Хоккей • 11 Қараша, 2019

«Барыстың» бәсі төмендеп тұр

269 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) ел намысын қорғап жүрген елорданың «Барыс» клубы тұрақты біріншіліктің соңғы ойындарында жеңіске жете алмай, жанкүйерлерін жерге қаратуда. Маусымдағы алғашқы ойынды жеңіліспен бастаса да, әрі қарай сәтті өнер көрсеткен қазақстандық команда соңғы тоғыз ойынның небәрі екеуінде ғана жеңіске жетті.

«Барыстың» бәсі төмендеп тұр

Өткен аптада ҚХЛ команда­лары Еуротур ойындары өтіп жатқан соң 10 күндік қысқа үзіліске шықты. Басқа командаларды қайдам, жеңі­лістен бас көтере алмай жатқан «Ба­рыс» үшін бұл үзіліс тиімді болады деген сенімдеміз. 14 қазанда өз алаңымызда басталған сәтсіздіктің соңы көрінер емес. Қазан айының ортасында «Барыс» Владивостоктың «Адмиралынан» овертаймда 0:1 есебімен ұтылды. Нұр-Сұлтандағы матч аса шиеленісті өтті. Қос тарап барын салып айқасты. Əсіресе, айдын иелерінің қарқыны күшті болды. Биылғы маусымда аталған командалар өзара екі мəрте кездесіп, екеуінде де Қиыр Шығыстан келген хоккейшілер басым түскен еді. Бұл жолы да Маркус Юнгтың соққан шай­басының арқасында «Адмирал» жеңіске жетті.

«Барыс» араға екі күн салып «Ба­рыс Аренада» Риганың (Латвия) «Ди­намо» командасын қабылдап, екінші рет овертаймда жеңіліске ұшырады. Кездесуді тамашалауға келген 5 мыңға жуық жанкүйер үш ке­зеңге созылған бəсекеде 7 гол­дың куəсі болды. Бірінші кезеңде есеп ашылмағанымен, екінші және үшінші кезеңде қос команданың хоккейшілері үш-үштен шайба соғып, кездесу тең есеппен аяқталды. Қосымша уақыттың үшінші минутында Кристапс Сотниекстің соққан шайбасының арқасында «Динамо» жеңіске жетті.

Кейінгі ойында жерлестеріміз әупірімдеп жүріп екі матчта жеңіске жетті. Алғаш елордада өткен кездесуде «Барыс» Мәскеу облысының «Витязь» командасымен ойнап, бұл жолы жерлестеріміз овертаймда 3:2 есебімен басым түсті. Қосымша уақыттың 3-минутында Дастин Бойд матчтағы екінші шайбасын соғып, командасына маңызды жеңіс сыйлады. Екінші ойынды Минскіде өткізген «Барыс» жергілікті «Динамо» командасынан буллит сериясында айласын асырып кетті. Негізгі кезең 1:1 есебімен аяқталып, буллитте жерлестеріміз 3:1 есебімен жеңіс то­йын тойлады.

Минскідегі жеңістен кейін Андрей Скабелка шәкірттерін не қырсық шалғаны белгісіз, соңғы бес ойында жеңілістен көз ашпады. Ярославльде кездесу өткізген «Барыс» ойыншы­лары жергілікті «Локомотивке» овер­таймда есе жіберді. Екі шайба айырмашылығымен алда тұрған «Барыс» үшінші кезең соңында 2:3 есе­бімен ұтылды. «Локомотивтен» же­ңілген соң «Барыс» ойыншылары Қазан қаласына сапар шегіп, «Шығыс» конференциясында көш бастап тұрған азулы «Ақ Барыс» командасымен кездесті. Бұл кездесуде де жерлестеріміз қарсыластарына 3:2 есебімен жол берді.

Араға үш күн салып «Барыс» елордада Магнитогордің «Металлургін» жеңе алмады. Бірінші кезеңде қарсылас команданың ойыншысы Денис Паршин есеп ашып, командасын алға сүйреген. Екінші кезең бел ортаға жеткен тұста айдын иелері Дар­рен Дицтің мергендігі арқасында тара­зы басын теңестірген-ді. Алайда, 33-минутта Максим Матушкин «Ме­тал­­лургті» алға шығарды – 2:1. Осы­лайша, жерлестеріміз қатарынан үшін­ші кездесуде жеңілістің кермек дəмін татты.

Екі күннен соң Екатеринбургтің «Автомобилист» клубын қабылдаған «Барыс» биылғы біріншілікте бесінші мәрте овертаймда омақасты. Кездесу барысында қонақ команда үш рет есепте алға шыққанына қарамастан, жерлестеріміз лезде қарымтасын қайтарып отырды. Өкінішке қарай кезінде «Барыстың» сапында ойнаған Найджел Доус овертаймда жеңіс голын соқты. Нәтижесінде «Барыс» 3:4 есебімен жеңіліс тапты.

«Барыс» үзіліс алдындағы соңғы ойынын «Батыс» конференциясының үздігі Мәскеудің ЦСКА командасына қарсы өткізіп, ірі есеппен есе жіберді. Богдан Киселевич, Михаил Григоренко және Кирилл Капризов соққан үш шайбаға жерлестеріміз жауап қайтара алмай, «Барыс Аренаға» жиналған 11 мыңға жуық жанкүйердің алдында масқара болды. Осы 9 ойында «Барыс» командасы өз қақпасына 23 шайба өткізіп алса, қарсыластарға 16 голмен жауап берген. Бұл аралықтағы екі ойында елорда ұжымы қарсылас қоманданың қақпасына саңылау таба алмады.

Қатарынан бес ойында жеңіл­ген «Барыс» командасы дәл қазір­гі уақытта «Шығыс» конференция­сында 24 ойыннан кейін 30 ұпай­мен алтыншы орында тұр. Өзге коман­даларға қарағанда «Барыс» 1-2 ойын кем өткізген. Бұл топтың кө­шін 25 ойында 39 ұпай жинаған Қазан­ның «Ақ Барыс» командасы бас­тап тұр. Алғашқы алтылықтың ұпай санында аздаған алшақтық бол­ға­нымен, төменгі алтылықтың ұпайлары шамалас. Мысалы, кес­теде «Барыстан» кейін орналасқан «Ад­ми­рал» мен «Металлург» команда­лары 29 ұпаймен 7-8-орындарды бө­лісіп тұр. Ал «Куньлунь» мен «Ав­то­мобилист» 26 ұпаймен 9-10-сатыда тұрса, «Трактор» мен «Амур» 22 ұпай­мен соңғы екі орынға жайғасқан.

«Барыс» алдағы уақытта жеңіске жетіп, мейлінше ұпай топтамаса, үздік сегіздіктен түсіп қалатын түрі бар. Егер жерлестеріміз турнир кестесінде сегіздікке ене алмаса, онда олар үшін биылғы маусым аяқталды дей беруге болатын шығар. Өйткені Гагарин кубогына қатысу үшін командалар кем дегенде алғашқы сегіздіктің қа­тарында болуы керек.

Мамандардың айтуынша, «Ба­рыс­тың» жеңілісіне екі себеп болуы мүмкін. Біріншісі, трансфердегі сәт­­сіз­дік, екіншісі, хоккейшілердің физи­калық тұрғыдан дайын болмай шығуы және ойыншылардың үнемі жара­қат алуы. Мысалы, «Барыс» өткен мау­сымда астаналықтарды өрге сүй­реген, бұл күндері карьерасын аяқ­таған Брэндон Боченски мен маусым­аралық трансфер кезеңінде команда­дан кеткен Патрис Кормье, Мэтт Фрэт­тин, Андре Петерссон сияқты ша­буы­л­шылардың орнын жоқтат­пайтын лайықты ізбасар хоккейшілер алмаған.

Ал командаға биыл қосылған шабуылшылардың нәтижесі көңіл көншітпейді. Мысалы, америкалық шабуылшы Эрик Тангради 17 ойында мұзайдынға шығып, төрт-ақ шайба соққан. Канадалық Корбан Найт 24 матчта бар-жоғы алты рет мергендігімен көзге түскен. Фин­ляндиялық Ииро Пакаринен «Барыс» сапындағы 17 ойында тек үш рет қақпаны дәл көздеген екен. Алдағы уақытта «Барыс» команданы алға сүйрейтін хоккейші алмаса, биылғы күйді келесі жылы да кешетіні анық.

Сондай-ақ дәл қазіргі уақытта команда сапында жарақат алып, емделіп жатқан үш бірдей ойыншысы бар. Олар – швециялық Виктор Сведберг, финляндиялық Ииро Пакаринен және қазақстандық Талғат Жайлауов. Бас бапкердің айтуынша, аталған ойыншылар жаңа жылға дейін командаға көмектесе алмайтын көрінеді.

Жуырда Ресейдің «Чемпионат» интернет-басылымы ҚХЛ-дің 2019/20 жылғы маусымдағы командалардың рейтингін жасап шықты. Басылым рейтингі бойынша «Барыстың» бас бапкері Андрей Скабелка соңғы ойындардағы сәтсіздіктерден кейін 6-орыннан 15-орынға түсіп қалды.

10 күндік үзіліске шыққан Құр­лық­тық хоккей лигасының командалары ертеңнен бастап кезекті тур ойындарын өткізеді. «Барыс» үзілістен кейінгі алғашқы кездесуін 12 қарашада сырт алаңда «Батыс» конференциясының 10-орында келе жатқан Череповец қаласының «Северсталь» командасымен шебер­лік байқасады.