Аймақтар • 08 Қараша, 2019

Сыбайластықпен күресте сылбырлық бар

214 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ», деп нақты атап көрсеткен болатын.

Сыбайластықпен  күресте сылбырлық бар

Өкінішке қарай қазіргі кезде жемқорлыққа жол берсе де, қыз­мет бабын теріс пайдаланса да жайлы орынтақта отыра беретін бас­шылар бар. Бұлай дейтініміз, Жам­был облысында кезінде түрлі заңбұзушылыққа жол берген кейбір азаматтардың басшылық лауазымға қайта тағайындалып, жұмысын әрі қарай жалғастыра беруі дер едік. Мұндай жағдай Жамбыл өңірінің бірқатар ауда­нында да кездеседі.

Таяуда Қазақ­ст­ан Республикасы Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агент­­тігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті жоғарыда көрсетілген заң­на­ма­лар­дың сақтал­уы­на мониторинг жүргізген. Мони­торинг жұмысына 2000-нан аса адам қамтылып, нәтижесінде Тараз қаласы, Бай­зақ, Жамбыл, Талас, Сарысу және Қордай аудандарының кей­бір азаматтық мекемелерінің бас­­шылық қызметтерінде сы­бай­­­лас жемқорлық бойынша қыл­мыс жасаған 11 тұлғаның қыз­мет атқарып отырғандығы анық­талған. Оның ішінде мектеп дирек­торлары, жұмыспен қамту орта­лығы, мәдениет үйі және басқа да мем­ле­кет­тік ұйымдардың білдей басшы­ла­ры бар екен. Сонда бұл басшыларды қызметке тағайындаған жауапты тұлғалардың не себепті мұндай келеңсіздікке жол бергенін түсіну қиын.

Мәселен, 2018 жылғы 3 қаң­тар­да сыбайластық жасаған тұлға Қордай ауданының халықты жұ­мыспен қамту орталығы дирек­тор­ының орынбасары лауазымы­на тағайындалыпты. Алайда, аталған азамат 2014 жылы сот­тың үкімімен «Пара алу» бабы бойынша кінәлі деп танылған екен. Сол сияқты 2012 жылы сыбайлас жемқорлық жасаған тұлға 2018 жылы Жамбыл ауда­ны «Таза мекен» мемлекеттік кәсіпорны директорының орынба­са­ры болып тағайындалған. Ал 2012 жылы «Аудандық мә­де­­ниет үйі» коммуналдық мем­ле­­кет­тік қазыналық кәсіпорны дирек­то­ры­ның орынбасары лауазымына сыбайлас жемқорлық жасаған тұлға тағайындалған.

Бірақ ол 2009 жылы «Қызмет өкілет­тігін теріс пайдалану» және «Қызметтік жалғандық жасау» бап­­тары бойынша кінәлі деп та­ныл­­ған болып шықты. «Нақты мы­­салдар негізінде мемлекеттік ор­ган­­дар мен мекеме басшылары тиісті шектеулерге қарамастан, оның нормаларын өрескел бұзып кел­гендігін көруімізге болады. Де­партаменттің мониторингі барысында анықталған фактілер бо­йын­ша мән-жайларды зерделеп, тиісті шаралар қабылдау жөнінде мем­лекеттік органдарға ұсыныстар жол­данған болатын. Департамент бұл бағыттағы бақылауды күшей­те­ді», дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жам­был облысы бойынша департамент ди­­ректоры Равиль Төлебаев.

Бұл мысалдардың бәрі де сы­бай­ластықпен күресте сыл­быр­лық­тың бар екенін көрсетеді. Алай­да қоғамдағы әрбір азамат үшін жемқорлық індет, ал оны жою міндет болғаны дұрыс-ақ. Әйтпе­се сы­байлас жемқорлықтың мемле­кет­тің дамуына кедергі келтіріп, жо­­лына кесе көлденең тұратыны да рас.

 

Жамбыл облысы