Ұлттық спорт • 07 Қараша, 2019

Қарағанды облысында «Ұлы дала мұрасы» халықаралық турнирі өтеді

264 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысындағы Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы кентінде болатын «Ұлы дала мұрасы» халықаралық турнирінде Моңғолия мен Қырғызстан және еліміздің 13 облысынан аушы құстар мен тазы тұқымды иттері бар аңшылар бақ сынайды.

Қарағанды облысында «Ұлы дала мұрасы» халықаралық турнирі өтеді

Ақын, қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойы аясындағы бұл спорттық шара 8-10 қараша күндері өтеді. Турнирді Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Қазақстанның этноспорт қауымдастығы, Қарағанды облысының әкімдігі, Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы, «Қансонар» РҚБ және Шет ауданының әкімдігі ұйымдастырғалы отыр. 

Турнир бағдарламасына сай, бүркіт, сұңқар және қаршыға сынды құстар көгершіндер мен қояндарды аулайды, түлкі муляжын ұстап алып келу және еркін ұшу бойынша жарысады. Сондай-ақ турнир барысында тазылардың көрмесі өтеді, содан кейін жүйрік иттер 350-400 метрге жарысады және соңғы сынақ ретінде олардың ізшілдігі сыналады. Тазылар түлкі, қоян және борсықты іздеп табуы керек. 

Жарыс жеңімпаздарын ақшалай сыйлықтар, медальдар және кубоктар күтіп тұр.

 

Қарағанды облысы