VІІІ ғасырдың шамасында Зеренді көлінің арғы жиегіндегі тайыздау тұсында әншейінде мелтектей көлкіп жататын көл суының сәл-пәл тартылуына байланысты шөкімдей арал пайда болыпты. Арада аз уақыт өткенде тақиядай аралдың жиегіне балауса қайың, балдырған тал қаулап өссе керек. Бірте-бірте жағалаудан жанарын қадаған адам көл үстінде қалқыған қазақы бөрік пішіндес аралдың өзін көргенімен, қойнауына көз жетпейді екен.
Ілкіден жеткен аңыз көп. Соның бірінде былай делінеді. Қошқарбай тауының етегін жайлаған қалың елдің ішінде ай десе аузы, күн десе көзі бар жас сұлудың сылаң қағып бой жетеді. Ауызының суы құрып сипаттайтындар хас сұлудың ажарынан әсем айдың өзі ыққан деседі. Сұлуға кім құмартпаған?! Ат тұяғы жететін жерден аруды көруге, шамалары жетіп жатса құйрық-бауыр жесіп, құда түсуден дәмелі топ көптеп келіп жатады. Бірақ әлгі сұлудың талғамы басқа, талабы да сұмдық. Талай жігіттің тауы шағылады. Арасында бай да, бағлан да бар. Өз буына өзі пісіп келгендердің бірде-бірі сөзін өткізе алмапты. Сөйтсе арудың көңілі құлаған бозбала сол елдің ішінде екен. Жаратқан ие пенденің бар тілегін толайым-тегіс берген бе? Өрлігі көркіне сай әлгі бозбала шыр бітпеген, тақыр кедей әулеттен екен. Қыз әкесі келісімін берейін десе, құда болып барып ат байлайтын жері жоқ. Пұшайман қылған пенделіктің қыбын қарасаңызшы. Бірақ бар қиындықты нақ Зеренді көлінің суындай мөлдіреген уыз махаббат жеңген. Бозбала мен бойжеткен сөз байласып бір түнде әке жылқысының ішіндегі аузымен құс тістеген қос күреңді ерттеп мініп, ел шетінен жылыстаған. Бағыт – арыдағы Айыртау. Бірақ өкше ізіне түскен қуғыншылар тым тақап келген соң амалы құрыған екі жас аралға өтіп кетеді.
Жасыл желек көмкерген, мөлт-мөлт еткен мөлдір су жағалауын шайып жатқан шап-шағын арал ұядай жып-жылы екен. Тал-теректі ну ішіне ұялаған жүз сан құс та ән салады. Ұлы даладағы ұлы сезім – махаббат әнін. Құлағы бар кез келген адам түсінер еді. Онсыз да мөлдір сезімге балауса көкіректері тұнып тұрған екі жас масайраған табиғат құшағында құстардың махаббат әніне елітіп, көңілдерінен көктемнің лебі еседі. Анталай шапқан қалың қуғыншы із сорабын шығара алмай, адасып кетсе керек. Екі жас аман қалған. Махаббат бесігіне айналған арал кейін Көкарал атаныпты. Көк – болашақтың белгісі. Ал болашақ махаббатпен байланған. Қазіргі күні Көкшетау мен Зеренді аймағындағы арман-тілектері қосылған жастар Көкаралға барады. Өйткені бұл жер мәңгілік махаббаттың титімдей ғана бесігі іспетті.
Көкаралдан көп ұзамай ат шаптырым жердегі Көктерек ауылын көктей өтетін жолдан аттанар жағыңызға бұрылсаңыз алдыңыздан Әулиетастың маңдайы жарқ етіп көрінері бар. Тойған қозыдай томпайып жатқан, тақта тастары қолмен қалағандай жымдасқан, кіріккен жерлеріне қара тасты қақ жарып, зәулім қарағайлар өскен, етек жағы жылқының қартасындай бұйра-бұйра Әулиетас жергілікті жалпақ жұрттың ұғымында қасиетті саналады. Ілкі заманда құрсақ көтермеген, әлдебір созылмалы ауруға шалдыққан адамдар Әулиетастың түбінде түнеп, Жаратқаннан мінәжат тілеген. Ат тұяғы жететін жерден әдейілеп Әулиетасты іздеп келіп, медет сұраған талайлар сырқатынан пышақпен сылығандай айығып кеткен оқиғалары өте көп болған деседі. Ұлы Отан соғысында қан майданға аттанған боздақтар Әулиетастың басына келіп медет сұраған. Ықылым заманнан бері желдің өтінде, Арқаның қара қарғаның миы қайнайтын аптабында міз бақпай тұрған Әулиетас бауырындағы қалың елдің қамқоры іспетті.
Түктінің қалың орманының ұйысқан бір тұсы – Жаңатуған ауылының іргесін көмкеріп жатыр. Қасқатаудың қалың жотасы қалың қарағай, ойдым-ойдым қайың шоқтары. Тау етегінде тастан тасқа секіріп ағып жатқан бұлақ бар. Әулиебұлақ аталады. Ықылым заманнан бері суы тіс жаратындай суық, бірақ айрықша дәмді. Қасқатаудың етегін қоныстанған әлденеше ауылдың тылсым тарихты көкірегіне қаттап жинаған қариялары Әулиебұлақтың қадір-қасиеті туралы күнді таңға ұластырып, тағылымы тамаша аңыздарды ақтарар еді. Осы өлкеде есте жоқ ескі кезеңде Сарыарқаның сайын даласын әнге бөлеген әнші жігіт ғұмыр кешіпті. Әлде көз тиген, әлде басқа бір себептері болды ма, дауасыз дертке душар болса керек. Он екі мүшесі сау кезінде ән салған шақта Қасқатаудың бауырындағы мың сан әнші құс әлгі әуенге елітіп бірге қосылады екен. Сол шақта дархан даланың жүрегі дүрсілдеп, төңірек сілтідей тынып, әдемі әуеннің әсерімен дел-сал күй кешпек. Әнші жігіт жанына сырқат батқан соң домбырасын қолына алуды қойған. Ел болып күйзеліпті, жұрт болып тілегін тілеген. Бақсы-балгердің қарамағаны жоқ. Бірақ ем-домы қонбаған. Өмірде баз кешкен өліара шақта ауылдың ақсақалы әншіге Қасқатаудың бауырындағы бұлаққа барып суынан мейіріңді қандырып ішіп, басында түнесең, дертіңнен айығасың десе керек. Суға кеткен тал қармайды емес пе? Әнші жігіт қарияның айтқанын қапысыз орындайды. Арада әлденеше күн өткенде құр сүлдері қалған әнші құр атқа мінгендей құлпырып шыға келеді. Тағы да ән ескен. Сарыарқаның салқын самалы әншінің көкірегінен шыққан сырбаз әнді өзімен бірге ілестіріп ала кетіп, бар Алаштың даласына жайған. Содан бері осы бұлақ Әулиебұлақ атаныпты. Кейін де Үлкен Түкті мен Кіші Түктінің қойнауын жайлаған қалың ел тұрмақ, айшылық алыс жерлерден әдейі іздеп келіп, киесіне табынған жұрт көп болатын.
Туған жердің тұғырын биіктететін де тылсымын қойнауына бұққан қасиетті жер екендігі белгілі. Біз бергі бетін қалқып айтқан зерлі Зерендідегі атажұрттың айтулы мекендерінің бір парасы осындай.
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы