Аймақтар • 08 Қараша, 2019

Шымкент қаласының әкімі студенттермен кездесті

321 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қала басшысы Ерлан Айтаханов Шымкенттегі 82 жылдық тарихы бар, іргелі білім ошақтарының бірі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттерімен кездесті. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шымкент қаласының әкімі студенттермен кездесті

Жастармен кездесу оқу ордасының археологиялық көрме орталығындағы зерттеу жұмыстарының жәдігерлерімен танысудан басталды.

Сонымен қатар «100 жаңа оқулық» атты орталықты аралау барысында, қазақ тіліне аударылған 10 оқулықтың бейне ролигын қала әкіміне университет ректоры Анар Мерекеқызы таныстырды.

Онымен қоса Ерлан Қуанышұлы аталмыш білім ордасындағы «Нұрсұлтан Назарбаев», «IT Class» сынды орталықтарды аралап, студенттердің тыныс-тіршілігімен танысты.

Кездесуде қала әкімі жастарға көкейлерінде жүрген сұрақтары мен ұсыныстарын еш қысылмай қоюларын сұрады.

«Жастар жылына орай Шымкент қаласында түрлі іс-шаралар өткізіліп, жастардың белсенділігін арттыруға бағытталған біршама жобалар жүргізілуде. Келесі жыл «Еріктілер жылы» деп бекітілді. Одан бөлек, Шымкент 2020 жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болады. «Екінші ұстаз» Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен ұлы Абайдың 175 жылдығын да жоғары деңгейде тойлағалы отырмыз. Аталмыш шаралардың барлығына жастар қоян-қолтық атсалысу керек. Қайырымды қаламыздың қонақжайлық туризмін дамыту да басты назарда» деді Е.Айтаханов.

Кездесу барысында студенттер, кітапхана мәселесі, пәндік, салалық байқаулар жайында өз ойларын айтты. Қоғамдық көлік саласындағы түйіткілді проблемаларды да алға тартты.

Өз кезегінде қала басшысы жастар көтерген мәселелер мен ұсыныстарды жан-жақты қарап, тиісті шешім қабылдайтынын жеткізді.