Алдағы 2011 жылы өтетін Қысқы Азия ойындарына арналып, дайындалып жатқан спорттық инфрақұрылымдардың сапасының жоғары талапқа сай болуы бүгінгі таңдағы ең басты міндет екендігі сөзсіз.
Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Алматы қаласындағы жұмыс сапарының алғашқы күнін оңтүстік астанадағы спорттық нысандарды аралап көруден бастауының бір себебі де осында болса керек. Премьер-Министр 2011 жылғы Қысқы Азия ойындары қарсаңында халықаралық шаңғы трамплині кешені және электр подстансасы құрылысымен танысты. “Самұрық-Қазына” АҚ арқылы қаржыландырылатын шаңғы трамплині аумағында орналасқан бұл кешендердегі дайындық жұмыстары жоғары қарқынмен атқарылуда. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, қазірде мұнда трамплиндер конструкциясының құрылысы толығымен аяқталған. Үкімет басшысы, сонымен қатар “Медеу” спорт кешені, “Шымбұлақ” тау шаңғысы кешені және Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында да болды. Қаржыландыру мәселесі толықтай шешілген нысандардағы құрылыс жұмыстары көрсетілген уақытында пайдалануға берілмек. Үкімет басшысы Елбасының тапсырмасымен құрылған “ІT Университетіне” де барды.
Премьер-Министр, сондай-ақ қаладағы “Сайран” мегаауданында орналасқан тұрғын-үй кешеніндегі құрылыс жұмыстарының жүргізілу барысымен де жан-жақты танысты. “Самұрық-Қазына” АҚ пен Алматы қаласы әкімі өткен жылғы қараша айында қол қойған ынтымақтастық жөніндегі меморандум аясында, бұдан бұрын “Қуат” корпорациясы бастаған құрылыс жұмыстарын “Cloba Buіldіng Contract” ЖШС компаниясы жалғастыруда. Жалпылай алғанда, Алматы мен Астана қалаларындағы корпорацияның тұрғын үй нысандары құрылысын аяқтауды тұтастай қаржыландыру үшін Стресті активтер қорынан 20 миллиард теңге бөлініп отыр. Атап айтарлығы, Алматы қаласындағы “Үш төбе” тұрғын үй кешені, “Сайран” мегаауданы, “29-квартал”, “46-квартал” көп функциялы тұрғын кешендерінің құрылысын аяқтауды қаржыландыру мақсатында, сондай-ақ өзге кешендер бойынша жобалау сметалық құжаттар және дайындық жұмыстары бойынша банкте “Cloba Buіldіng Contract” жобалау компаниясының кредиттік желісі ашылған.
Алматы қаласы әкімдігінде Премьер-Министрдің қатысуымен өткен кеңестің күн тәртібіне қойылған оңтүстік астанадағы тұрғын үй құрылысының ахуалы туралы мәліметте бірқатар нақты деректер де жарияланды. Ең бастысы, тұрғын үй құрылысымен айналысушылар кеңесте Үкімет басшысы мен қала әкімін жұмыстың қалыпты және жоспар бойынша жүргізіліп, бұл нысандардың белгіленген мерзімде, яғни уақытында пайдалануға берілетіндігіне сендірді. Бұл компания екі жыл ішінде 244 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 1296 пәтерді пайдалануға беруді жоспарлауда. Ал, оның 1172-і үлескерлерге бұйырмақ. Сала басшыларының айтуынша, тұтастай алғанда барлық нысандар бойынша үлескерлердің саны 1896-ға жеткендігі анықталды. Бұл бағыттағы барлық жұмысты толықтай аяқтау үшін тағы да 34 миллиард теңге қажет.
Қалалық әкімдіктегі жиында сондай-ақ, Алматы қаласындағы 2011 жылғы Азия ойындары нысандары құрылысы және “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы да жан-жақты талқыланды. Жиналғандарға “Азияда-2011” ойынына дайындықтағы ұқыптылық пен жоғары жауапкершіліктің ауадай қажеттілігін ескерткен Премьер-Министр Кәрім Мәсімов маңызды іс-шарадағы қауіпсіздік мәселесін де назардан тыс қалдырмады.
–2011 жылғы Азия ойындарына қатысушылар мен қонақтардың қауіпсіздігіне, күзетіне және кеден қызметіне қатысты мәселелер жоғары талап деңгейіне сәйкес шешілуі қажет. Биылғы жылдың мамыр айының басында Азиадаға дайындық жөнінде ұйымдастыру комитетінің отырысын өткізбекпіз. Жиында осы жағдайларға басты назар аударылатын болады,– деді ол.
Жиында сөз алған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Виктор Долженков жиналғандарды 2011 жылғы Азия ойындары нысандарындағы құрылыстың жағдайымен таныстырды. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов өз кезегінде Азиадаға дайындық аясында негізінен екі мәселені – олимпиада символикасы бар жарнамаларды орналастыру және Азиадаға қатысушылар мен қонақтар орналастырылатын спорттық кешендердің иелерімен келешектегі жұмыс төңірегінде келісімге келу қажеттігін және өзге де ұйымдастыру іс-шараларын тілге тиек етті.
Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің Алматыға екі күндік жұмыс сапарының аясындағы қалалық кеңесте талқыланған “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы бойынша бірқатар құнды пікірлер ортаға салынды. Мемлекет басшысының қазақстандықтарға арнаған биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасын еліміздің аймақтарына енгізуді қамтамасыз етуді Үкіметке тапсырғаны белгілі. Биылғы жылғы 1 сәуірден бастап, барлық бюджеттік қызметкерлердің жалақы мөлшері өсетіндігінен жиналғандарды хабардар еткен Үкімет басшысы бизнесті сауықтыру бағытындағы бағдарламаның шұғыл түрде қолға алынуы қажеттігін ашып айтты. Үкімет басшысының пікірінше, құқық қорғау жүйесіндегі реформалар шағын және орта бизнеске айтарлықтай қолдау болмақ.
“Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасын ең қысқа мерзімде жүзеге асыру қажеттілігін атап көрсеткен Кәрім Мәсімов бұл жөнінде кеңес жұмысы барысында нақты тапсырмалар да берді. “Шындығына келгенде, біздер бұл бағдарламаға дайындықтың мәресінде тұрмыз десек те болады. 2010 жылға арналған нақтыланған бюджет Мемлекет басшысына қол қоюға жіберілді. Менің ойымша, ол 1 сәуірге дейін өз күшіне енбек. Бюджетке дәл осы бағдарламаға 30 миллиард теңге салынған. Сөйтіп, бұл қаражат 1 сәуірден бастап іске қосылады” деді Үкімет басшысы. Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаевтың пікірінше жаңа бағдарламадағы негізгі басымдылық – жаңа, тұрақты жұмыс орнын құру және сақтау.
Мемлекеттік бағдарлама негізінен үш бағыт бойынша іске асырылады деп жобалануда. Мәселен, жаңа бизнес-бастамаларды қолдау, кәсіпкерлік секторды сауықтыру және экспортқа бейімделген өндірісті қолдау. Сала мамандарының айтуынша, бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін төмендегідей әдістер пайдаланылады. Банк кредиттері бойынша пайыздық ставкаларды, үстемелерді субсидиялау, несие бойынша ішінара кепілдендіру, өндірістік-индустриалдық инфрақұрылымды дамыту және бизнесті жүргізуде сервистік қолдауды қамтамасыз ету.
Қазақстан үшін ашық сауда саясатын жүргізудің қажеттілігі мол деп есептейтін Үкімет басшысы бағдарламаны одан әрі жетілдіріп, оның көпшілікке түсінікті әрі ашық болуын қалайтынын да жасырмайды. Кеңесте “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы туралы өз ой-түйінімен бөліскен “Атамекен” одағының басшысы Азат Перуашев бұл бағдарламаға қатысуға арналған жобаларды іріктеуде кәсіпорын өнімінің рыноктағы қажеттілігі ескерілуі тиіс екендігін еске салды.
Қазақстан қаржыгерлері ассоциациясы кеңесінің басшысы Серік Аханов қалалық кеңесте сөйлеген сөзінде еліміздің қаржы секторына қатысты бірқатар күрделіліктерге кеңінен тоқталып, өз ұсынысын да айтты. Серік Ахановтың есептеуінше, кез келген бизнес-жобаны субсидиялау туралы шешім қабылдау алдында мемлекет бұл кәсіпорынды қолдауға бағытталған бірқатар іс-шараларды қабылдағаны жөн. Сонымен Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің оңтүстік астанадағы екі күндік жұмыс сапары аясында Азиада нысандары, тұрғын-үй құрылысы ахуалы және “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы бойынша күн тәртібіне қойылған мәселелер нақтыланып, одан әрі толықтырылды.
Бақыт БАЛҒАРИНА, Алматы. Суретті түсірген Шүкір ШАХАЙ.