Қазақстан • 13 Қараша, 2019

Алтын Адам Афинада

444 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі 2019 жылғы 11 қараша Грекия Мемлекетінің астанасы Афина қаласындағы Эпиграфиялық музейінде «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесін ашты. Көрме «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында 2019 жылғы 11 қарашадан 11 желтоқсанға дейін жалғасады. Бұл туралы Ұлттық музейдің баспасөз қызметі хабарлады.

Алтын Адам Афинада

Көрменің мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени бай мұрасымен шетелдік көрерменді таныстыру. Көрмеге Қазақстан Республикасының символы саналатын «Алтын адам» қойылды.   

Көрменің ашылуы қарсаңында Афина қаласындағы Эпиграфиялық музейінде жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен Баспасөз мәслихаты өтті. Шараға Қазақстанның Грекия Республикасындағы елшісі Алексей Волков, Ежелгі және мәдени мұраның Бас директоры Поликсени Адам-Велени, Афинадағы Эпиграфиялық музейдің директоры Атанассиос Темос, ҚР Ұлттық музей директорының орынбасары Алмаз Шайкенұлы Нұразхан, т.ғ.д., профессор Зайнолла Самашұлы Самашев қатысты.

Сонымен қатар шара барысында белгілі археолог, т.ғ.д., профессор,ғылымға еңбегі сіңген қайраткер, жалпыұлттық тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері, Герман археология институтының корреспондент мүшесі Зайнолла Самашев «Ежелгі сақтардың Қазақстандағы мәдени кешені» атты дәріс оқыды.

Көрменің ашылу салтанатында сөз алған Ұлттық музей директорының орынбасары Алмаз Нұразхан: «Алтын адамның» әлем музейлеріне шеруі» көрмелік жобасы әлемді аралап келеді. Грекия - Қазақстанның тарихи – танымдық көрмесін тамашалап отырған он екінші мемлекет. Елімізді әлемге таныту мақсатында осы көрме жобасы бойынша  бағдарлама ұсынған Елбасы Н. Назарбаевқа алғысымды білдіремін. Бүгінге дейін Қазақстанның өңірінен табылған алтын адамдар біздің еліміздің ерте дәуірдегі мәдениетін, тарихын айқындайтын ұлттық құндылықтар болып табылады. Көрме жұмыстарына қолдау білдіргені  үшін Грекияның Мәдениет министрлігіне, Афина қаласының Эпиграфиялық музейінің басшылығы мен қызметкерлеріне алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер», - деді. 

1960-жылдардың соңы мен 1970-жылдардың басында Алматының маңайында танымал археолог Кемал Ақышев зерттеп жүрген Есік қорғанынан, кейін Қазақстанның символына айналған, сақ патшасы – «Алтын адамның» сүйегі табылған археологиялық сенсация орын алды. Баға жетпес олжаға «Қазақ Тутанхамоны» деген ат беріліп, «ғасыр жаңалығы» деп танылды.  Ежелгі дала билеушісінің тәжіндегі қанатты алтын пырақ әшекейлері Қазақстан Республикасы Елтаңбасының бөлшегіне айналды, ал Алтын адамның мүсіні Алматыдағы Тәуелсіздік алаңына орнатылды. 

Жарты ғасырға жуық уақыт өткеннен кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасын жариялады. Ауқымды шара шеңберінде Беларусь, Ресей, Әзербайжан, Қытай, Польша және Оңтүстік Корея, Өзбекстан музейлерінде көрмелер үлкен жетістікпен өтті.

Афина эпиграфиялық музейіндегі көрмеден киімі алтын жапсырмалы және жебе, қар барысы, арқар, жылқы және құс түріндегі алтын тілімшелер әшекейлеп тұрған конус пішінді ерекше бас киімді Алтын адамның реконструкциясын  және  осы жас ақ сүйек сақ жауынгерімен (археологтардың пікірлері бойынша 17-18 жастар шамасында) бірге жерленген ерте темір ғасырының (б.д.д V-IV ғғ.) археологиялық олжаларының коллекциясын тамашалауға болады.

Сақтар (парсы тілінен аударғанда  – «алып ерлер») – қазақтардың ертедегі бабалары. Грек авторларының шығармаларында оларды азиялық скифтер (saka сөзі скифтердің «бұғы» сөзінен туындайды), басқа ежелгі дереккөздерінде «ұшқыр атты турлар» деп көркем сипаттаған. Осы тайпалардың үлкен үш тобының қатарында «Алтын адам» жерленген Есік қорғаны табылған аймақта тұрған сақ-тиграхаудтар («шошақ бөріктілер») бар болатын. Қорғаннан арасында киімдерді безендіретін деталдар, сол сияқты әшекейлер мен тұрмыстық заттар бар төрт мыңнан астам алтын бұйымдар табылды. Зерттеушілердің қорымдағы заттардың топографиясын тер төгіп зерттеулері нәтижесінде, көрмеге ұсынылып отырған сақ жауынгерінің келбетін жаңадан жасап шығу мүмкін болды. Есік қорғанынан табылған заттар арасында ежелгі жазба ескерткіштерінің бірі руна жазумен жазылған жазбасы бар күміс тостағанның экспозициядан алар орны ерекше.

Ежелгі дала өнерінің маңызды ерекшелігі саналатын зооморфтық бейнелердің басымдығы да мифологиялық ойлау өлшемдерімен белгіленеді. Мұның сюжетінің драматизмі жақсылық пен жамандықтың күресі, жарық пен қараңғының бастауы, жаңа өмірдің жасалуы, қарама-қайшылықтардың мәңгілік қозғалысының және мәңгілік күресінің символы ретінде түсіндіріледі. Осындай қарама-қайшылықтың айқын үлгісі ретінде көрмеге ұсынылған алтыннан қалыптау және бедерлеу техникасымен жасалған V-IV ғасырларға тән жапсырмасы бірін бірі дәл қайталайтын қос барыс түріндегі айылбасты айтуға болады.

Христиандық пен мұсылмандықтың орнығуына қарай «аң стилі» біртіндеп пұтқа табынушылық пен түсініктен шығатын бастапқы мәнін жоғалта бастады. Алайда бастапқы сиқырлы мәнінен айрылған жануарлардың сәндік бейнелері зергерлік бұйымдарда, миниатюра кітаптарда, ағаш, тас және сүйек нақыштарында, сәулет сынды ортағасырлық өнерде әлдеқайда жинақталыңқыраған түрде, стилденген ою, зер элементтерінің пішінін қабылдап қолданыста қала берді. Бұл үрдістер экспозицияға қойылған XV ғасырға тән деп даталанған Сайрам көмбесінен табылған зергерлік өнер бұйымдарынан айқын байқалады. Көрмеде сол сияқты Тақсай (Батыс Қазақстан облысы), Талды-2 (Қарағанды облысы) және Берел (Шығыс Қазақстан облысы) сынды сақ қорғандарынан табылған археологиялық бірегей олжалар да көрсетілді.

Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан барлығы  144 зат ұсынылды. Көрмеге қойылған Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық өнерінің жауһарлары – бұл Еуразия дала мәдениеті мұрасының өзіндік ерекшелігін көрсететін бұрынғының атаусыз шеберлері туындыларының аз ғана бөлігі.