Әлем • 11 Қараша, 2019

Бір елді екіге бөлген қабырға

2182 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Осыдан 30 жыл бұрын, 1989 жылдың 9 қарашасында ондаған жылдар бойы бір халықтың, туыстардың, жақындардың байланысын үзген, саяси шиеленіс нәтижесінде мемлекеттік шекараға айналған Берлин қабырғасы құлады. Берлин қабырғасының тарттырған қасіреті аз емес. Осы адамдардың ғана емес, түгел бір халықтың, тарихтың бөлінуіне әкелген қабырға тарихына көз жүгіртіп көрелік.

Бір елді екіге бөлген қабырға

1940 жылдардың соңында АҚШ, Ұлыбритания, Франция және КСРО соғыстан кейінгі Германияны өз ыңғайына қарай икемдеу таласын бастады. Әр ел өз түсінігіндегі сая­сат­ты жүр­гізбекке тырысты. Бір мемле­кет­тің төртке бө­лінуі былай тұрсын, ел аста­насы Бер­лин­нің өзі төрт саяси күш­тің ық­палы­на түсті. 1949 жылы мем­лекет Германия Демо­кра­ти­ялық Рес­пуб­ликасы және Гер­ма­ния Феде­ра­тивті Респуб­лик­асы болып екіге бөлінді. Ал 1961 жылы 13 тамызда сая­­­си дер­жавалар Бер­линді де екі­­ге бөліп тынды. Бұл шешім Кеңес өкі­меті тарапынан қабыл­да­нды. Өрши түскен дау нәти­жесінде Батыс және Шығыс Берлин пайда болды.

Шешім қабылданған күннен бастап қабырғаның екі жағы екі бөлек әлемге айналды. Бір-бірінен 200 метр қашықтық­тағы адамдардың тұрмысы, еркін­дігі, тіпті танымы да өзгерді. Алғашында шекара қорғанысы әлсіз болған. Батыс Берлин хал­қы шығысқа емін-еркін өте ала­тын, бірақ шығыстықтарға Батыс Берлинге өтуге тыйым са­лынған. Дәл осы тұста шығыс Берлиннен заңсыз көшкендер, қашуға ұмтылғандардың қар­а­сы көбейіп кетті. Халық жал­­ған пас­­порттар жасатып, суре­тін ауыстырып өтетін болды. Бұл қулық көп ұзамай шығыс Германия үкіметінің құлағы­на жетті. Осы кезде кеден бақы­лауы­на қосымша «штази» құпия по­ли­циялар тобы жұмысқа кірісті.

Мемлекеттегі қатал тәртіп­ке төзбеген жұрт қарап қал­май, қашып құтылудың түрлі әді­сін ойлап тапты. Өз паспорт­тары­ның пайдаға жарамасын біліп, Аустриядан құжат алды­ратын күнге де жетті. 1962 жыл­дан бастап үлкен базалармен тексеріс енгізілді. Бұдан бы­лай батыстықтар шығысқа өте­тінін әкімшілікке алдын ала ес­кертуі тиіс болды. Алайда айла асырмайтын халық паспорт қулықтарын қойып, құбырлар, жертөле арқылы өтуге тырыс­ты. Сол жылы Берлиннің оң­түс­­тік-шығысындағы Хай­дельбер­герштрассе көшесінде бірден үш жертөле қазылды. Осы кезде батыс Берлинде адам­­­дар таситын жасырын топ­тар пайда болды. Олар көлік арқылы, жалған құжатпен бауыр­ларын батыс Бер­лин­ге өткізді. «Жертөле қазу­ да жақ­сы мүмкін­дік болды. Деген­­мен еш­кім­нің көзіне түспеу үшін жарық­­сыз жұмыс істеуге тура келетін. Күректің сабын аяғы­­мызға байлап қаздық. Сон­дық­тан олардың радиусы небәрі 50-60 см болатын. Екі тарап­тан да үй­лері жақын орна­лас­­қан аудан­дарды табуға ты­рыс­­тық. 20 метр­лік құбырды 3 күн, 3 түн қазуға болады. Оған жарық­­тың қажеті жоқ, бірақ ауа жетпей­­тін», дейді жасақ мүшесі доктор Вайгль.

Қысқа уақыт ішінде Бер­линде 75 жерасты жолы қазы­лады. Дегенмен тек 19-ы ұзақ уақыт қолданылған, қал­ған­дарын сатқындар билік басын­да­ғы­ларға әшкерелеп берген. Аталған жертөлелер 400-ге жуық адамның пайдасына жарады. Ал құбырлар арқы­лы 800 кісі, тағы 10 мыңға жуығы жалған пас­порт арқылы Бер­лин­нің батыс бөлігіне өткен. Буркхарт Вайгль достарымен бірге жертөле­ден бөлек, көлікпен де адам тасығанын айтады. Олар «Кадиллак» көлігін сатып алып, оның алдыңғы жағынан жасырын орын жасатып, 30-ға тарта адамды шекарадан өткізген. «Машинамызды танып қоймауы үшін жиі бояйтынбыз. Көліктің тіркеу нөмірін ауыстырып бір күні «Шевроле» ретінде жасатып, бір күні басқа маркаға ауыс­тырып амал қылдық. Бізді, қуанышымызға орай, ешкім ұстаған жоқ», дейді ол.

Ресми емес деректерге сүйенсек, 1961-1970 жылдар ара­сында батыс бөлікке 650 адам қоныс аударған. Қабырға салынған кезде бер­лин­діктер оның конструкциясы­нан хабарсыз болған. Биліктегілер қабырғаны зерттеп қарауға мүм­кіндік бермей, жақын маңдағы көпқабатты ғимараттарды құ­ла­тып тастайды. Биіктігі 3,6 метр­ге жуық қабырға тікенді темір­мен оралған. Ал кей жер­леріне арнайы топырақ төселіп, адамдардың іздерін аңдыған. Әр 200 метр сайын тексеріс бекеті қойылған. Шекарадан өтемін деп 1961-1989 жылдар арасында 140-қа жуық ГДР азаматы көз жұмған.

Батыс Берлиннен қонаққа келген азаматтардан шығыс­тықтар биліктің дәріптейтін идео­логиялары екі түрлі еке­нін, тіпті тарататын хабарлары жалған екенін біле бастайды. «Туыстарымнан Батыста өмірдің соншалықты азапты емесін түсіндік. Алайда саясат екі түрлі еді. КСРО пионерлер жүйесін Берлинге де енгізді. Ол жақтағы мектеп оқушы­лары жиналыстарға қатысатын. Сабақ­та батыстағылар – жауымыз деп үйрететін», дейді Рома Хайманн. Шығысқа қарағанда батыста еркіндік көбірек болды. Олардың арнайы орындардан қаланың шығыс жағын бақылап, хабар алуға мүмкіндіктері болатын. Ал шығыстықтар үшін ондайға рұқсат берілмеді. Олар қабырғаның ар жағындағы тұр­мыстан еш хабарсыз, қол үз­ген еді. Шығыста ақпарат шек­теулі, мемлекетке сырттан газет-журналдар кіргізуге ты­йым салынған. Қоңырау шалу үшін арнайы бекеттерге барып, жеті-сегіз сағаттай күтіп, рұқсат алуға мәжбүр-тұғын. Ал қандай да бір күдік туғызғандар еш тек­серусіз түрмеге жабылатын. Саяси тұтқындардың арасында шіркеу қызметкерінен бас­тап, батыстағы анасын көруге тал­пынған жұмыссыздар да болған.

1989 жылғы жаздың соңын­­да халық саяси және аза­мат­­тық бостандық үшін ереуіл­­­дерге шыға бастады. 11 қыр­күйекте социалистік Мажарстан Аустриямен шекарасын ашады. 3 күннің ішінде 15 мыңға жуық ГДР азаматы Чехославакия ар­қылы Мажарстанға көшті. Көп ұзамай, қазан айында ГДР-ды 1971 жылдан бері басқар­ған Эрих Хонеккер қызметінен кет­ті. Дәл осы күннен бастап Бер­­лин қабырғасының саяси м­а­ңы­зы да, күші де әлсіреді.

1990 жылдары төрт ел ГДР мен ГФР-дегі жағдай туралы келісімге келді. Келісім бо­йын­ша, Кеңес әскері 1994 жыл­дың соңына дейін Германия жері­нен кетуі керек. Алайда Гер­мания аумағынан Кеңес әскері­нің шығарылуы оңай бол­маған. Оның үстіне социа­лизмге үйренген халық тір­ші­лігі күрт нашарлап, жаңа ре­жім­ге үйренісуі қиынға соқ­ты. Ақпараттарға сүйенсек, шы­ғыс Берлиндегі өмір Кеңес өкі­метіндегі мемлекеттердің тір­ші­лігіне ұқсас еді. Әкесінің жұмыс бабымен сол жылдары Гер­манияға қоныс аудар­ған Ни­кита Сатарев BBC агент­ті­гіне берген сұхбатында шы­ғыс Бер­лин өзі туған Челябі қаласына ұқсайтынын айтады. «Ешқандай өзгеріс байқал­майтын, бұл жақта да тәртіп болатын. Дегенмен дүкендерде тауар да, таңдау да көп еді. Менің туған өлкем мен Германияның басты ерекшелігі осында болатын», дейді.

1989 жылы қарашада Эрих Хонеккердің орнына келген жаңа басшы Гюнтер Штабовски Шығыс Берлин халқы виза арқылы батысқа бара алатынын хабарлайды. Сол күні мыңдаған халық қабырға жанына жиналып, полицияға қарамай шекарадан өтеді. Ақпараттарға сүйенсек, алғашқы 3 күннің өзінде 3 миллион адам Берлиннің батыс бөлігіне көшкен.

Бүгінде ондаған жылдар бойы туыстардың көрісуіне, хабар алысуына кедергі болған шекарадан Бернауэрштрассе бөлі­гіндегі қабырға ғана сақталды. Ол жер бүгінгі күні тарихи ғана емес, сондай-ақ мәдени маңызы да бар орын саналады. «Истсайд гале­реясы» аталып кеткен қа­быр­ғада адам құқықтары, бос­тан­дық, теңдік, сол жылдары қаза тапқан Германия халқына арналған әлем суретшілерінің туындылары бар.

Германия қасіретінен бөлек, әлі күнге дейін екіге бөлінген кореяаралық «қабырғаны» құ­лата алмай отыр. Бұл жағдай­да да мемлекеттің ішкі мәселесіне АҚШ пен КСРО араласты. Саяси күштердің тартысы мен дер­жавалардың таласы нәти­же­сінде әлем картасында бүгінгі­дей КХДР мен Оңтүстік Корея мем­ле­кеттері пайда болды. Бір ел саналатын Қытай мен Гон­конг сыртқы күштердің әсері­нен екі жүйеде өмір сүруде. Қос тараптың арасындағы қақтығыс күннен-күнге өршіп барады...