Форум жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан мемлекеттерінен келген халықаралық сарапшылар мен шолушылар, депутаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, республикалық және аймақтық БАҚ-тың бас редакторлары қатысты.
Жиынды бастамас бұрын Жансейіт Түймебаев Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубының жаңа төрағасын таныстырды. Қоғамдық негіздегі бұл жұмысты бұдан былай белгілі журналист, «Kazakh TV» ұлттық арнасының директоры Майя Бекбаева атқарады.
– Бүгінгі басты мәселе – қоғамдағы тұрақтылық пен этносаралық келісім, әлеуметтік бірлікті нығайтуда журналистер қауымы алдында тұрған міндеттерді ортаға салу. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін тұрақты түрде ақпараттық қолдауға қатысты арнайы тапсырмасы бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында әлеуметтік және этностық топтар арасындағы келісімді нығайту жөнінде тапсырма берген болатын. Осы орайда отандық журналистика үшін қоғамдық келісімді дамыту, арандатушы ақпараттарға қарсы иммунитетті қалыптастыру және қоғам бірлігін сақтау тақырыптары өте маңызды, – деді Жансейіт Түймебаев.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасы орынбасарының айтуынша, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесінде де БАҚ өкілдерінің атқаратын рөлі айрықша. Сондай-ақ алдағы жылы аталып өтілетін Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы сынды мерейлі даталар төртінші билік өкілдерінің назарынан тыс қалмасына сенім білдірді.
– Бүгінде журналистиканың мәні мен бағыт-бағдары қатты өзгерді. Ақпараттық агенттіктер мен құрылымдар қоғамды ақпараттандырудан гөрі қоғамға белгілі мақсатта ықпал ету үшін жұмыс істейді. Сондықтан тәуелсіз журналистиканың жағдайы күн өткен сайын қиындап келеді. Жаһандану кезінде, көлік және байланыс технологияларының дамыған уақытында өмір сүріп жатқан соң, түрлі оқиғалардың астарына үңілуге мәжбүр боламыз. Сол себептен журналист кез келген оқиғаның түпкі мәніне үңіліп, көзқарасын оқырман мен көрерменге жеткізу үшін байланыс технологияларын толық игеріп алуға міндетті, – деді Түркияның «Әуелі Отан» газетінің бөлім редакторы Кемал Саллы.
Түркиялық журналист жаһандық жағдайларды басқа қырынан көрсету мақсатында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тәжірибесін әлем елдеріне таныту үшін бірнеше мақала жазғанын да жасырмады. 1920-жылдары Түркияда ұлт-азаттық соғыс жүріп жатқан кезде «Алыстағы бауырыма» деп жырлаған қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың, одан жүз жылдан кейін сындарлы саясатын жүргізе білген Нұрсұлтан Назарбаевтың бауырмалдығын түрік халқы ешуақытта ұмытпайтынын жеткізді.
Форумның пленарлық отырысында отандық журналистер, халықаралық сарапшылар мен шолушылар баяндама жасап, пікір алмасты. Қатысушылар назарына Қазақстан халқы Ассамблеясының биылғы жұмысының жарқын сәттері бейнеленген «Ассамблеяның бір жылы» тақырыбындағы фотокөрме ұсынылды.
Сондай-ақ форум жұмысының соңында мемлекет саясатын ақпараттық тұрғыда қолдауға, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін насихаттауға үлес қосқан журналистерді қолдау мақсатында ұйымдастырылған дәстүрлі «Шаңырақ» республикалық байқауының жүлдегерлері марапатталды. Байқаудың арнайы жүлдесі биыл ірге қалағанына 100 жыл толуына орай «Egemen Qazaqstan» республикалық газетіне тапсырылды.