Қоғам • 08 Қараша, 2019

Мейірімге толы мекен

463 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құрақ». Бүгінде біз «толық отбасы» деп жүрген тіркесті қазақ осылай суреттеген. Десе де тағдырдың жазуымен жапанда жалғыз қалған құрақ қай заманда да кездеседі. Біздің ел ешқашан жетімін жылатпай, пана бола білген. Бүгінгі балалар үйі бар жұрттан мұндай қасиеттің кете бастағаны байқалатыны рас. Бірақ бізде мейірімге толы балалар ауылы бар екенін көзбен көрдік...

Мейірімге толы мекен

«SOS Астана балалар ауылы» деп аталатын бас қаланың қақ ортасында қаз-қатар орналасқан қызыл кірпішті әсем үйлердің қақпасынан кіргенде жанарлары жәудіреген жетім балалармен жолығатынымызды елестеткен едік. Бірақ бәрі біз ойлағаннан басқаша болып шықты...

1

БАҚ өкілдеріне жол бастаған «SOS Астана балалар ауылы» мемлекеттік емес білім беру мекемесінің директоры Зәуреш Арыстанова ең алдымен ұйымның тарихына тоқталды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жетім қалған балаларды аш-жалаңаш қалдырмай, аман-сау өсіруді көздеген Герман Гмайнер есімді дәрігер алғаш рет 1949 жылы Аустрияның Имсте қаласында отбасылық типтегі осындай балалар үйін ашқан екен. Қазір мұндай балалар үйі әлемнің 132 елінде жұмыс істейді. Ал «SOS Қазақстанның балалар ауылдары» корпоративтік қоры 1994 жылы мемлекеттік емес әлеуметтік ұйым ретінде SOS Children's Villages International халықаралық ұйымының қолдауымен, Сара Алпысқызының бастамасымен құрылған. 2018 жылдан бастап «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру қоры» қоғамдық қоры да ұйымға құрылтайшы болды. Бүгінде SOS балалар ауылдары Алматы, Нұр-Сұлтан және Теміртау қалаларында бар. SOS балалар ауылы бірнеше шаңырақтан құралып, әр шаңырақты бір-бір SOS ана немесе SOS ата-ана ұстайды да, олар балалар үйінен келген жасөспірімдерді бауырына басады. Бір отбасында бастары қосылған балалар болса бір-бірімен туған бауырдай болып, SOS ананың немесе SOS ата-ананың тәрбиесін көріп өседі.

25 жылда аталған үш ауыл 581 баланы ұядан ұшырған. Оның 296-сы өзін өзі қамтамасыз ететін жастардың қатарына қосылған. Бұл жастардың 95%-ы жоғары және орта арнайы білім алса, 68%-ы тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Қазір «SOS Қазақстанның балалар ауылдарында» 200-ден аса бала тұрады. Ал елордадағы балалар ауылы 2000 жылы ашылған. «Ауыл тұрғындары» 19 жыл ішінде 207 түлекті түлеткен. Оның 12-сі өз отбасымен қауышса, 16-сы асырап алуға берілген, 121-і өз бетінше өмір сүруді бастаса, 94 жас мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алған. Бұдан бөлек 68-і үй кезегінде тұр. 32 жас отбасын құрып, 46 немере дүниеге келген. Бүгінде «SOS Астана балалар ауылындағы» 11 отбасында 49 бала тәрбиеленіп жатыр.

2

Біздің бұдан әрі қарайғы бағы­ты­мыз отбасыларды аралаумен жал­ғасты. Ең алдымен жайдары жүз­бен, 5 баласымен қарсы алған Жанар Рахымбаева болды. 10 жыл бала­бақ­ша­да тәрбиеші болып жұмыс істеген ол – «SOS Астана балалар ауылы» алғаш ашылғанда Алматыдан келген SOS ананың бірі. Қазірге дейін 12 баланы бағып-қаққан 48 жастағы жалғыз басты ана бастапқыда бұл жұмыстың оңай болмағанын айтады. «SOS ана болудың талаптары жоғары. Үміткер болып сыннан өткен соң бізбен күрделі жұмыс жүргізілді. Алматыда үш ай оқытты, дайындады. Ол кезде мен 28 жаста едім. Сөйтіп 2000 жылы елордадағы жаңа ашылған ауылға 12 әйел келіп жұмысқа орналастық. Бастапқыда маған балалар үйінен 1 жарым жастағы бір қыз, 2 жарым және 3 жарым жастағы екі ұл берілді. Әрбірінің психологиясы әртүрлі. Балабақшада 10 жыл істесем де мұнда бастапқыда қиыншылықтар болды. Тренингтерге жиі-жиі қаты­сып, тастанды балалар туралы әде­биет­терді көбірек оқығанда ғана олар­дың тағдырын түсіндім. Тәртіпті бала­лар тәрбиелеу үшін өте үлкен қажыр-қайрат және жауапкершілік керек. Құдайға шүкір, қазір 12 балам, 5 не­мерем бар. Былтыр екі балам диплом алды. Менің қолыма №1 балалар үйінен 3 жасында келген үлкен ұлым оқуын табысты аяқтап, биыл грантпен магистратураға түсті. Тағы бір қызым журналистика мамандығының 1-курс студенті. 7 балам баспаналы болды. Менің отбасым осы. Ұлым ұяға, қызым қияға қонған бақытты анамын», дейді ағынан ақтарылған SOS ана.

Қазір Жанар Рахымбаеваның қолында 2 ұл, 3 қыз бар. «Балаларыма: «Отан мен ана бір ұғым. Ананы сүймесеңдер отанды сүймейсіңдер» деп үнемі айтып отырамын. Әр жұма сайын балаларымды дастарқан басына отырғызып, өзім Құран оқимын. Олардың құлағында қалса екен деп дауыстап тілек тілеймін», дейді ол. Сондықтан да болар, бәрінің де аналарына деген махаббаты мен құрметі бөлекше екені байқалады. Ағылшын тілі мен футболға қызығатын 12 жастағы Кенжебектің арманы – ержеткенде кәсіпкер болып, мәпелеп өсірген анасының бар жағдайын жасау.

3

Балалар ауылында SOS ата-ана­ның болатынын да айттық. Яғни, жетім балаларды ерлі-зайыптылар да қам­қорлығына ала алады. Елордада мұн­дай екі отбасы бар. Біз 4 баланы бауырына басқан Сейдахметовтер шаңырағына бас сұқтық. Катерина Қазыбекқызы осы ұйымда ұзақ жылдан бері жұмыс істесе де, жолдасымен бірге бала асырауды бір жыл бұрын ғана шешкен. Мұны өздерінің есейген ұл-қыздары да қолдаған. 64 жастағы зейнеткер Төлеке Сейдахметов қо­сым­ша жұмыс істегеніне қарамастан, жұбайына көмектесіп, балаларды мек­тепке өзі апарып, алып келеді. «Өзіміздің есейген 2 ұл, 1 қызымыз бар. Бәрінің қызметі, өз отбасы бар. Біреуін қайынбикем қайтыс болғанда асырап алған баламыз. Сондықтан бұл төрт баланы қарау қиынға соққан жоқ. Тағы екі бала алсақ деп отырмыз. Балалардың бәрі ақылды, мінездері ашық, оқуда озат. Шешелеріне көмектесіп жүреді. Демалыс күндері бәріміз киноға, концерттерге барамыз», дейді Т.Сейдахметов.

Біз бұл жерден туғаннан тағ­дыр­дың тауқыметіне тап болса да, мейірім мен махаббатқа бөленген, бақытты балдырғандармен жүздестік, тіл­дестік. Жанарларынан жанған отты байқадық. Жаратқанның шебер­лі­гі осында шығар. Өмірде осы SOS аналардың тырнағына да татымайтын туысқандар барын тағы түсіндік. Көңілге көп ойды түйген күйде жүректері жылы жандармен қош­тастық. Далаға шыққанымызда ұш­қын­дап жауа бастаған қарашаның қары мейірімге толы мекенді тіпті де нұрландырып жібергендей сезілді...

 Майгүл СҰЛТАН,

«Egemen Qazaqstan»