Руханият • 14 Қараша, 2019

Сенім һәм серпін

263 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ағылшынның мемлекет қайраткері Бенджамин Дизраэлидің «Тәуелсіздік алғанымен отар болған елдер отарлық қамытынан біржола құтылды деген сөз емес» деген адамға түрпідей тиетін тұжырымы бар. Еліміздің тәуелсіздік алғанына жиырма сегіз жыл болса да мемлекеттілік тақырыбын жиі жазып, елдік мәселесін қаузай беретініміз де сол. «Отарлық қамытынан», құлдық психологиядан біржола қол үзу үшін...

Сенім һәм серпін

Ілгерідегі «Мемлекетшілдік» тақыры­бымен жазылған мақаламызда мынандай сөздер бар екен: «Мемлекеттіліктің іргесін бекітіп, оның даму заңдылықтарының қаңқасы қазір қаланбаса, қазақ ұлтының басына қай кездегідей үйірілген қауіп бұлтынан арылдық деп толыққанды айтуға әлі ертерек. Өткен ғасырдың басында айтқан Әлихан Бөкейханның сөздері әлі күн тәртібінен түскен жоқ. «Егер біз өзімізді өзіміз қорғай алмасақ, бүліншілік зорайып, қиыншылыққа айналғанда, қазақ халқы құрбан болады». Бүгінгі күннің басты мәселесі де өзіміз­ді, мемлекеттілігімізді қорғап қалу екен­дігі мәлім. Ұлт қайраткері Әлиханның айтқан­дарын бүгінгі әлихандар жүзеге асыра ала ма, бар гәп осында» деп түйіндеппіз.

Қазір де қазақ қоғамында сыртқы ықпал­дың, сыртқы факторлардың ықпалы туралы көп айтылады. Әрине, жат жұрттың байлығын жамбасқа басуды көксейтін әлемдік деңгейдегі алпауыттардың ықпалын жоққа шығаруға болмайды. Әйтсе де, олардың қысымын азайту үшін әрбір мемлекет оның алдын алу мүмкіндіктерін қарастыруы керек екендігі түсінікті ғой. Сол сияқты ішкі ынтымақ пен бірлік жарасымды болса, алыстағының айтағына тек ақымақтар ғана ереді. Ал былайғы күнде барын бағалай білетін, төзім мен сабырды бойына сіңіре білген қазақ сияқты халық жат жұрттың жетегіне ере қоймайтыны тағы анық. Әбіш Кекілбаевша қайырар болсақ, «Ішкі жағдай оңып тұрса, сырттан сүйкенгеннен ештеңе күйремейді».

«Ішкі жағдайдың оңып тұруы» – халық­тың әлеуметтік жағдайына, құқықтық қорғалуы­на, қауіпсіздігіне барып тіреледі. Әлеумет­тік әділеттілік орныққан қоғамда сыртқы күштердің іріткі салуына, халық арасында сына қағуына мүмкіндік те қалмайды. Осы тұрғыдан алғанда, жоғарыда әңгіме арқауына айналған мемлекетшілдік мәселесі алдан шығады. Яғни, мемлекетшілдік билік пен халықтың өзара сеніміне сүйенген байланысы арқылы өрістемек. Өзара сенім мемлекеттің өркениетті дамуына серпін береді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына тұңғыш Жолдауында «Қоғамдық диа­лог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады» деп қадап айтқан-ды. Мәселе Мемлекет басшысының айтқанының мүлтіксіз орындалуында болып отыр ғой. Құзырлы органдар өз қызметін ашық жағдайда жүргізетін болса, халықтың мұң-мұқтажына жеткілікті назар аударатын болса, жұртшылықтың көкейінде күмән-күдік қалмас та еді. Министрлер түгілі қарапайым мемлекеттік қызметшілердің өзінен жауап алу адамдарды сарсаңкесекке салып қоятыны бар. Күрделі мәселенің түйіні тарқатылмаса, одан сайын ширатыла түседі емес пе?! Билік өкілінің ашық әңгімеден бойын аулақ ұстауы, қарапайым халықтың проблемасын шешпек түгілі тың­дауға құлықсыздық танытуы бұқараның түсінбестігін тудырады. Жергілікті билік өкілдерінің құлықсыздығы халықтың билік атаулыға деген сенімсіздігіне әкеледі. Осыдан кейін қалың бұқараның мемлекетшілдігі туралы қандай әңгіме қозғауға болады?

Мемлекетшілдік туралы әңгіме қозғал­ғанда әуелі мемлекеттік қызмет­шілердің ойға оралатыны да сол себепті. Мемлекетшілдіктің өнегесін ең алдымен солар көрсету керек сияқты көрінеді. Шындығында солай болуы керек қой. Бірақ, қазынаның қаржысын мақ­сатсыз жұмсап, жеке қажетіне жаратып, халықтың байлығын ысырапсыз пайдаланып жатқандарды көргенде, олардың мем­лекет­шілдік туралы пайым-түсінігінің қай деңгейде екенін көресің. Сөйте тұра, ашықтықты, құқығын талап еткен халықты мемлекетшіл емессің деп жазғыруға бола ма?

Әлихан Бөкейхан айтқан «өзімізді өзіміз қорғау» дегеніміз – ел тәуелсіздігінің тұғырлы, ынтымағының мықты болуы, ең бастысы, билік пен халықтың бір-біріне деген сенімі болса керек-ті. Сенім ғана мемлекетшілдіктің рухын асқақтата түспекші. Ол үшін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» өз функциясын толыққанды, адал атқаруы тиіс.