Аймақтар • 12 Қараша, 2019

Шолоховқа ақ бота сыйлаған

194 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тарих қойнауына әлдеқашан еніп кеткен XX ғасырда жет­піс жылдан астам билік құрған ком­мунистік партияның саясаты еш­кімді еркелетпегені, ешкімді маң­дайынан сипамағаны және жалған дүниені ешкімге жалпа­ғы­нан бастырмағаны белгілі. Де­ген­­мен осындай орта мен күрделі қоғам­дық құрылыста өз дәуіріне адал қызмет ете білген перзенттер мол болғаны да сол кезеңнің шын­­дығы. 

Шолоховқа ақ бота сыйлаған

Бүгінгі күн биігінен қарастырғанда мұн­дай биік баға К.А.Тимирязев атын­дағы Мәскеу ауыл шаруашылығы ака­­­демиясы түлегі, көзі тірісінде кісі­лік пен кішілік қағи­даттарынан ай­ны­май өткен асыл азамат Мақсот Ис­қақовқа әбден лайықты деген ойдамыз. Қа­рапайымдылық ол кісінің бойына о бастан қанмен сіңген қасиет десек қа­те­лесе қоймаспыз. Мақсот аға ұзақ жылдар бойы басшылық қызметтерде болған кезінде биік лауазымын алға тартып біреуге көкірек көрсетпегеніне, ұлы Абайдың сөзімен айт­қанда «өзінде бармен көзге ұрып, өзгеден артылам демегеніне» куә бола аламыз.

Біз осы материалды газет өндірісіне әзірлеу барысында қызы мен күйеу баласы Мәдина мен Болаттың үйінде сақталған Мақсот Исқақұлының өз қолымен жазылған өмірбаянымен танысқан едік. Содан көңілге түйгеніміз өз дәуірінің қата­рынан оза шапқан дүлдүл 24 жасын­да МТС директоры, 29 жасында Жымпиты аупарткомының хатшысы, ал 1962 жы­лы 33 жасында Казталов аудандық пар­тия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайын­далғаны. Тұтастай ширек ғасырға жуық уақыт бойы Казталов және Жыпмиты аудандарының әлеумет­тік-экономикалық тұрғыдан алға басуына, аталған өңірлерде рентабельділігі жоға­ры шаруашылықтар қатарының өсуіне ықпалын тигізгені де М.Исқақовтың бі­лік­ті басшы бола білгенінің бір дәлелі.

Сонау сексенінші жылдардың басы мен орта шенінде М.Исқақов басқарған аудандардың тыныс-тіршілігі сол кез­дегі Одақтың бас басылымы, КОКП Ор­талық комитетінің органы «Правда» газетінің бірінші бетінде жариялану мүмкіндігі де екінің бірінің еншісіне тие бермейтін. Осындай жағдайда Жым­питы ауданынан «Правдада» бір­қатар материалдар жарияланып тұрды. Тіпті 1980 жылдың 30 тамызы күні «Правда» газетінің бірінші бетінде Жым­питы аупарткомының бірінші хатшысы М.Исқақовтың фотосуреті КОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы Леонид Брежневпен қатар жарқ ете қалған кезі де бар.

Қай дәуірде де, қандай қоғамда да мем­лекет­тік марапат тектен тек беріл­мейтіні белгілі. Бұл ел-жұрт үшін төгілген маң­дай­тер мен жұмсалған күш-қайраттың өтеуі екені де анық. Осы орайда Мақсот Исқақов­тың Кеңес одағының жоғары наградасы Ленин, үш мәрте Еңбек Қы­зыл Ту және Халықтар достығы орден­дерімен марапат­талғаны да атап айтуға тұрарлық.

М.Исқақовтың өмірі мен партиялық бас­шылық қызметтегі жолдарына қа­тыс­ты алғанда елеулі жайттар аз емес. Со­ның бірі 1966 жылы Лениндік және Нобель сыйлықтарының иегері, орыс жа­зушысы Михаил Шолоховқа ақ бота сыйлау рәсімін ұйымдастырғаны. Оқыр­мандарға түсінікті болу үшін айта кетсек, 1965 жылдың мамыр айында М.А.Шолоховтың алпыс жылдығы Мәскеуде КСРО жазушылар одағында салтанатты түрде аталып өтеді. Осы рәсім кезінде сол кездегі Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Ғабит Мүсірепов қазақстандықтар атынан саңлақ суреткерге айрықша сый табыс етілетінін, әйтсе де оны дәл қазіргі жағдайда залға әкелу қиын екенін мә­лім­дейді. Мәжіліске қатысушылар бұған қапелімде аң-таң болып қалады. Сол кезде сұңғыла жазушы: «Бұл мөл­діреген қара көздері сұлулықтың символындай көрінетін, шынайы достық пен бауырмалдықтың белгісі бола ала­тын түйенің төлі – Ақ бота деп тіл қатады. Қазір бұл бота өзіңіз жиі баратын Ақ­жайық­тағы Шалқар көлінің жаға­сында жүр. Оны алдағы жылы сол жаққа бар­ған сапарыңызда табыс етеміз», дейді Ғ.Мүсірепов.

Алайда келесі жылы Шолохов Орал өңіріне келгенде Ғабеңнің бұл өңір­ге жете қоюының сәті түсе қой­майды да бұл жауапты тапсырма Қазақстан Жазушылар одағының атынан сол кездегі Орал облыстық партия комитетінің хатшысы Бисен Жұмағалиевке жүктеледі. Өз кезегінде бұл жауапты істі атқаруды Бисақаң Казталов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мақ­сот Исқақовқа тапсырады. Кейіннен бұл жайттың ойдағыдай орындалып, аталған ауданға қарасты «Құрманғазы» совхозының еңбеккерлері атынан сыйланған ақ бота Шолоховтың өз қалауы бойынша сол ша­руашылықта өсіруге қалдырылғаны Бисен Жұмағалиевтің «Шолоховтың Қазақстанмен қарым-қатынасы» деген кітабында көркем тілмен кестеленген.