Аймақтар • 13 Қараша, 2019

Денсаулық сақтаудағы жемқорлықты анықтамақ

271 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының орталығы облыстық денсаулық сақтау басқармасының тапсырмасы бойынша медицина қызметкерлері үшін семинарлар мен «Медицина және сыбайлас жемқорлық үйлеспейді» әлеуметтік маңызды жобасын іске асыру бойынша халықпен кездесулер ұйымдастырды. Бұл туралы Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі хабарлады.

Денсаулық сақтаудағы жемқорлықты анықтамақ

Қоғамдық денсаулық сақтау институтының өкілі Арслан Индершиевтің айтуынша, жобаны жүзеге асыру биылғы жылдың қазан айында басталды.

- Маңғыстау облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен бірлесіп, біз денсаулық сақтау саласында қолданылатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың негізгі қағидаттарын түсіндіру бойынша іс-шаралар жүргіземіз. Медициналық қызметкерлермен кездесулер ұйымдастырылды, онда біз қолданыстағы заңнама, құқыққа қарсы әрекеттердің салдары туралы айтып береміз. Сонымен қатар, біз облыс халқымен — ауруханалар мен емхана ұйымдарының науқастарымен кездесеміз, онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың негізгі аспектілері туралы айтып, заңға қайшы әрекеттерге бармауға, медицина қызметкерлеріне пара және сыйлықтар бермеуге шақырамыз. Екі айлық есептік көрсеткіштен асатын нәрсе заңға қайшы әрекет болып саналады. Денсаулық сақтау басқармасы жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін осындай әлеуметтік маңызды жобаға бастама жасады, - деп түсіндірді Арслан Индершиев.

Медицина қызметкерлеріне арналған семинарлар және тұрғындар үшін Ашық есік күндері Ақтау қалалық №1 және №2 емханаларында, Маңғыстау облыстық ауруханасында өткізілді. Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілдері науқастар арасында дәрігерлердің бопсалауы және медициналық қызмет үшін пара алудың алдын алу туралы түсіндірме жұмыстары мен сауалнамалар ұйымдастырды.

Арслан Индершиевтің айтуынша, сауалнама барысында ұйымдастырушылар облыс тұрғындарының сыбайлас жемқорлық, бопсалау, пара алу фактілерімен кездескенін, біреулер оларды осы әрекеттерге итермелеген бе, жоқ па және олар оған қалай қарайтынын анықтайды.
- Бізге халықтың денсаулық сақтау саласындағы құқыққа қарсы әрекеттерге қаншалықты дайын екенін түсіну маңызды. «Медицина және сыбайлас жемқорлық үйлеспейді» жобасының соңында біз барлық мәліметтерді сараптап, жыл соңында облыстық денсаулық сақтау басқармасына тапсырамыз, деп атап өтті Арслан Индершиев.

Медицина қызметкерлеріне арналған семинарлар мен халықпен кездесулер Маңғыстау облысының қалалары мен аудандарында өтеді.

 

 

Маңғыстау облысы