Қоғам • 12 Қараша, 2019

Балалардың дұрыс тамақтанбауына кім кінәлі?

980 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әлемде бес жасқа дейінгі әрбір үшінші бала жеткілікті мөлшерде тамақтанбайды. Қазақстанда артық салмағы бар және семіздікке шалдыққан балалардың саны өсуде. Бұл туралы ақпарат ЮНИСЕФ-тің «Әлемдегі балалардың жағдайы 2019: балалар, азық-түлік пен тамақтану» жөніндегі жаңа баяндамасында жарияланды.

Балалардың дұрыс тамақтанбауына кім кінәлі?

 

ЮНИСЕФ-тің биылғы баян­­да­масындағы цифрлар алаң­дарлықтай-ақ. Әлем бойынша бес жасқа дейінгі әрбір үшінші ба­ланың не артық салмағы бар немесе тойып тамақ ішпейді, ал бұл 200 млн сәби деген сөз. Ал алты ай­дан екі жасқа дейінгі шамамен әр үш баланың екеуіне олардың жедел өсетін ағзасын қолдайтын тамақ берілмейді делінген баяндамада. Осының салдарынан ми баяу дамып, оқу қабілеті төмендеп, им­мунитеті нашарлап, инфекцияға төтеп бере алмай түрлі ауруларға шал­дығады. Бұл көп жағдайда өлім­ге әкелуі де мүмкін.

Жуырда аталған баяндаманың таныстырылымында мамандар тарапынан біраз жайтқа қанықтық. Өкінішке қарай, елімізде семіздік диагнозы қойылған балалар са­нының өсу үрдісі ұлғайып келеді екен, яғни 9 жастағы әрбір бесінші баланың артық салмағы бар, ал 5 жасқа дейінгі әрбір он баланың біреуінде артық салмақ кезігеді немесе семіздік сырқатына шалдық­қан. Мамандардың пікірінше, семіздікке ұшыраудың бір себебі нәресте кезінде ана сүтін ембей, қолдан жасалған тағаммен қо­ректенуге байланысты болса керек. Семіздіктен ауылға қарағанда қала балалары көбірек зиян шегетіні де байқалады. Әрине ауыл тұрмысы балаларды кішкентай күнінен көбірек қимылдауға, еңбекке ерте араласып, мал жайлап, су тасып ата-анасына көмектесуге баулиды, ал қала баласы үшін ең ауыр тірлік қоқысты пәтерден шығарып, төгуден аспайтыны түсінікті. Семіздіктің бір себебі ретінде ана сүтімен қоректенбеу туралы айтылғанымен, 6 айға толмаған сәбилердің жартысынан азы ғана тек емшек сүтін емеді, ал қосымша тамақ қосылғаннан кейін 6 айлық және одан асқан балалардың жартысынан азы ғана емуді әрі қарай жалғастырады екен. Бұл ретте ғасырлар бойына аналарымыздың емшек сүтін қадірлеп, мейірлене жақсы көрсе «Уызына тойған» деп, ал қатты разы болмағанда «Ана сүтімді көкке сауамын» дейтінін еске түсірген абзал. Аналық махаббат­пен ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жеткен мейір, шапағат, ұлағаттың «жетілдік» дейтін мына заманда үзіліп, ұрпағын емізбейтін аналар қатарының кемімей отыруы бүгінгі қоғамды ойлантуы тиіс.

Сарапшыларды алаңдататын тағы бір мәселе – мектеп жа­сын­­­дағы балалардың дұрыс та­мақ­­танбауы. Оқушылар зи­ян­дылығын елеместен қант қо­сыл­ған алкоголь­сіз сусындарды үнемі пайдала­нады. Түрлі сауал­дамаларға қара­ғанда, балалардың жартысына жуығы аталған зиянды сусындарды апта сайын ішеді. Осылайша жас ұрпақ үл­кендер қолымен жасалған қанты бар сусындардың агрессивті са­тылымының құрба­нына айналып отыр. Оған теле­дидардағы жарнамалар да өз әсерін тигізеді. Дү­­ниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуіне қарағанда, Қазақстандағы әрбір үшінші теле­дидардағы жарнамалық ролик тамақ өнімдері мен сусындар жайлы, оның 20%-ы ғана халықаралық стандарттарға сәйкес келеді екен.

Семіздікке ұшыраудың енді бір себебі аз қимылдау десек, ба­ла­лар­дың көпшілігі, яғни 72,5%-ы күніне кемінде бір сағат те­ле­ди­дар немесе зиянды тағам­дарды көрсететін электронды құрыл­ғыларды пайдаланады.

Бүгінде елімізде жеткін­шек­­­тердің тамақтану мәселесі ушығып барады. Бұл өз ке­зе­гін­де балаларымыздың денсау­лығына, үлгерімі мен хал-жағ­дайына зардабын тигізеді, дейді алаңдаушылығын білдірген ЮНИСЕФ-тің денсаулық сақ­тау және тамақтану жөнін­дегі үйлестірушісі Қанат Сухан­бер­­диев. Оның айтуынша, егер ба­лалардың семіруі мен нәрлі, пайдалы тамақтарға жетіспеушілігінің өсу үрдісі осылай жалғаса беретін болса, онда 2050 жылы туған балалар бүгінгі балаларға қарағанда аз өмір сүреді және семіздік халық өлімінің негізгі екі себебінің бі­­рі­не айналады деп болжауға бо­ла­ды. Балалардың дұрыс та­мақтанбауы қоғамның әлеуетін шектейді. Сондықтан ерте жастан балалардың тамақтануын жақсарту денсаулық сақтау, мектепке де­йінгі және мектептегі білім беру қызметінің басты мақсаты және тұтастай алғанда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының ажырамас бөлігі болып табылады.

Ал ЮНИСЕФ-тің Қазақ­стан­дағы өкілі Артур ван Дизен: «Соңғы онжылдықтың технологиялық, мәдени және әлеуметтік жетістік­теріне қарамастан, біз осы аса маңызды фактіні назарымыздан тыс қалдырдық. Егер балалар нашар тамақтанса, нашар өмір сүреді. Біз нашар тамақтану проблемасы жайлы және оны қалай шешу керектігі туралы түсінігімізді өзгертуіміз керек. Балаларды жеткілікті мөлшерде тамақпен қамтамасыз ету жайын сөз ету аздық етеді. Ең бастысы, балаларды дұрыс тамақтанумен қамтамасыз ету керек. Бұл – бү­гінгі ортақ міндетіміз», дейді.

Баяндамада ХХІ ғасыр балала­рының дұрыс тамақтанбауына, оның барлық түрлеріне анағұрлым толық баға берілген. Онда дұрыс тамақтанбаудың үш түрі сипатталады: тоймау, қажетті қоректік заттардың жоқтығынан туындаған жасырын аштық және бес жасқа дейінгі балалар арасындағы артық салмақ. Әлемде 149 миллион бала өсуінің қалыс қалғандығы немесе өз жасы үшін өте кішкентай екендігі; 50 миллион баланың жү­деу немесе өз жасы үшін өте арық екендігі, 340 миллион ба­ла­­ның немесе 2 баланың 1-уі А дә­румені мен темір сияқты не­гіз­гі дәрумендер мен қоректік зат­тардың тапшылығынан зардап шегетіндігі, 40 миллион баланың артық салмағы барлығы немесе семіздіктен зардап тартатыны атап өтілген.

Балалар есейген сайын, оларға ықпал ететін зиянды тамақтанудың әсері алаңдатады, жөнсіз маркетинг пен жарнамалардың әсе­рі, қалалардағы, сонымен қатар қа­шық аудандардағы шектен тыс өңделген өнімдердің мол­дығы, сонымен қатар фастфуд пен өте тәтті сусындарға қолже­тімділіктің кеңеюі балалар ден­саулығына кері әсерін тигізіп, түптеп келгенде ел ертеңі үшін алаңдайтын мәселеге айналуда. Проблемалардың мән-жайымен қанықтырған мамандар онымен күресуде нақты қадамдар жасауды да ұсынады. Оның қатарында тамақтану саласындағы білімді жақсарту және зиянды тағамдарға сұранысты қысқарту үшін қантқа салық салу, тағамдардың этикеткаларында жазбаларды дұрыс түсіну үшін жеңіл таңбалау және зиянды азық-түлік маркетингін анағұрлым қатаңырақ бақылау, денсаулық сақтау, сумен жабдық­тау және санитария, білім беру мен әлеуметтік қорғау жүйелерін барлық балалардың тамақтану тиімділігін жоғарылату үшін жұ­мылдыру, іс-қимылға басшылық ету және прогресті қадағалап оты­руда жоғары сапалы деректер мен дәлелдерді жинау, талдау жә­не пайдалану сынды шаралар қарас­тырылған.