Аймақтар • 13 Қараша, 2019

Жайылымға бағылмаған жылқы да қауіпті

322 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысында соңғы бір айдың ішінде түнгі мезгілде жолға шығып кеткен жылқылардың кесірінен үш жол-көлік апаты болды.

Жайылымға бағылмаған жылқы да қауіпті

Соның ішінде Айыртау ауданында ауыр жүк көлігінің жүргізушісі жолдан өтіп бара жатқан 12 жылқыны соғып кеткен. Мал өліп, жүргізушінің өзі жарақат алды. Жылқышының айтуынша, жылқының бір бөлігі табыннан бөлініп, жолдың жүретін бөлігіне қалай шығып кеткенін байқамай қалған.

Ал Есіл ауданында жылқыны соққан шетелдік көліктің жүргізушісі мен оның жолаушысы ауыр жарақат алды. Бірнеше күннен кейін зардап шеккен әйел алған жарақаттардың салдарынан қайтыс болды. Өткен дүйсенбіде Аққайың ауданында да осыған ұқсас оқиға болып, екі адам зардап шекті. Барлық жол апаттары түнде орын алғанын атап кеткен жөн.

«Малдың қатысы бар жол-көлік оқиғаларын алдын алу мақсатында іс-шаралар өткізу қажеттігі туралы барлық аумақтық бөліністерге нұсқау берілді. Патрульдік полиция қызметкерлері, әсіресе қараңғы түссе бұл мәселеге ерекше назар аударады. Республикалық маңызы бар жолдардың үстінде немесе жанында бос жайылып жүрген мал анықталған жағдайда жергілікті атқарушы органдарға хабарлап, малды жол маңынан алысқа айдау шаралары қабылданады», - деді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматов.

Апатқа себепші болған мал иелеріне Әкімшілік кодекс бойынша жауапкершілік көзделген. Сонымен бірге жәбірленушілер келтірілген материалдық шығынды өтеу мақсатымен сотқа жүгінуге құқылы. Малды жолдан арнайы «Малды өткізу» белгісі орнатылған жерден ғана айдап өтуге болады. Сондай-ақ полицейлер жүргізушілерге жылдамдықты шектен тыс асырмауға кеңес береді. «Малды өткізу» белгісі тұрған жағдайда міндетті түрде жылдамдықты азайту қажет. Сонымен бірге қараңғыда жабайы аңдардың да жолға шыға келетінін естен шығармаған жөн.           

ІІД қызметкерлері мал иелерінің жергілікті атқарушы органдармен және малшылармен үш жақты шарт жасап, төрт түлікті ұйымдастырылған түрде бағуды қамтамасыз ету керектігіне назар аударуын талап еткен.

 

Солтүстік Қазақстан облысы