Салалық заңнамаға өзгерістерді дайындау үшін Ауыл шаруашылығы министрлік өкілдері еліміздің барлық өңірлеріне барып, ветеринариялық бақылаудың тиімділігіне ауқымды талдау жүргізген. Сараланған ақпаратты кеңейтілген кеңесте Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Арман Өтеғұлов баяндады.
Арман Өтеғұловтың айтуынша, ветеринариялық бақылау қызметінің тиімсіз жұмыс істеуіне 2015 жылы олардың бақылайтын міндеттерінің бір бөлігін, сондай-ақ 1,1 мыңға жуық маманды жергілікті атқарушы органдардың қарамағына беруі себеп болды. Себебі, әкімдіктер бөлінген штаттық бірліктерді мүлде өзгеше қолданған. Көп жағдайда штаттық бірліктерді жергілікті атқарушы органдардың өзге құрылымдық бөлімдеріне бөліп берген. Оның ішінде - ішкі саясат, білім беру, тіпті отбасылық қатынастар басқармаларына берілгені анықталды. Сондай-ақ бос лауазымдарға арнайы кәсіби білімі жоқ мамандар қабылданған. Жекелеген өңірлерде ветеринария басқармалары - ауыл шаруашылығы, қалалық орта сапасы және бақылау, кәсіпкерлік және инвестиция басқармаларының құрамдары болып қайта құрылған.
«Әкімдіктер эпизоотиялық салауаттылықты қамтамасыз етуге қатысты емес басқа міндеттерді басымдыққа қойып, осылайша ветеринарияға қатысты мәселелер екінші орынға ауысып кеткен», деді А. Өтеғұлов.
Ветқызметтерді материалдық-техникалық жарақтандырудың жүзеге аспауы, мамандардың толық емес штат саны, олардың төмен жалақысы және тағы да басқа жүйелік кедергілер мал дәрігерлік бақылауды төмендетіп жіберген.
Сондай-ақ Комитет төрағасы жануарлар мен құстардың аса қауіпті аурулары бойынша ағымдағы эпизоотиялық жағдай туралы ақпарат беріп, ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар және ветеринариялық-бақылау бекеттерінің жұмысы туралы айтып берді.
«Ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жоспары бойынша 2019 жылы 17 аса қауіпті ауруға қарсы 140,7 млн вакцинация жасау жоспарланған. Қазіргі уақытта 122,3 млн. екпе жасалып, жұмыс жоспардан бұрын жүзеге асып жатыр», деді ол.
Десекте, Комитет басшысы Арман Өтеғұловтың айтуынша, еліміздегі ветеринария саласында жетістіктер де жоқ емес. Ағымдағы жылы Қазақстан жануарлар мен құстардың бірқатар аурулары бойынша азат мемлекет мәртебесін алды. ҚХР-ға сиыр етін экспорттауға құқығы бар тізімге 4 қазақстандық кәсіпорын енгізілді. Шошқа еті, сүт өнімдері, жүн шикізаты экспорты бойынша Хаттамаға қол қойылды. 12 АШТӨ-ден ағымдағы жылы Ресей Федерациясы салған шектеулер алынып тасталды, 2,5 мыңнан астам қазақстандық кәсіпорындар ЕАЭО-ға және үшінші елдерге өнімді экспорттауға арналған шетелдік тізімге енгізілді.
Сондай-ақ мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар 4,6 мыңнан астам заң бұзушылық анықтап, 2,8 мыңнан астам жеке және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 86,7 млн теңге айыппұл төледі.
Жетістіктер қатарына 2014 жылдан бастап адамдардың бруцеллезге шалдығу жағдайларының саны 1 443-тен 313 жағдайға дейін төмендеген.
Кеңейтілген кеңес қорытындысы бойынша ветеринарлық мамандардың сапалы жұмысы үшін жағдай жасау, әкімдіктер мен АШМ аумақтық инспекцияларының ветеринарлық қызметтің өзара іс-қимылын күшейту, мамандардың жалақысын көтеру және т. б. Мәселелер бойынша бірқатар ұсыныстар қабылданды.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров комитет жүргізген талдау қорытындыларын талқылау барысындағы аталған мәселелер Мемлекет басшысы қол қойған заңның күшіне енуімен шешілуі тиіс екенін атап өтті. Ветеринарлық қызметтерді жаңғырту барысында аталмыш саладағы бақылау-қадағалау міндеттері АШМ қарамағына қайтарылады.
Сондай-ақ мемлекеттік кіріс органдарынан ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерінде карантиндік-фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау міндеттері АШМ құзіретіне енетін болады.
«Ветеринария, карантин және өсімдіктерді қорғау саласындағы лауазымды тұлғаларға - тексеру мен қадағалауды жүзеге асыру үшін бақылау бекеттерінде көлік құралдарын тоқтату құқығы берілген», деп атап өтті министр.