Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, «Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – мұғалімдердің қолында». Елбасының бастамасымен биылғы жыл «Жастар жылы» деп жарияланғаны мәлім. Осыған орай 7 қараша күні Нұр-Сұлтан қаласы білімді жаңғырту орталығының мұрындық болуымен №18 «Аяжын» балабақшасында қалалық мектепке дейінгі ұйымдардың жас мамандарына арналған «Жақсыдан үйрен...» атты тәрбиешілердің әдістемелік бірлестігі өтті.
Шара барысында балабақшаның пегагогтар ұжымы мекемеге келген жас мамандарды көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын әсем әуенмен қарсы алып, оларға гүл ұсынды. Психолог Сая Қонысбаева жас педагогтарды «қызыл кілем» үстінен өткізді, олардың көкейінде жүрген түрлі сауалдарға жауап беріп, тренинг өткізді.
Балабақша меңгерушісі Әсел Мұхаметжанова семинарға қатысушылардың алдында сөз сөйлеп шараны ашып берді. Оларға қиындығы мен қызығы мол ұстаздық жолда жарқын жетістіктер тіледі.
Жас педагогтарға арналған шеберлік топқа елордадағы Гуманитарлық колледж бен Еуразия Гуманитарлық институтының студенттері қатысты. Семинарға келген әрбір педагог өзінің педагогикалық қоржынына қандай да бір пайдалы ақпарат алсын деген ниетпен балабақша педагогтары ашық ұйымдастырылған оқу қызметтері мен сурет салудың қыр-сырын үйретіп, шеберлік жұмыстарын атқарды.
Балабақшалар әрбір жаңа оқу жылы басталған кезде оқыту-тәрбиелеу жұмыстарында қандай да бір жаңалық енгізуге құмар. «Аяжан» балабақшасында биылғы оқу жылында «Интеллектум кабинеті» ашылған болатын. Сол кабинетке келетін балалардың қызығушылығы өте жоғары. Жас педагогтарға мектепалды даярлық «Жас дәурен» тобының жетекшісі Ақтоты Қапенова осы интеллектум ойындары бойынша «Интеллектум ойындары арқылы балалардың шығармашылығын дамыту» тақырыбында ашық дәріс өткізді.
«Самұрық» ересектер тобының тәрбиешісі де «Жұлдызды сағат» атты ойынға негізделген шара ұйымдастырып, жас педагогтардың ықыласына ие болды. Трәбиеші Гаухар Шаяхметованың «Күзгі орманға саяхат» атты ашық оқыту жұмысын да балабақшаға келген қонақтар қызыға тамашалады. Балабақша ұжымының мүшелері ұйымдастырған осы шаралардың барлығына SWOT талдау жүргізілгенін айта кетейік. №44 «Үркер» балабақшасының әдіскері Алма Абежанова, №22 «Әлем» балабақшасының педагогы Нұрлыгүл Күнжақсина және №58 «Өркен» балабақшасының тәрбиешісі Райхан Жомеева талдау өте сәтті шыққанын айтып, ризашылықтарын білдірді.
Сонымен қатар №31 «Ақ сұңқар» балабақшасының тәрбиешісі Нұржамал Рахметова сурет салудың дәстүрлі емес түрлерінен жас мамандарға «Сиқырлы алақан» деп аталатын шеберлік топ көрсетті. Онда жас мамандар мақтаны бояп ою салса, енді біреулері ерлер қырынуға қолданатын кәдуілгі көпіргіш пен бояуды араластыру арқылы әдемі суреттерді салып көрсетті. Қолжетімді материалдардан суреттің барлық түрін бейнелеп берген педагогқа жас мамандар алғыс білдірді.
Гуманитарлық колледждің мектепке дейінгі педагогика және әдістемелік оқытушыс, жоғарғы санатты педагог Қапия Қасымова келген қонақтарға өз ықыласын білдіріп, семинардың ұйымдастырылу барысы туралы пікірімен бөлісті.
Сонымен қатар семинарға Нұр-Сұлтан қаласының білімді жаңғырту орталығының ұйымдастыруымен өткен «Ең үздік жас маман» сайысының жүлдегері Әсем Қанапьянова келіп, еңбек жолын енді бастап жатқан жас мамандарға өзінің шығармашылығы туралы баяндады. Сондай-ақ ол жас мамандарға еш нәрседен тайсалмай, қиындыққа мойымай, таңдаған мамандықтары бойынша талмай еңбектену керектігі туралы ойын жеткізді.
Нұр-Сұлтан қаласы мектепке дейінгі ұйымдар тәрбиешілерінің Әдістемелік бірлестік жетекшісі Гүлмира Сәрсенбаева балабақшаға келген жас мамандарға ризашылығын білдіріп, тренингтер өткізу отырып жас педагогтардың құқықтық-нормативтік білімдерінің қандай деңгейде екенін білу және мектепке дейінгі ұйымға бейімделуі туралы онлайн сауалдарға жауап алды.
Семинар соңында қонақтар осы күні өткен шаралар туралы ой-пікірлерін «Ізгі тілекпен...» альбомына жазды. Енді бірі «Көңіл ағашқа» көңіл-күйлерін білдірді.
Дәмегүл БЕЙБІТҚЫЗЫ,
№18 «Аяжан» балабақшасы