Қазақстан • 09 Қараша, 2019

Ресей жалға алған 11,6 мың га жер Қазақстанға қайтарылды

410 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ресей жалға алған 11,6 мың га жер Қазақстанға қайтарылды

Ресей жалпы алаңы 11,6 мың гектар төрт жер учаскесін жалға алуды тоқтатады. Төрт жер учаскесі Қазақстанның пайдалануына беріледі.

«Жалпы алаңы 1 740 гектар екі учаске Қармақшы ауданы Төретам кентін кеңейту үшін, сондай-ақ 9 950 гектар екі учаске «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізін, «Алматы —Мәскеу» теміржолын салу және «Бейнеу—Шымкент» газ құбырының желілік бөлігі үшін алынып отыр», — деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.    

Министрдің айтуынша, жер телімдері Қызылорда облысының дамуы үшін қажет. Осы шаралар өңірдің әлеуметтік жағдайына және экономикасына оң әсерін тигізеді. 

Сондай-ақ шарттың екінші қосымшасында «Байқоңыр» кешенінің технологиялық және техникалық нысандарының, тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөліктердің құлауы аудандарының координаттары көрсетілген.

Сарапшылар Ресейдің біздің елден жалға алынған жерлерді қайтару тұрақты түрде  жалғасып келе жатқанын айтады. 

Ресей Сыртқы істер министрі  Сергей Лавров Қазақстанға  осы сапарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесуге ниетті.

Ресейлік сарапшылар Сыртқы істер министрлері деңгейінде байыпты және шұғыл консультацияларды қажет ететін бір де бір себеп жоқ екенін айтып жатыр. Бұл жолғы кездесуде Өзбекстанның ЕАЭО-ға кіру мүмкіндігінің перспективасы қаралуы әбден мүмкін.

Ресей Ғылым академиясы Шығыстану институты Орталық Азия мен Кавказды зерттеу орталығы аналитикалық тобының жетекшісі Станислав Притчиннің айтуынша, Байқоңырды дамыту мәселесіне осы жолы назар аударылуы мүмкін.

«Қала жабық мәртебеге ие. Енді оны ашу мәселесі талқылануда. Бұл кездесу кезінде көтеріледі және министрлердің күн тәртібінде болады деп  ойлаймын» деді С. Притчин ресейлік журналистермен кездескен кезде.

 

 

АЛМАТЫ