлік байланыстарды әртараптандыру, алыс-беріс, сауда-саттық көлемін арттыруға арналған ілкімді жобаларды жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.

Биыл форум аясында «Шека­ралық сауданы дамыту: Еура­зиялық акцент», «Өнеркәсіп және технология саласындағы кооперациялық байланыстардың әлеуеті», «Қазақстан мен Ресей арасындағы шикізаттық емес экспортты дамыту», «Кәсіпкерлікпен айналысатын әйелдер – эконо­миканың өсу драйвері», «Қазақ­стан мен Ресей: цифрлы транс­формация», сондай-ақ «Эконо­микалық кооперацияның заманауи аспектілері» тақырыбында панельдік сессиялар өтті. Сонымен қатар екі мемлекеттің 40-қа жуық кәсіпорындарының қатысуымен көрме ұйымдастырылған болатын. Аталған шараға Қазақстан тарапынан 17 кәсіпорын қатысты.

Форумның екінші күні Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Президенті Вла­димир Путинмен кездесуі жос­парланған.

 

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Egemen Qazaqstan» –

Омбыдан (Ресей)