Отырыста еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігіне жауапты мемлекеттік органдардың басшылары, Тамақтану академиясының, БҰҰ-ның Қазақстандағы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы Байланыс және серіктес бюросының, Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымының, «Қазақ агроөнеркәсіптік кешені экономикасы және ауыл-аймақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының», Қазақстанның стратегиялық зерттеу институтының, Экономикалық зерттеу институтының, «Астана» халықаралық университетінің жетекші ғалымдары мен сарапшылары, сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының және «Қазақстанның фермерлер одағының» өкілдері қатысты.
Қалмұханбет Қасымов халықтың денсаулығына, әлеуметтік қамсыздандырылуына және экономикалық дамуына үлкен әсер ететін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету проблемасына кешенді пысықтау жұмыстарын жүргізу қажет екеніне ерекше назар аударды.
Қазақстандық сарапшылар азық-түлік қауіпсіздігінің жан-жақты аспектілерін талқылады, соның ішінде азық-түліктің қолжетімділігі, азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі мәселелері де қаралды.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ішкі нарықты азық-түліктің негізгі өнімдерімен қамтамасыз ету, оның ауқымын арттыру және елде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі бағыттарын баяндады.
Бизнес-қауымдастықтың өкілдері мен сарапшылар азық-түлік қауіпсіздігінің және тиісті бағдарламалық құжаттардың шарттарын өзектендіру, азық-түлік импортын реттейтін құралдарды жетілдіру секілді мәселелер жайында өз пікірлерімен бөлісті.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мониторинг пен бақылауды жетілдіру бойынша жүргізілетін жұмыстар жөнінде хабарлады.
Сарапшылар тамақ өнімдері қауіпсіздігінің сапасын арттыру бойынша шаралардың, халықтың тамақтану сапасын бақылайтын мониторинг жүйесін енгізудің және оңтайлы тамақтану бойынша ұлттық шектеулерді пысықтаудың қажеттілігі туралы атап айтты.
Отырыстың нәтижесі бойынша Қауіпсіздік Кеңесіне арналған азық-түлік қауіпсіздігі саласында мемлекеттік саясатты жетілдіруге бағытталған ұсыныстар пысықталды.