Өткен 2009 жыл Өскеменге ұзақ күткен оңды өзгерістерді ала келді. Орталық Республика алаңында ұлы Абайға ескерткіш орнатылды. Қаламыздың бетке ұстар орындары - саябақтары мен алаңдары жөндеуден өтті. Көктемнен күз маусымына дейін облыс орталығының тұрғындары мен қала қонақтарын көрікті гүлзарлар, көгалды алаңдар көз тұндырар әдеміліктерімен қуантты. Өскемен қаласының әкімі Ислам ӘБІШЕВ осы шараларды қысқа мерзімде атқара білді.
–Ислам Әлмаханұлы, өткен жыл өскелең Өскемен қаласының тұрғындары үшін жаман аяқталмаған секілді. Әуелі экономика, сосын саясат деген қағидаға сүйенсек, өткен жылмен салыстырғанда, өнеркәсіптегі өнім өндіру көлемі 3,9 пайызға артып, 221,8 миллиард теңгенің өнімдері шығарылыпты. Бұл жөнінде халықпен кездесіп, есеп берген кезде талай деректерді келтірдіңіз. ”Жол картасы” бағдарламасы өз жемісін берді. Биыл да оған қомақты қаржы бөлінген екен. Енді осылар жайлы біртіндеп айтып берсеңіз
–Осы жолы да Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың көреген саясатына куә болдық, өткен жылғы “Дағдарыс арқылы жаңару мен даму” Жолдауын орындауда атқарылған жұмыстар өскемендіктердің ризашылығына ие болды. “Жол картасы” бізге не берді?
Біздің қаламыздың барлық мектептері, ауруханалары, кітапханалары, жолдары, су, жылу жүйелері, стадиондары, яғни барлығын қоса айтсақ 103 нысан жоба бойынша жөнделді. Осы жоба аясында 16 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды, яғни жұмыссыздық көлемі азайды. Қалалықтар әлемдік дағдарысты сезінген жоқ, олардың әрқашанда жұмыстан қолы босамағандықтан еңбекақылары да үздіксіз жүріп отырды, сондай-ақ қаламыздың көріктеніп, құлпыруына өз үлестерін тигізді.
Әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін Өскемен қаласы бойынша “Жол картасы” іс-шараларын жүзеге асыру жалғасатын болады. Келесі жобаларды 2,8 млрд. теңге сомасында іске асыру жоспарлануда.
“Жол картасы” бағдарламасы арқылы біз әрбір тиынды үнемдеп, кез келген жағдайда оны тиімді қолдана білуді үйрендік. Бұл бізге алғаш жоспарланғаннан да көп нысандарды жөндеуімізге септігін тиігізді, енді біз алда да осылай қарқынды және нәтижелі жұмыс жүргізе алатын боламыз.
Өздеріңізге белгілі, біздің қаламызда республикадағы жалғыз жергілікті мемлекеттік басқару жүйесі құрылды. Қаланың 10 шағын ауданында жергілікті қоғам активтерінен қалыптастырылған өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңесі құрылды. Біз халықпен бірлесіп әрекет етуге көштік. “Жол картасын” жүзеге асыруға бақылаушылар да қалалықтардың өздері болды.
–Елбасы Жолдауында серпінді жобаларды одан әрі жалғастыру, жаңадан жұмыс орындарын ашу жайлы айтылғаны белгілі. Мәселен, түсті металлургияның көшбасшысы “Казцинк” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде мыс балқыту және электролиз зауыттарының құрылысы аяқталып, жаңадан 567 жұмыс орындары ашылмақ. Ал “Өскемен титан-магний комбинаты” акционерлік қоғамында алюминий және ванадий бар титан қоспаларын шығаратын цех іске қосылып, онда 204 жұмыс орны ашылады, “Үлбі металлургия зауыты” акционерлік қоғамы да серпінді жобаларды батыл жүзеге асыруда. Сыйымдылығы жоғары тантал ұнтақтарын өндіретін жабдықтар орнатылған соң, ол электронды кәсіпорындарда кеңінен пайдаланылмақ. Мұнда да 121 жұмыс орнын ашу көзделініп отыр.
–Өскемендегі үш алып кәсіпорынның тынысымен таныстық. Өскеменде басқа да іргелі кәсіпорындар аз емес, ондап саналады. Оларда жағдай қалай?
–Индустрияландыру картасы бойынша біраз ауқымды істер жүзеге асырылуда. Мына бір жайға назар аударсақ. Елбасы қашанда кәсіпорын басшыларымен кездесуде, облыс, қала, аудан әкімдеріне мына бір мәселеге баса назар аударуды тапсырады. Статистика деректеріне сүйенсек, еліміздің қай аймағында болмасын, өндірістік-техникалық бағыттағы бұйымдар, жоғары қуатты техникалар, әр түрлі құрал-жабдықтар, тіпті ауыл шаруашылығына қажет заттардың шетелдерден келетінін айғақтайды. Алысқа бармай-ақ, өндірістік-техникалық тауарға жататын полиэтилен құбырларын алайық. Оның денін біз көрші Қытайдан аламыз. Ал осы полиэтилен құбырларын өзіміз жасай алады екенбіз. Өскемендегі полиэтилен құбырларын шығаратын зауыттың іске қосылғанына көп уақыт болған жоқ. Еліміздегі осындай жалғыз кәсіпорынды экономиканы терең білетін, ұзақ жылдар шахта құрылысын іскерлікпен басқарған Амантай Бакин деген ағамыз басқарып отыр. Қазір аталмыш зауыт “Казцинк” кәсіпорнына полиэтилен құбырларын жасап шығаруда. Мұндай құбырлар сапалы, темірге қарағанда 30-40 жыл қызмет көрсете алады. Темірден жасалған құбырлар он жылдан кейін шіри бастайды. Әзірше зауыт жылына бір мың тонна полиэтилен құбырларын шығармақ. Келешекте қуатын арттыра береді деген ойдамыз.
–2009 жылы Өскемен қаласы тұрғындарының проблемалы сұрақтары бойынша көп жылғы өтініштері оң шешімін тапты. Бұған қалай қол жеткізілді.
–Мен әрбір өтінішке жекелей қарап, оның шешімін табуға тырысамын. Азаматтардың өтініштерін қарау бойынша көшпелі кеңестер біздің тәжірибемізге айналды. Сіз көп жыл бойы шешілмеген сұрақтар өз жауаптарын тапты деп дұрыс айтып отырсыз. Мысалы, 20-30 жылдай сусыз отырған 3 шағын ауданды сумен қамтамасыз ете алдық. Осы жерлерде біз қоғамдық көліктердің бағдарын ұзарту мәселесін де шеше алдық. Промбаза шағын ауданын алсақ, онда 3000-дай адам тұрады. Ауданда 5 кәсіпорын, 1 мектеп бар. Мұнда 12 жылдай жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілмеген. Іс жүзіне келгенде осы жағдайларды оңтайлы шешуге қажеттіліктер, яғни қазандық та, жылу беру қызметтеріне төлем жинаумен айналысуға тұрғындардың ынтасы мен ниеті де болды. Биылғы қаһарлы қысты тұрғындар ыстық сумен қамтылған жылы пәтерлерде өткізуде. Бұл үшін осы орындарда жылу, энергия саласының мамандарымен кеңес өткізу жеткілікті болды.
Тұрғындар өздерінің өтініштерінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін бөлу рәсімдерінің “ұзаққа созылуы” туралы мәселені бірнеше мәрте көтерді. Осы бағытта әкімдікпен жұмыс жүргізілді, оның нәтижесінде тек 2009 жылдың наурызынан бастап 3319 учаске бөлінді (салыстыра кетсек 2008 жылда 409 учаске бөлінген). Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жобаларды келістіру рәсімдері жеңілдетілді.1500 қала тұрғындары қысқа уақыт ішінде 2009 жылдың 1 мамыры мен 1 шілдесі аралығында бұрынғы мөлшердегі бағада гараждар үшін жер учаскелерін сатып алуды іске асырды.
Биылғы жылы Өскемен үшін көптеген жаңа бастамалар туындады.
Өткен жылы біз бастаған акциялар өз жалғасын табатын болады, олардың қатарында “Туған жерге тағзым ет”, “Туған жер – алтын бесік”, “Дарындар шұғыласы – Радуга талантов” акциялары бар.
Балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын жақсарту, саламатты өмір салтын қалыптастыру үшін 1 ақпаннан “Денсаулық күні” бағдарламасы іске асырылуда. Оқушылар ауыспалы кесте бойынша қала сыртындағы демалыс аймақтарында демалатын болады, жастар альпілік лагерін ашу, ішкі туризмді дамыту және Өскемен мен Риддер, Семей, Катонқарағай аудандарының арасында студенттер мен жастарды алмастыру жоспарлануда.
Келешекте осы “Денсаулық күні” жобасына басқа да өңірлерден оқушылар, ата-аналар қатысатын болады деп жоспарлаудамыз, өйткені біздің өлкемізді екінші Швейцария деп тегін атамаған ғой.
–Алдымызда қандай жобалар күтуде, Шығыс Қазақстанның орталығында бұдан әрі де құрылыс жұмыстары жүргізілетін бола ма?
–Ең біріншіден, өткен жылы Өскемен қаласы дамуының бас жоспары бекітілгендігін ерекше атап өткім келеді. Енді бұл бізге келешекте дұрыс саясат жүргізуге жол ашады. Әрине, біз бұдан әрі де ипотекалық тұрғын үй мемлекеттік бағдарламасын жалғастыратын боламыз. Ең маңыздысы “Нұрлы көш” құрылыс жобасын іске асыру болып табылады. Бұл жобаға 4 млрд. теңге бөлініп отыр. Тұңғыш Президентіміздің атындағы №1 интеллектуалды мектептің құрылысы аяқталатын болады.
–Биыл Өскемен қаласында қандай өзгерістер болмақ?
–Ағымдағы жылы бірінші кезекте, Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалықты жүзеге асыратындығымен маңызды болатындығын ерекше атап өткім келеді. Екіншіден, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына орай бізге ардагерлер өмірінің деңгейін одан әрі де жоғарылатуда көп жұмыстар атқару қажет. Биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығы, Өскемен қаласының 290 жылдығы. Біздің қаламызда шекарааралық ынтымақтастықтың 7-ші халықаралық инвестициялық форумы өтеді. Сондықтан 2010 жыл өскемендіктер үшін қауырт жұмыстарға толы жыл болмақ. Мен алға қойылған барлық міндеттерді шеше алатынымызға сенімдімін. Себебі, бізде бұған қажеттінің бәрі – өнеркәсіптік әлеует, адамдардың күш-қуаты, жұмыс істеу қабілеті бар, ал бәрінен де маңыздысы – әрқашанда тек алға ғана ұмтылатын қасиетіміз.
–Әңгімеңізге рахмет!
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Өскемен.