Қоғам • 11 Қараша, 2019

Ауылда әлеуметтік жауапкершілік жоғары

324 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елордада «Қазақстан әйелдерінің ауылды кешенді дамытуға қосқан үлесі және тұрақты даму мақсаттары-2030 жетістіктері» атты ІІ республикалық ауыл әйелдері форумы өтті. Форумға еліміздің барлық өңірінен 200-ден астам делегат келді.

Ауылда әлеуметтік жауапкершілік жоғары

«Елімізде әйелдер кәсіпкерлігін қолдау тетіктері жеткілікті. Жыл санап нәзік жандылардың кәсіпкерлікпен айналысуға деген құлшынысының артуы бізді қуантады. Мемлекет әлеуметтік жағдайын арттыруға ұмтылған кез келген азаматқа жан-жақты қолдау көрсетуге дайын», деді форумда сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсина.

 Әлеуметтік кәсіпкерлік ауылда!

Жаппай кәсіпкерлікті дамыту мен отбасылық бизнесті ілгерілетуде әйел­дердің рөлі ерекше. Осы орайда, рес­пуб­ликаның әр өңірінен келген кәсіпкер әйелдер өздерінің тәжіри­бел­­ерімен бөлісіп, саладағы кей келеңсіздіктерді де атады. Қарағанды об­лысы Абай ауданынан келген Айман Жұматаева бірнеше жылдан бері саңы­рауқұлақ шаруашылығымен ай­налы­сады.
6 адамды жұмыспен қам­тып отырған кәсіпкердің ұжымында мүм­кін­дігі шектеулі азаматтар да еңбек етеді.

«Бастапқыда айына 1 тонна өнім шығарсақ, қазір өндіріс айына 3 тоннаға дейін жетті. Қазір елдің әр өңірінде осы саламен айналысқысы келетін бастауыш кәсіпкерлер менен ақыл сұрай келеді. Білгенімізді үйретуден тартынбаймыз», дейді кәсіпкер.  Жалпы, өңірлердегі кәсіпкерлер, әсіресе ауыл-аймақтардағы бизнесмендер әлеуметтік кәсіпкерлікке қала кәсіпкерлеріне қарағанда бір табан жақындығы байқалады. Мал асырап, егін салып, тіпті өңдеу өнеркәсібімен айналысып отырған ауыл кәсіпкерлері өздері тұратын елді мекендерге қол ұшын беруге дайын. Мәселен, ҚХА жанындағы Солтүстік Қазақстан облыстық аналар кеңесі төрайымы Күлімкөз Смайылова сол­түстік өңірде кәсіпкерлердің әлеу­мет­тік жауапкершілігі жоғары екенін жеткізді. Оның айтуынша, облыстағы Аққайың ауданы Дайындық ауылы мен Уәлиханов ауданы Мырзагүл ауы­лында жағдайы төмен отбасылар жоқтың қасы. Сонымен қатар бұл ауыл­дарда ішімдікке салыну, ажырасу мен тастанды бала мәселелері де тым сирек көрінеді. К.Смайылованың пікірінше, мұның себебі – жергілікті кәсіпкерлердің туған ауыл­дарына деген қамқорлығы. Дайындық ауылындағы әр үйге тартылған ыстық және суық су мен орталық жылыту жүйесі жергілікті кәсіпкерлердің қолы­мен жасалған екен. Жол салып, әлеу­меттік нысандар құрылысын өз қалта­сынан қаржыландыратын кәсіпкер Біржан Шаймерденов қарамағындағы қызметкерлеріне кемі 500 мың теңгеден айлық та төлеп отырған көрінеді. «Мұн­дай кәсіпкерлер әр өңірде бар. Ауыл-аймақтардағы халықтың әлеу­мет­тік ахуалының жақсаруы мен бірлік-берекесі белгілі бір деңгейде осындай кәсіпкерлердің арқасында орнап отыр», дейді К.Смайылова.

 Ауылдар өзін өзі басқаруға дайын ба?

Осы орайда кәсіпкерлер келер жылдан бастап бюджеттің төртінші деңгейінің енгізілуі мен кей салық түрлерін жергілікті бюджетке берудің бірінші кезекте ауылдардағы әлеуметтік ахуалды жақсартатынын айтып отыр. «Бұрын ауылдардағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге қажетті қаражат аудан әкімдігі арқылы шешілетін. Енді бюджеттің төртінші деңгейі енгізілсе, ауылдардың өз бюджеті қалыптасып, шағын елді мекендер өз проблемаларын өз бетінше шешуге мүмкіндік алады. Ал бизнестің корпоративті табыс салығының жергі­лік­ті бюджетке берілуі өңірлердегі кә­сіп­керліктің артуына ықпал етпек», дей­ді ауыл кәсіпкерлері. 

Дегенмен бұл қос жаңалықтың да шикіліктері жоқ емес. Қостанай облысы Меңдіқара ауданы Алешинский ауылдық округі әкімі Жанат Байболатованың айтуынша, бюджеттің төртінші деңгейінің енгізілуінде кейбір әкімшілік мәселелер нақтыланбаған.

«Өзін өзі басқару мәселесі елімізде әлі күнге орнықпай келе жатыр. Жер­гілікті өзін өзі басқару бюджеті мына салық түрлерін қамтиды: төлем көзінен алынбайтын жеке табыс салығы, жеке тұлғаларға мүлік салығы, елді мекендердегі жеке тұлғаларға жер салығы, жеке тұлғаларға көлік салығы, заңды тұлғаларға көлік салы­ғы және жер салығы. Осылардың ішін­де жеке табыс салығының ұлғаюы халықтың жаппай кәсіпкерлікпен айналысуына тікелей байланысты. Бұл үшін республикалық және жергілікті бағдарламалар бар. Ал қалған жеке тұлғалардың мүлік пен жер салығы тым төмен. Біздің ауыл бойынша осы екі салық түрінен жылына 116 мың теңге ғана түседі. Бұл соманы ауылдағы үйдің санына бөлсек, мүлік пен жер салығы 253 теңге ғана деген сөз. Бұл бюджетті толтырмайды. Алдағы уақытта осы салық түрін көбейту керек деп ойлаймын», дейді әкім.

Сонымен қатар әкімнің айтуынша жергілікті атқарушы биліктің салық жинауда кездесетін кедергілерінің бірі  – ортақ мәліметтер базасының жоқты­ғы. Әкімдік әр тұрғын бойынша бар­лық мәліметке ие болуы керек. Тіпті әр деңгейдегі атқарушы билікте кей жағдайда әртүрлі мәлімет кездесіп жата­тын көрінеді. «Мемлекетіміз біртін­­деп өзін өзі басқаруға көшіп жатыр. Ауылдар өзін өзі басқаруы үшін жоғарыда аталғандардан бөлек әр ауыл­дың коммуналдық меншігі өзіне қарасты болуы тиіс, аудандардың меншігінде болмауы керек», дейді Ж.Байболатова.