100 • 13 Қараша, 2019

Қарапайым еді-ау Қалекең

344 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қарапайым еді-ау Қалекең

Бұл сонау елуінші жылдың орта кезі еді. Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетіне жұмысқа орна­­ласқан кезіміз. Бір күні орта­мызға шағын мұрты бар, таза арық қара шал келді. Редак­то­ры­мыз Қалқабай Әбенов оны бірден әдеби қызметкер ретінде қабылдап, 80 сом жалақы алатын қызметке қой­ды. Әңгімешіл кісі екен. Бұл кісі «Мың бір түнді» тамыл­жыта аударған аудармашы аға деді жауапты хатшы Дүйсенбі Смайылов. Сыр сүлейі ақын Бұдабайдың туған жиені, «Қажымұқан», «Ке­лес қызы» повесін жазған, соғыс­қа қатысқан офицер жазушы, – деді журналист Әбдірашид Саты­­бал­диев.

Біз осындай танымал жазу­шы­­ның ортамызға келіп, аудан­дық газетке әдеби қызметкер бол­­­ға­­нына аң-таң күй кештік. Иә, не­ге келген жазушы?

Бір әңгіме үстінде сонау әсем Алма­тыдан Шиеліге неге кел­­генін өзі айтты.

– Алматының дымқыл ауасы жақ­пады. Дә­­рігерлер күні ыстық, ауасы құр­ғақ туған жерім Шие­ліге тұру­ға кеңес берді. Жан керек, қы­зық көр­гім келеді, соғыстан аман-сау орал­­­дым, енді сырқат айналдырып жүр.

– Шиеліде тудыңыз ба? – деді Шәден Бектасов.

– Менің туған жерім «Бақсы ата», қарағым. Ата-бабам сол жерде жатыр. Бір кезде «Телікөл» ата-қонысымыз болған. Ауылда ақын жігіт атандым. Өлең жаздым. 1925 жылы 22 жасымда ауылдан Ақмешітке – осы күнгі Қызылордаға тарттым. «Ең­бек­ші Қазақта» жауапты хатшы Бейімбет Майлин еді. Бірден газет тарататын арбакеш етіп қа­был­­дады. Арсынғаным жоқ. Бір арбаны жөндеп, Кертөбелге жектім. Жануар нағыз арбаның аты еді. Кейін арбакештік қыз­мет­­тен көтеріліп, «Еңбекші Қа­зақ­­тың» тілшілер бюросының меңгерушісі болдым. Жер-жер­ден тілшілер тарттым. Тағы не сұ­райсыңдар?

Бәріміз үнсіз қалдық. Әуелде «осы шалға не жоқ» деп күмілжіп қалсақ, енді өмір дерегін айтқан соң сілтідей тынып, сұрақ қоюды до­ғардық. Арбакештен көтеріліп, бір бөлімді алған Қалекең оңай болмады, бізде де бір бөлімге көтеріліп, біреумізді қуып шық­паса болар еді деген күдік көбей­ді.

Жоқ, бөлімге қызықпады, әде­би қызметкер болып жүріп, кейін малшыларды аралайтын Қы­зыл отау деген штат ашылып, со­ған мең­геруші болып кетті.

Қалмақан аға шындығында әңгіме­шіл кісі екен.

– Біз сенің өлеңдеріңді сүйіп оқимыз. Сенің қаламың еңбекші елге бал, таң­дайы­на тәтті, сен жаз­ған сайын ел бал жалағысы келеді. Жаз, Қалмақан жаз! – деп кеңес берді ақиық ақын Ілияс Жансүгіров. Ал Сәкен Сей­фуллин «нашар­дың аз оқы­ған баласы төңкеріс күші­мен әдебиет майданына шығып, бар-жоғы он жылдың ішінде белгілі жазушылардың қатарына қосыл­ды» десе, Сәбит Мұқанов: «Қал­мақан қысқа жазып, ұзақ поэма­ның сөзін айтып тастайды. Ол оқуы төмен ақындардың ішіндегі өзін­дік ерекшелігі бар ақын», деді.

Бұл сөздер маған қанат бі­тір­­ді. Әсі­ре­се Бейімбеттің қам­­­қор құшағы бө­лек болды. Асыл ағалар-ай, − деп Қале­кең күйзел­ген кейіп байқатты.

Сонымен, бірер жыл Қалмақан аға­мен сырлас, қызметтес болға­ным әлі ұмытылмайды. Кейін марқұм, ауыл мұ­ға­лімі Айдар Достия­ров «Қалмақан аға қандай еді?» деген естелік жазды, тамсана оқыдық.

Жақында «Егемен Қазақс­тан­да» (21.X.2019) филология ғылымдарының док­торы Кү­ләш Ахметтің «Сәкен және «Еңбекші Қазақ» деген бір беттік мақаласы шықты. Жата-жас­та­нып, қайталап оқы­дық. Автор Сәкен «Еңбекші Қазаққа» үш жылдай басшылық жасағанда 200-дей өзекті мәселе көтергенін нақты фактімен дәлелдеген екен. Шындығында, бүгінгі түсінік-таныммен Премьер-Министр. Осы екі қызметті үш жылдай қа­тар атқарған. Неткен, жан­кеш­тілік.

Бар болғаны 28 жасар Сәкен Сейфул­линнің «Еңбекші Қазақ­тың» мәртебесін биіктеткені тағ­зым етуге тұрарлық.

Ғалымның осы бір дүниесін оқып отырғанда жазушы Қал­ма­қан Әбді­қа­ды­ровтың «Ең­бекші Қазаққа» сіңірген еңбе­гі ойға оралады. Жауынгер жазу­шының Берлиннен орал­ған сәтінде неміс клас­сик­терінің бір қап дүниесін арқалап әкелгені аңызға бергісіз әңгіме.

Қызылордада алғаш шық­қан «Ең­бек­ші Қазақтың» тігін­ділеріне көз жүгірт­сек, Қалма­қанның талай дүние­лер жария­­ла­ғаны байқа­лады. Ат арбамен ауыл-ауыл­ға газет таратып, «Еңбекші Қазақ­ты» бүгін оқыма­саңдар, кеш қала­сыңдар, ұты­ла­сың­дар, қапы қал­­маңдар! – деп өлеңдетіп, бірде-бір наси­хатшы болғанын бү­гінгі «Егемен Қазақ­станның» 100 жылдығында тағы бір еске салмасақ, арымызға сын.

«Еңбекші Қазақтың» 1925 жыл­дың 10 тамызындағы санында Қалмақанның «Сырдария» атты өлеңі шығыпты. Ақын қуанышында шек жоқ. Туған жерді, Сырдың сұлу Сырдариясын ақын былайша жырлап еді-ау.

Басым бұлақ,

Таудан шығад

Атым – дария, – мен анаң,

Суым сүтің,

Жерім құтың,

Еңбекші елім, мен балаң!

Ал 1927 жылы «Үлгі» деген өлеңінде колхозды ауылдың болашағын тамсана, болжай жырлады.

Ақынның «Еңбекші Қазақта» жария­­ланған дүниелері 1928 жылы «Жалшы» деген атпен басылып шықты.

Біздер, аға буын журналистер Қы­зылор­да қаласында «Еңбек­ші Қазақ» дәс­тү­рін одан әрі жалғастырған «Егемен Қазақ­стан­ның» нағыз кемел шағы жүз жылдығын мерекелеу пеше­не­мізге жазды. Бүгінгі 200 мың­ға жуық оқырманы бар қара шаңы­рақ биіктей бер, өрлей бер! – деп тілек айтқанды парыз санаймын.

«Сәкен «Еңбекші Қазақта» үш жылдай редактор болды. Әр саны Сәкеннің мақаласынсыз шық­пады. Уақыт тауып, сан алуан тақырыпта қалам тартты, еңбек­қорлығы бізді тәнті етті. Әр мақаласы бір-біріне ұқса­майды. Бұ­қараны еңбекке, білім­ге, өнерді, әдебиет­ті меңге­ру­ге, жерді қадірлеуге, таза қазақ тілінде сөйлеуге, кеңсе қағаз­дарын қазақша жүргізуге үндеді. Қыс­қа­­сы, «Оян, қазақ!» деп жар салды. Тар жол, тайғақ кешу дәуірінен жаңа за­манның белсенді азаматы болуын аңсады», дейтін еді-ау ақын Қалмақан.

 

 Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ

 

Қызылорда