Туризм • 12 Қараша, 2019

Оралда туризмді дамытуға бағытталған халықаралық форум өтуде

1398 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Орал қаласында «Қосымша білім беру жағдайында балалар-жасөспірімдер туризмін іске асырудағы кластерлік тәсіл» атты халықаралық форум өтуде.

Оралда туризмді дамытуға бағытталған халықаралық форум өтуде

Батыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы мен Батыс Қазақстан облысының Білім басқармасы ұйымдастырған бұл шараның мақсаты – еліміздегі балалар мен жасөспірімдер туризмі кластерінің қызметін насихаттау арқылы ішкі және сырттан келетін туризмді дамыту.

Форумға елімізден мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдар, балалар туристік ұйымдары, қосымша білім беру мекемелерінің басшылары мен өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары, ғалымдар, БАҚ және балалар туризмі проблемаларымен айналысатын қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Сондай-ақ Ресей Федерациясынан қосымша білім беру ұйымының өкілдері мен ЖОО ғалымдары арнайы келген.

Форумның алғашқы күнінде плеанарлық отырыс ТEDx форматында өтсе, екінші күн танымдық-экскурсиялық бағдарлама мен теориялық-практикалық және көшпелі семинар-практикумге арналды.

Халықаралық жиын аясында «Туристік кластер – балалар туризмі: мәселелері мен перспективалары» тақырыбында ұйымдастырылған көрме көп мағлұмат көрсетті. Мұнда Батыс Қазақстан облысының әр ауданындағы туристік ресурстардың ерекшелігі, балалар туризмінің жетістіктері, «Хрустальды шоқыр» байқауы, БҚО интерактивтік өлкетану картасы, БҚО сакралды орындарының 3D картасы, облыстық тарихи-өлкетану музейінің, балалар туризмінің фотокөрмелері қойылса, сахнадан «Орал өңіріндегі балалар туризмі сыр шертеді» атты фильм көрсетілді. «Туристік-өлкетану қызметінің әдістемесі» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

- Саналы ұрпақты тәрбиелеуде қазақстандықтардың бірлігі мен достығына, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықтың маңыздылығына, туған жерге, отанға сүйіспеншілік пен өлкетануға ерекше мән беріледі. Орал өңіріндегі халықаралық форум балалар мен жасөспірімдер, жастар тәрбиесінде туризм мен өлкетанудың рөлі жайында сөз қозғайды. Сонымен қатар оқушылар мен жастарға білімін, патриоттық сезімін, белсенді азаматтық позициясын және ынтамақтастығын көрсетуге мүмкіндік береді. Біздің өңірдің балалар туризмі республика бойынша үздіктер қатарында болса, ТМД елдері арасында алғашқы үштіктен көрініп отыр. Сонымен қатар Қазақстандағы ТОП-50 туристік нысандардың ішіндегі ТОП-10 (ондыққа) туристік кластер ретінде енгізілді. Орал өңірінің балалар туризмі – Қазақстандағы туристік-өлкетану, экологиялық, спорттық бағдарлау, экскурсия бағыттарын жетік меңгерген ірі кешен болып есептеледі. Ішкі туризмді дамыту мәселесінде балалар туризмі кластерлік тәсіл ретінде қарастырылады. Туристік-өлкетану қызметі ұлттық мәдениеттерді өзара байытуға, ТМД елдері арасындағы байланысты дамыту және нығайтуға жаңа мүмкіндік берері сөзсіз, - деді осы жиынның ашылуында сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Егізбаев.

Форумның пленарлық мәжілісінде А.Остапец-Свешников атындағы балалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану халықаралық академиясының президенті, педагогика ғылымдарының докторы Дмитрий Смирнов, «Тұран – Астана» университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Евгений Никитинский, Орынбор қалалық кеңесінің депутаты Елена Иванова, Қазақстан Республикасы Балалар-жасөспірімдер туризмін дамыту жөніндегі республикалық қауымдастығының төрағасы Қайрат Сұлтанов, Қырым инженерлік-педагогикалық университетінің Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Абжемиль Абдулхаиров, «Тұран» университеті Туризм ғылыми-зерттеу институтының директоры, педагогика ғылымының доктары, профессор, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Владимир Вуколов, Татарстан Республикасының мектептен тыс жұмыс жөніндегі республикалық орталығының директоры Ранис Идрисов, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің профессоры, география ғылымдарының докторы, «Қазақ Сақ» компаниясының директоры Орденбек Мазбаев сынды спикерлер сөз алып, отандық туризмді дамыту, балалар мен жасөспірімдер туризмі кластерінің қызметін насихаттау бағытында ойларын ортаға салды. Осы форумның құрметті қонақтарының қатарында Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко, Парламент Сенатының депутаты Динар Нөкетаева, Парламент Мәжілісінің депутаты Шафхат Өтемісов және Ресей елінен келген өлкетанушы-ғалымдар болды.

Биылғы 24 тамызда «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи мұражай қорығында өткен «Ұлытау 2019» халықаралық туристік форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жылына 9 миллион адамға дейін турист қабылдай алатынын мәлімдеген болатын. Иә, Қазақстанның әлемге ұсынатын бірегей орындары көп. Мұндай көркем әрі тарихи мүйістерді балалар мен жасөспірімдерге таныстырып, насихаттау – оларды отаншылдыққа тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.

Халықаралық форумды ұйымдастырушылар Қазақстанда туризм саласын дамыту, бəсекеге қабілетті, заманауи туристік кешен қалыптастыру мәселелерін талылауды көздеген. Әсіресе, ішкі туризм саласында туристік кластердің сапалы қызметі қалыптасуы – балалар туризмінің дамуымен бірге жүрмек. Сондай-ақ қазақстандық туризмді дамытуға арналған ТОП-50 туристік нысанның құрамына енген Батыс Қазақстан облысы балалар және жасөспірімдер туризмі кластерінің қызметін насихаттап, тәжірибесін тарату да негізгі мақсаттың бірі еді.

Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысында балалар-жасөспірімдер туризмімен шұғылданатын 14 орталық пен станса жұмыс істеп тұр. Бұл орталықтар облыстағы барлық оқушының 12%-ына қызмет көрсетеді. Өңірде балаларға туристік-өлкетану қызметі арқылы үздіксіз білім мен тәрбие берудің толыққанды жүйесі құрылған. Ресей Федерациясы және басқа да шетелдік балалар ұйымдарымен халықаралық конференциялар мен іс-шаралар өткізуде тәжірибе жинақталып, халықаралық байланыс қалыптасты. Батыс Қазақстан облысындағы туризм орталықтарының іс-тәжірибесі осы форумда экскурсиялық-танымдық бағдарламалар арқылы кеңінен таныстырылды. Орал қаласында балалар туризмінің дамуы мектепке дейінгі ұйымдарда шеберлік сыныптар арқылы көрсетіледі. Шара аясында Бәйтерек ауданында жас туристер станциясына экскурсия жасалып, форум қонақтары ауданның көрікті жерлерімен және туристік ресурстарымен танысады.

Форум аясында туризм саласын республикалық деңгейде дамыту мәселелерін талқылаған шеберлік-сыныптар өтіп, аталған шеберлік-сыныптар, дискуссиялық алаң түрінде басқосулар өтіп, оған форум қонақтары тікелей аталысты.

 

Суретті түсірген Рафхат Халелов

 

Батыс Қазақстан