Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде салынған жобаның құны - 434,6 млн теңге. Негізгі құрылысын «Аслай» ЖШС-і жүргізген кешенде 1400-ден астам жасөспірімнің спорттың футбол, волейбол, баскетбол, күрес, бокс, самбо, каратэ, бадминтон, үстел теннисі, дзюдо, грек-рим сынды түрлерімен айналысуына мүмкіндік жасалған. «Спорттық-сауықтыру кешеніне жасөспірімдер мен еңкейген қартқа дейін келіп жаттығуына болады. Яғни, ересектерге арналған арнайы жаттығу залы да бар. Спорттық нысан іші арнайы құралдармен жабдықталып, келушілерге жағдай жасалған», – дейді «Аслай» ЖШС директоры Абзал Тағайұлы.
Төлеби ауданына іссапармен барған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысты. Жасөспірімдер арасында баскетболдан облыстық турнирдің қатысушыларына сәттілік тілеген облыс әкімі өңірде спортты дамыту мақсатында көптеген нысан бой көтеріп жатқанын атап өтті.
«Мысалы, Түркістанда үлкен футбол стадионы, Оқушылар сарайы, 50 метрлік бассейн, волейбол, баскетбол, гандбол залдары салынып жатыр. Сонымен қатар барлық ауданда осы секілді спорт орталықтары, заманауи сауықтыру кешендері ашылуда. Бұл спорттық кешеннің жасөспірімдердің жетіліп, өсуінде маңызы өте зор. Барлық жағдай жасалған кешенде шыныққан жастарымыз спорттық бәсекелерде жеңімпаз атанып, байрағымызды биіктетеді деп ойлаймыз», – деді Өмірзақ Шөкеев.
Облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасы мен Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған турнирге барлық ауданнан командалар қатысты. Айта кетелік, аудан әкімі Бауыржан Омарбековтің ұйымдастырумен жүзеге асып жатқан үйлесімді тірліктердің нәтижесінде тұрғындардың спортпен тұрақты түрде айналысуын қамту мақсатындағы нысандар қатары көбейе түсуде. Бүгінде 364 спорттық нысанда 35 мыңнан астам адам спортпен айналысуда. Одан бөлек, күні кеше Бірінші Мамыр ауылдық округі Бейнеткеш ауылында жеке кәсіпкер Бағила Әшірбаеваның демеушілігімен «Байтерек» жабық шағын футбол алаңшасы ашылды. Сондай-ақ Қасқасу ауылынан жеке кәсіпкер М.Қозыбақовтың демеушілігімен құны 150 млн теңгелік спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде.
Түркістан облысы