Руханият • 07 Қараша, 2019

Әділеттің аппақ әлемі

484 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сәндік-қолданбалы өнер түрі папье-машемен он жылдан бері айналысып келе жатқан Әділет Баймұқанның қағаздан жасаған туындылары Тұңғыш Президент музейінде сақтаулы тұр. Республикалық «Жұлдыз-ай» байқауында жүлделі орындарға ие болыпты.

Әділеттің аппақ әлемі

Кеудесі есіктей, балтыры бесіктей, бадана көзді сауыт киген батырдың түксиген қабақтарының астына мейірім табын ұялатқысы келген. Әншейінде айбарынан тәмам жұрт ығатын, ел қорғаны – ердің жүрегінде, жүзінде мейірім де болғаны дұрыс қой. Тау тұлғасына орай өне бойынан қажыр мен қайраттың, өрлік пен ерліктің лебі есіп тұрса. Ал, мына бір есілдің құба талындай солқылдаған бойжеткеннің бойына ақыл мен парасат жараспақ. Сарыарқаның лүп еткен самал желімен көзге көрінер-көрінбес болып тербелер нәзіктік те керек шығар. Арадағы Алаш жұртының мәңгілік өшпестей мінсіз бейнесін баһадүр батыр мен ай сипатты арудың бойына қондырса, бар қазақтың кескіні менмұндалап қылаң бермей ме?..

Nur Otan партиясы облыстық филиалы ұйымдастырған «Кедергісіз келешек» жобасы аясындағы фестивальде дәл осындай мүсіндерді мінсіз қалыптауға ұмтылып келе жатқан 16 жасар Әділетпен жолықтық. Жатырқап-жатсынбайды екен. Жас жүрегіндегі алқаусыз арманнын жайып салды. Келешекте мынау деген қолөнер шебері атансам дейді. Онда да жаңа жосықтағы папье-маше түрінен. Айтқандайын, папье-маше француз тілінен нобайлап қотарғанда «шайналған қағаз» деген мағынаны білдіреді екен. Тіл француздікі болғанымен, өнердің тіршілік бастауы Қытайда қанат жайған.

Оқырманға түсінікті болуы үшін сәл ғана таратып айтатұғын болсақ, бұл уылдырғыш зат қосылған қағаз массасы. Әлдебіреулер үшін әншейін сәндік-қолданбалы өнер түрі болса, Әділет тәрізді қиял кеңістігі кең шеберлер үшін шет-шегі жоқ байтақ әлем.

Мәселен, Әділеттің өзі осы өнерді өмірінің бір бөлшегі санайды екен. Өз қолымен жасаған мүсіндерімен сырласып, кеңеседі. Сыртқы кескін-кейіп қана емес, ішкі жан-дүниесіндегі жауһар дүниені де жарқыратып көрсеткісі келеді. Мүсіндерінің басым көпшілігі Алаштың баһадүр батырлары. Олар ешқашан қиындықтан қорықпаған. Тағдыр-талайындағы көлденеңнен киліккен қиындық атаулыны жаужүректігімен, қайсарлығымен жеңген. Кішкентай кезінен бері талма ауруына шалдыққан Әділет, бәлкім, тағдырдың салған тәлкегін кәтепті қара нардай төзімділігімен жеңгісі келген шығар. Тал бойына қайсарлық бітсе екен деп тілейтін болар, сырқатпен күресу үшін де сырттан мінез керек қой.

– Балам кішкентайынан бері өнерге біртабан жақын. Балалар шығармашылық үйіне барады. Кәдімгі көп адам ескере бермейтін қағаз қалдықтарынан әп-әдемі мүсіндер жасауға ынтық. Талабына нұр бітсін деп отырамын, – дейді Әділеттің анасы Әзина Салықова, – еңбегін ел көргені дұрыс қой. Бағы жанып, бағаланып жатса, баланың да ынтасы арта түспей ме?  Есіркей ескеріп, жасаған бұйымдарын ел назарына ұсынып жатқан Nur Otan партиясының бастамасы бағалы жай екен.

Фестивальден соң тағы бір мәрте жолықтық. Бұл жолы Әділеттің уылжи нұрланған жүзіне өзі қалыптаған мүсіндердің дидарындағы қажырдың қонақтағанын көріп қуанып қалдым.

 

Ақмола облысы