Қоғам • 12 Қараша, 2019

«Пішін мен бейне үндестігі» атты көрме

400 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы кітапханасының музейінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған көрмелер топтамасы «Пішін мен бейне үндестігі» атты тақырыптық қор көрмесінің ашылуымен басталды.

«Пішін мен бейне үндестігі» атты көрме

 

Іс-шараға мемлекет және қоғам қай­раткерлері, Әзербайжан, Чехия, Швеция, Жа­пония елшіліктерінің, сондай-ақ Корей мәдениет ор­та­лығының өкілдері, университет сту­денттері және мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты.

Көрмені Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов ашып, көрменің маңыздылығына тоқталды.

–  Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Республикасы халықаралық-құ­қық­тық тұрғыдан мойындалды. Қазақ елі мемлекет ретінде әлем картасына енді. Аталған жетістіктердің негізі – Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Назар­баев­­тың көпвекторлы сыртқы саясаты, кәсіби дипломатиядағы шебер­лігі. Осы арада екіжақты және көп­жақты кездесулер мен келіс­сөздер аясындағы шетел делегация­ларының мемлекетімізге, халқы­мызға көрсеткен құрметін дә­лел­дейтін кәдесыйлардың да маңызы зор екенін атап өткім келеді. Аталған кәдесыйлар – жас Қазақстанның сыртқы саясатта жасаған алғашқы қадамдарын, оның ішінде жоғары деңгейдегі Қазақ­станның Тұңғыш Президентінің шетелге жасаған мемлекеттік, ресми сапарлары мен кездесулерін, бүгінде еліміз жүргізіп отырған көпвекторлық сыртқы саясаттың стратегиялық маңыздылығын тағы да растай түседі. Осындай нық орныққан бағдардың түпкілікті қағи­дат­тары мен құндылықтарына бекем болу – біздің мемлекетіміздің даму шарт­тарына сәйкес келетін сыртқы саясаттың қайталанбас үлгісі, – деді Ә.Рахымжанов.

Сәндік табақтар тақырыптық топ­та­­ма­сын ғылыми-зерттеу нәти­жесінде уақытша көрмелердің өзінде сирек көрсетілетін музейлік маңызы бар бұйым­дардың ау­қым­ды экспозициялық тобын қалып­тастыруға мүмкіндік туды. Музей жинағындағы 87 сақ­тау бірлік сәндік табақтар туралы ақпа­рат­­ты жүйелеу жұмыстары Елбасы кі­тап­ха­насының ғана емес, жалпы Қазақстан музейлерінің тәжірибесіндегі алғаш рет сыналатын көпшілік бағдарламасынан тұратын ауқымды көрме жобасының негізіне айналды.

Мәдени шараға қатысушылар алған әсерлерімен бөлісті.

Матс Фойер, Швецияның Қазақ­стан­дағы Төтенше және өкілетті елшісі:

–  Көрмеде өте әдемі, өзіндік ерек­шелігі бар жәдігерлер көп болды. Сыйланған әр жәдігерге қарап сол елдің тарихын, дәстүрін, мәдениетін аңғаруға болады.

Ләззат Нұрмағанбетова, Цели­но­град ауданы, Қараөткел ауылы №2 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі:

– Бүгінгі көрмеден ерекше әсер алдым. Көрменің тәрбиелік мәні өте зор. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назар­баев­тың құрметіне берілген дипломатиялық сыйлықтар топтамасы Қазақстанның әлем­дік дәрежедегі орнын көрсетеді. Мұн­дай іс-шара жастардың тарихқа деген қы­зы­ғушылығын оятып, елін, жерін сүюге баулитын, патриоттық сезімін ашатын игі бастама.

Айдана Сүлейменова, Целиноград ауданы, Қараөткел ауылы №2 орта мектебінің 11 сынып оқушысы:

– Көрмедегі сый-сыяпаттар аға буын өкілдеріне естелік, жас ұрпаққа мұра болып қалады. Мұндағы әр сыйлыққа қарап шетелдіктердің Елбасына деген құрметін көруге болады. Бүгінгі іс-ша­раны өткізіп отырған Елбасы кітап­ха­на­сы ұжымына алғысымды білдіремін және осындай тарихи маңызы бар көрме­лер әрі қарай жалғасын табады деп сенемін.

«Пішін мен бейне үндестігі» көрмесі барысында көпшілікке арналған бағдарлама ұсынылды: 2019 жылдың 13 қарашасынан бастап елорда қонақтары мен тұрғындары тегін семинарларға, фильм көрсетілімдеріне, Елбасы кітапханасындағы дәрістерге қатыса алады.